Қазақстан • 01 Наурыз, 2018

Мерейі биік Медғат

1737 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Медғат – талантты жас. Маң­ғыстау облыстық Н.Жан­төрин атындағы му­зы­калық драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреа­ты, «Еңлікгүл-2016» кәсіби сыйлықтың «Жылдың ең үздік актері» аталымы бо­йын­ша иегері, талантты теа­тр және кино актері Медғат Өмірәлиев қаза­қстандық кинорежиссер Мұрат Бидо­совтың «Тар заман» атты фильміне түсті. Алаш­ор­да­ның 100 жыл­дығына ар­нал­ған кинокартинада ол Әлихан Бөкейханның бейнесін сомдады. 

Мерейі биік Медғат

Фильм ұлттық мемлекет құ­рамыз деп, өз уақытынан оза шапқан тұлғаларға арналады. Оқиға желісі Алашорда үкіметін құру жолындағы ортақ мұратқа топтасқан алаш зиялыларының өмірінен құрылады. Басты кейіпкердің бірі Әлихан Бөкей­ханның тартысқа толы драмалық кезеңі суреттеледі. Оның ел үшін күрескен еңбегі, айналасына топталған тарихқа белгілі тұлғалармен байланысы, көзқарасы мен ұстанымы, махаббаты мен тағдыры көркемдік шешімдермен өріледі. Алашорда үкіметін құру жолында күрескен Мұстафа Шо­қай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатов, Смағұл Сә­дуақасов сынды тұлғалардың да көркем образдары көрініс табады. Алашорда үкіметін құру барысындағы тартысты пікірлер мен екі топқа бөлінген алаш зиялылары арасындағы саяси қарым-қатынас, сатқындық, мүдделер қақтығысы да көрсетіледі. Омбы мен Семейдегі оқиғалар, Алаш әскерінің құрылуы, Сталиннің Әлиханды Мәскеуге алдыртуы, абақтыдағы тергеу істері қам­тылады. Әлиханның алаш жұрты ұстануға тиісті бес ұста­нымы төңі­ре­гіндегі аманат ойларымен түйін­деледі, дейді ұйым­дастырушылар.

12 бөлімнен тұратын телехикая Алматы облысы, Жамбыл облысы, Павлодар қала­сында екі жарым ай түсі­рілді. «Қазақстан» ұлттық теле­ар­насының арнайы жобасы болып табылатын «Тар заман» теле­хикаясының толық­метраждық нұс­қасы биыл 23 ақ­пан күні Қазақ­станның барлық кинотеатрларынан қалың көрер­мен назарына ұсынылған болатын. Алдағы уа­қытта телехи­кая «Қазақстан» ұлттық теле­ар­­насының қорына еніп, қазақ­стан­дық көрермендерге көрсе­тіледі деп жоспарлануда.

– Тарихи туынды түсірілмей тұрып мен өзіміздің Н.Жантөрин театрының сахнасында ұлт көсемі Әлихан бастаған алаш зия­лы­ларының асқақ рухтарына және Алашорданың 100 жылдығына арналған Нартай Саудан­бек­ұлы­ның «Әлиханның аманаты» атты спектаклінде Әлихан Бөкейханның бейнесін сомдаған болатынмын. Сондықтан болар, режиссер Әлихан Бөкей­ханның рөлін маған беруді ұйғар­ды. Бұл туынды халықтың көңілінен шығады деген үміттеміз, – дейді М.Өмірәлиев.

Ал, кинорежиссер Мұрат Бидо­сов болса, «Мен осыдан екі жыл бұрын «Ақылдың кіл­ті, Өмірдастан» атты тарихи теле­сериалды түсірген кезде Медғаттың актерлік шебер­лігі­мен бірге физикалық тұрғы­дағы ширақтығына көз жет­кіздім. Түсірілім барысында өзіне жүктелген міндетке аса жауап­кершілікпен қарап, образды жан-жақты әрі шынайы ойнауға барын салатын. Сол кезде өзінің алдындағы аға буын актерлермен, ізін басып келе жатқан інілерімен түсірілім барысында рөлді жоғары деңгейде орындауға бәсекелесіп, ашық-жарқын мінезімен де көзімізге түсті. Жалпы, актердің сыртқы фактурасымен бірге ішкі жан дүниесі, ой-өресі тең болмаса қос қанатын кеңге жайып, алысқа самғай алуы екіталай. Бұл тұрғыдан Медғаттың қос қанаты тең деп айтар едім. Актердің осындай сергектігі, тереңдігі, жұ­мысқа деген жауапкершілігі кез келген режиссерге жақсы әсер қал­дыратыны анық», дейді актер туралы.

Бұған дейін «Кәусар», «Кү­ләш», «Қыз жолы», «Өгей жү­рек», «Ақылдың кілті-2» «Ба­луан Шолақ» сынды 10-ға жуық отан­дық фильмдерге түсіп үлгер­ген М.Өмірәлиевтің театр және кино әлемінде алар асуы биік деп есептейміз.

 

Альфия ҚАЗАҚБАЙ,

Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Маңғыстау облысы