02 Наурыз, 2018

Жүрек жылуы жоғалмайды

491 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеңес одағындағы 30-шы жылдар­дың соңы мен 40-шы жылдың ортасында болған қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың негізгі бөлігі бізге тоғытылды. 

Жүрек жылуы жоғалмайды

Алдымен, Қазақстанда аштық болып, халық қырылып, қырылмағаны сыртқа босып жатқан 1932 жылдың өзінде еліміздің солтүстігіне Ресей­дің батысынан, Украина және Беларусь елдерінен «бай-құлақ» деп танылған «сенімсіз элементтердің» отбасы мүшелері күшпен көшірілді. «Население СКО» атты жергілікті ғалымдар құрастырған жинақтың деректеріне қарағанда, олардың саны 172 мың адам болған. («Население СКО»., П-ск., 1993 г., с.8) Бұл тек бір облысқа келгендері ғана. Еліміздің солтүстігіндегі қазақтың үлесі неге шұғыл түрде азайып кеткен деген сұрақтың жауабын алдымен осы деректерден іздеу керек. Сосын 1941-1945 жылдардағы соғыстан эвакуация­мен келгендер, бұдан соң тың көтеру науқанымен көшірілгендер қаптады. Осының бәрі жергілікті халықтың үлесін өз жерінде барынша азайтып, айтарлық-тай деңгейде төмендеткені белгілі. 

30-шы жылдардың басында Солтүстік Қазақстанға қоныс аударушылардың есебінен Қызылжар халқының саны 84 пайызға артқан, яғни екі есе өсті деген сөз. Аш-жалаңаш келген халықты асырау үшін жергілікті кәсіпорындар кеңейтіліп, соның ішінде темір жол стансасының күш-қуаты арттырылып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Қалай болғанда да жергілікті өкімет өз халқы аштықтан қырылып жатқан тұста алыстан келгендердің аштықтан қырылуына жол бермей, қолдан келген барлық жағдайларын жасап баққан. Қудаланғандардың осыны білетін кейбір үлкендері қазір қазақ жеріне алғыстарын айтып жатады, бірақ сол нәубетті кейінгі көптеген жастар біле бермейді. 

Жалпы айтқанда, сол 30-шы жыл­дардың басында Қазақстанға КСРО-ның батысынан 250 мыңнан астам адам жер аударылған. Олар­дың көбі өнеркәсіп кәсіпорындары мен құры­лыс жұмыстарына тартылып, аш­тық­тан аман қалған. Сөйтіп бұрынғы шаруа­лардың бәрі дерлік өнеркәсіп пен құрылыс саласына жұмысқа кіріп, қала тұрғындарына айналған. Көптеп ашы­лып жатқан кәсіпорындарға мамандар қажет болғандықтан осы жер аударылғандардың үстіне кәсіби жұмыс­шылар да көшіріліп, еліміздің барлық түкпіріндегі түрлі кәсіпорындарға 1,2 млн адам тартылған. 
Қызыл империяның қысастығымен Қазақстанның үлкен түрмеге, жазалау орнына айналғанын да жүздеген тарих­шы­ларымыз бен ақын-жазушыларымыз жазды. Қуғын-сүргін жылдарында Қазақстанда 11 лагерь ұйымдастырылған. Соның ішінде АЛЖИР, ҚарЛАГ, ДальЛаг, Степлаг, Камышлаг және т.б. лагерлерге КСРО-ның барлық түкпір­лерінен өнер-білімге, ғылымға үлес қосқан дарынды адамдар, қоғамдық және саяси қайраткерлер жеткізілген. 

Соғыс басталғанда фашистік Гер­манияға бағынып кетуі мүмкін деген желеумен Ресейдің Волга бойы қалалары мен ауыл-селоларында тұрып келген барлық немістерді Қазақстан мен Сібірге көшірді. НКВД әскерлерінің тегеуірінімен мал таситын вагондарға толтырылған немістерді жас-кәрісіне, ауру-сауына қарамай қазақ жеріне тоғытты. Соңғы деректер бойынша, олардың жалпы саны 800 мыңдай адам болған екен. Осылардың үстіне КСРО-ның еуропалық бөлігінен 102 мың поляк және Қиыр Шығыстан 100 мыңға жуық корей отбасы жеткізіліп, Қазақстанға күшпен қоныстандырылды. Ол аздай 1944 жылы Солтүстік Кавказдан чешен-ингуш, қара­шай-балқар халықтарының өкілдерін көшірді. Олардың саны соңғы деректерге қарағанда 550 мыңдай адам болған. 

Осының бәрін етек-жеңі кең Қазақ жері мен халқы қарсы алып, қолы­нан келген жылуын жасап бақты. АЛЖИР-де болған соның бір мысалын бертінде біліп, өз халқымыздың жүрегінің жылылы­ғына таңырқап едік. Жалаңашкөл деген жерге қамыс дайындату үшін айдаумен бара жатқан қыз-келіншектерге өтіп бара жатқан қазақ балалары тас лақтырады. Айдауыл жендеттер бұған мәз болып, сендерді жас балаларға дейін жек көреді деп одан сайын қорлайды. Жазықсыз нәзік жандылар бұл қорлыққа тек көз жастарымен жауап береді. Алайда балалар оларға тас емес, аз да болса көмегіміз тисін деген оймен ас лақтырған екен. Тас деп жинап алғандары құрт екенін лагердегі қазақ әйелдерінен білгендер балалардың мейіріміне керемет таң қалады. Лагерь тұтқыны Гертруда Платайстың сол әңгімесін ақын Ғалым Жайлыбай өзінің «Қара орамал» атты поэма-реквиемінде айтқан... 

Қазақ халқының мейірі мен жан жылуын жер аударылғандар мен жазықсыз түрмеде болғандардың ұрпақтары ұдайы еске алады. Бүгінгі Алғыс айту күнінде де олардың бірқатары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып та жатыр. Әлі де талай айтылып, ұрпақтан ұрпаққа қазақ жүрегінің дархандығы жете берер деген үміттеміз. 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»