Қазақстан • 01 Наурыз, 2018

Астанада Алғыс айту күніне орай салтанатты іс-шаралар өтті

2135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Алғыс айту күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған салтанатты іс-шаралар өтті. Оған Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА этно-мәдени және жастар бірлестіктерінің, аналар кеңесінің, қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, ғылыми-шығармашылық және зиялы қауым өкілдері, қуғын-сүргінге ұшырағандар мен Қазақстанға жер аударылғандардың ұрпақтары қатысты.

Астанада Алғыс айту күніне орай салтанатты іс-шаралар өтті

Қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен «Мың алғыс» атты салтанатты концертті ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс айту күніне байланысты халыққа арналған құттықтау хатын оқып берді. Онда қиын-қыстау жылдардағы адамгершілік пен имандылық үстемдігінің жадымызда болуы Қазақстан халқын біріктіреді деп атап өтілген. Сонымен қатар Президент мейірімділік, өзара көмек пен бір-біріне деген құрмет барлық қазақстандықтар қастерлейтін әрі мақтан тұтатын достық пен ынтымақтың бірегей атмосферасын қазақтың киелі топырағында қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айтып, Алғыс айту күнінің басты мәніне тоқталып өткен.

Президенттің құттықтау сөзін оқығаннан кейін Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымды көршілерге рахмет!» атты республикалық акциясының басталғанын, оның түрлі этнос пен діл өкілдерін, барлық қазақстандықтарды жақындастыра түсуге бағытталғанын айтты.

«2016 жылы Елбасының жарлығымен Алғыс айту күні белгіленді. Бұл мереке осымен үшінші рет аталып отыр. Бұл күні ҚХА-ның ұсынысымен жыл сайын білгілі бір акция басталады. Бүгін «Қайырымды көршіге рахмет!» деген акция басталмақ. Қазақ «Туысы жақын жақын емес, көршісі жақын жақын» дейді. Сондықтан осы акция барысында әрбір көшеде, қалада, әрбір ауылда қолдауды қажет ететін азаматтарға Ассамблея болып, халық болып, көрші болып көмек көрсетеміз», деді ол.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы көрші отырған аудандар мен қалалардың, басқа да елді мекендер тұрғындарының кездесуін өткізуге шақырды. Оның айтуынша, бұл отандастарымыздың бір-бірімен жақынырақ танысуына көмектеседі, сонымен қатар өкпе-ренішті кешіріп, игі тілек айту үшін де керек.

Сондай-ақ салтанатты жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында берген тапсырмасын орындау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚХА-ның жаңа мультимедиялық порталының таныстырылымы өтті. Таныстыру рәсіміне қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев көпшілікті Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, мереке елімізде татулық пен бірліктің үлкен нышаны деп есептеуге болатынын айтты. Сонымен қатар ол Президенттің тапсырмасы бойынша ҚХА-ның порталын Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазконтент» АҚ жасағанын атап өтті.

Порталды таныстырған «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы Евгений Кочетов Мемлекет басшысы аталған порталдың мультимедиялық мүмкіндіктеріне баса мән беруді тапсырғанын, www.assembly.kz интернет-ресурсы заманауи платформаға қосылып, мемлекеттің ресми сайттарымен байланыстырылғанын айтты. Сонымен қатар сайттың негізгі тараптары жаңаланып, заманауи стандарттарға сәйкестендірілгенін де атап өтті.

«Біз Президенттің тапсырмасы бойынша жұмыс істедік. Аталған порталда онлайн-трансляциялар мен конференциялар өткізуге болады. Сонымен қатар ҚХА мүшелері еліміздің кез келген бөлігінде отырып онлайн режімде бір-бірімен байланыс орната алады», деді Е.Кочетов. Оның айтуынша, сайт арқылы еліміздің көрікті жерлеріне, Бейбітшілік және келісім сарайына, Достық үйлеріне 3D тур ұйымдастыруға болады. Сондай-ақ сайтта көптеген медиа-жоба, интерактивті инфографика мен басқа да ақпараттар жинақталатын болады.

Салтанатты жиын барысында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов «Қазақстан халқы» атты арнайы мультимедиялық картаны таныстырды.

«Бұл карта еліміздегі ұлтаралық қатынастарды нығайтып, бірлікті күшейтуге бағытталған. «Қазақстан халқы» атты тарихи карта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жасалды. Карта үш тілде дайындалды және үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – интерактивті тарихи карта. Екінші бөлім – қазақстан халқы, үшіншісі – Тәуелсіздік дәуірі. Әлем біздің Президентіміз құрған қазақстандық ұлтаралық моделін мойындады. Болашақта картаны жаңа мәліметтермен толықтырылып отырады», деді ол.

Сонымен қатар Зиябек Қабылдинов аталған интерактивті ғылыми картаны жасауға Білім және ғылым министрлігі, ғылыми зерттеу ұйымдары, тарих, география, ІТ технология саласындағы жетекші мамандары өз үлестерін қосқанын атап өтті.

Айта кету керек, Алғыс айту күні Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлығымен бекітілген болатын. Алғыс айту күніне орай республика бойынша 3,4 мың елді мекенде 2,5 миллионнан астам адамның қатысуымен 10 мыңға жуық іс-шара өтеді деп жоспарланған болатын. Оның ішінде этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлері базасында ұйымдастыру көзделген мерекелік іс-шаралар мен қайырымдылық акциялары да бар.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР,

"Егемен Қазақстан"