Қазақстан • 02 Наурыз, 2018

Жан тазарған кеш

503 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан 2 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен елімізде Алғыс айту күні жарияланғаны белгілі. Шын алғыс жүректен шығып, жүрекке жетеді. Жанға жылылық ұялатып, жақсылық атаулыға жол ашып, жамандықтың жолын кеседі. Ал алғыс мың жүректен, мың алғыс болып шықса ше? Ол мүмкін екен, оны көз көрді.

Жан тазарған кеш

Күйеуі қайтыс болып, шиттей 7 баламен қалған жесір әйел қайтеді? Қай жерде табыс көзі молдау, қай жерде тіршілік ету оңай, енді не істеймін деген сан сауал алдынан шыққанда Қырғыз­стан азаматы Раиса Лесковская Қазақ­ста­н­да жағдай жақсы дегенді естіп, шекара асады. Сөйтіп жүргенде құжатын жоғалтып, еліне қайта алмай қалады. 22 жыл бойына құжатсыз тірлік еткен Раиса апайдың жадынан балалары бір сәтке шыққан емес. Алматы облысының «Суықсай» ауылын паналаған оның жанына батқан мұңын «Бармысың бауырым» бағдарламасына да ауылдасы жазыпты. Раиса апайға: «құжатыңызды жасау үшін Астанаға баруыңыз керек», дейді журналистер. «Қазақстан» орталық концерт залындағы «Мың алғыс» қайырымдылық кешінде сахна төріне шығарып, «сізге айтар жақсы жаңалығымыз бар, Бішкектен балаңыз бен ініңіздің әйелі келіп тұр», дегенде, байғұс ана селк ете қалды. Сол сәттегі ана жүрегінің дір етуімен залда отырған сандаған көрермен көзіне мөлтілдеп жас тірелген. 22 жыл бойына аңсарлы ананың қам көңілінде, пәс кеудесінде толған запыран сахна төрінде де, зал ішінде де жас болып төгілді. 

Кіреукеленген жанардағы мұң тұма­ны сейілді, жарқ еткен жасын қуаныш Қырғызстанның Қазақстандағы елшілі­гінің консулы Алмазбек Куанышбекұлы Раиса Лесковскаяға жеке басын растайтын анықтаманы табыс еткенде жұрт­шылық шексіз риза болды.

Қызылордалық Назерке Қадірова да «Жан жылуы» бағдарламасының алғашқы кейіпкерлерінің бірі болыпты. Жары екеуі қайтсек жыртығымыз­ды жамаймыз деп 7 бала және мүгедек ағасымен 1 бөлмелі пәтерді паналап келіпті. Және ересек мүгедекке қоса 4 бірдей баласының да денсаулығы нашар. Басыңа тартсаң аяғыңа жетпейтін, күрмеуге келмес қысқа жіптей осы өмір бағдарламадан кейін өзгерді. Назеркенің жай-күйін естіген қызылордалық кәсіп­кер, құрылыс компаниясының басшысы Темірхан Әлімқұлов көп балалы отба­сына үш бөлмелі пәтерді сыйға тартқан.

Жұрт жаппай қалаға көшіп, осының салдарынан оқушы азайғандықтан көп ауылда мектеп жабылғаны белгілі. Мектеп жабылған соң талай елді мекен­нің тоз-тозы шыққанын да білеміз. Ақмола облысы Қошқарбай ауылы осы тұр­ғыда көпшілікке үлгі етер елді мекен­нің бірі дер едік. Неге дейсіз бе? Олар қайырымды істі қолға алып, осының арқасында бір емес бірнеше әлеуметтік мәселенің шешім табуына мұрындық болып отыр. Бәріне бастамашы болған Қайыркен есімді азамат «Балалар үйінен бала асырап алсақ қайтеді?» деп ұсыныс жасайды ол ауылдастарына. Біріншіден, қамкөңіл балалар жан жылуын тапса, екіншіден, ауылдағы бала саны молаяр еді. Ауылдастары оның бұл ойын құп­тайды. Осылайша қошқарбайлық 6 отбасы 11 баланы бауырына салады. Айт­пақшы алғашында 10 бала еді. Бірақ бір үйге бала болған ағалы-қарын­дасты балалар басқа бір балалар үйінде кішкентай қарындасының да тәрбиеленіп жатқанын айтқан. Артынша бауырларды бір-бірінен айырмауды ойлаған ата-ана қыз баланы да алып келеді.

Дүрдана қыз әнші екен. Сыңғырлаған дауысы қандай үнді, қандай әуезді еді?! Сахнадан Гүлнұр Оразымбетовамен бірге ән шырқап тұрған Дүрдана Хаби­бол­ланың көзінде көзілдірігі бар. Көзіл­дірік Дүрдананы бұған дейінгі тас қараң­ғы әлеммен қоштастырды. Бұл оның арманының орындалған сәті.
Егер «Жан жылуы» бағдарламасынан Дүрдананың басындағы қиыншылық айтылып, зағип қыздың жанарына операция жасауға қажетті 2 миллион теңге қаржы жиылмағанда Дүрдана бұлай ән сала алмас еді. Туғаннан қос жанары жанбай, маңайындағы дүние­нің түр-түсінен хабарсыз Дүрдана 14 жасы­на дейін «Анамның жүзін бір көр­сем деп армандаймын. Маған жауын­ды күнгі айнала өте әсерлі сияқты көрі­неді. Ас­пан­дағы бұлттарға қараған кере­мет тәрізді», деп айналасын көзімен емес, қиялымен ғана бағамдайтын. «Опе­ра­­циядан кейін көзәйнек арқылы анам­ның жүзін көргендегі қуанышымды сөз­бен айтып жеткізе алмаймын, бүгінде орын­далмайды-ау деген армандарым жүзе­ге асуда. Дәрігерлер көруің бұдан да жа­қ­с­ара­ды дейді. Анамның жүзін кө­рдім.Үлкен сахнада енді міне, Гүлнұр әпке­мен бірге ән салдым, бақыттымын», дейді. 

Кештің негізгі мақсатының бірі ту­ған­нан зағип 1 жастан енді асқан Арман атты балдырғанға Ресейде операция жасауға қажетті 2 миллион теңге жинау болатын. Залда отырған Полатбек Жоланов атты азамат Арманның барып келетін жол ақысын көтеретін бо­лып шықса, Қайрат Жолдыбайұлы мен Ербол Дайраш кішкентай сәбидің еміне қа­жетті қаражатты түгелдей көте­р­е­­­­ті­­нін жеткізгенде зал дүр ете түсті. Бал­дыр­ғанның бір көзіне операция жасау­ға 2 млн теңге керек екен. 

Пенде әркез тойымсыз. Бары аздай, жетістігі жетімсіздей, табысы толымсыздай көрініп жататыны бар. Ал кешегі күні концерттен шыққан әр пенде Жаратқаннан кешірім сұрап, сабырсыздықтан, тойымсыздықтан жасаған қателіктерім болса кеше гөр, артық айтқан сөзім болса, орынсыз жасаған ісім болса кеш, 12 мүшем сау болып, жарық күнді, мына әлемдегі барлық ризықты аямай беріп, ақы сұрамаған кеңшілігіңе шүкір, тәубә деп тарасқандай. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»