02 Наурыз, 2018

Ауруды асқындырмаса, азаяды

476 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары денсаулық сақ­тау саласы мекемелерінің қыз­мет көрсету сапасына сын айту­шылар көбейгені жасырын емес. Соның бірі дәрігерлердің ауы­рып алдына келген адамды бірі­нен-біріне сілтеп, сандалтуына ­қа­тысты. Қазір қай емханаға бар­са­ңыз да топырлаған адамды кө­ресіз. Статистикалық деректер бұл са­ла­дағы көрсеткіштердің жақ­са­рып келе жатқанын айтады. Енд­еше кезектің азаймауының себебі неде?

Ауруды асқындырмаса, азаяды

Себеп түсінікті дерсіз. Ауру көп. Алайда байқасаңыз біз мәселенің беткі жағына ғана назар аударып қоя саламыз. Рас, қазіргі кезде қаладағы қай емханаға барсаңыз да сапырылысқан адам көп. Мұны көріп ем іздеушілер көп екен дейсіз. Бұл аз десеңіз, тіркеу орнында қап­тап тұрған бір топ адамды тағы көре­сіз. Дұрыс қой дейсіз іштей тағы, емханаға қаралу тәртібі сапалы болған соң жұрт көптеп келмегенде қайтеді енді?! Сол оймен өзіңіздің учаскелік дәрігеріңіз қабылдайтын бөлме алдына жетесіз. Мұндай бөлмелердің бірнешеуінде түрлі ауруды қарайтын салалық дәрігерлер отырады. Бірақ солардың кез келгенінің алдында тағы да иін тірескен адам. Сосын ауруыңыз жанға батса да, айналадағы барлық адам өзіңізбен мұндас болғандықтан, кезек күтуге тура келеді. 

Бірақ кезек жылжымайды. Ал уақыт сырғып өте береді. Учаскелік әр дәрігердің науқастарды қарайтын бел­гіленген кестесі бар. Сол кесте уа­қы­­ты азайғанда жанталас басталады. Кезек жылжымайды дейтіндей дәрігер бос отырған жоқ. Олардың бөлмелері улап-шулаған, қызу қайнаған бір базар дерсіз. Біреулер қайта-қайта кіріп, шығады. Іште дәрігер ауыр науқасты қарап отыр-ау дегенді ешкім қаперге алмайтын секілді. Әсіресе мұндайда бір бөлмеден екінші бөлмеге кіріп, шығудан ақ халаттылардың өздері шаршамайды. Кіреді, шығады. Және ақ халаттылардың бір-біріне деген сұрақтары да таусылмайды-ау. Қараушы дәрігердің көп уақыты осыған кетеді. Ал уақыт шіркін өтіп жатыр. Шықпа жаным, шықпа деп тақымын қысқан науқастардың да төзімі үзілерге таяйды. Ақыры кезек келеді. Бұл кезде кесте уақыты да аяқталуға таяйды. Асыққан дәрігер науқасты қараған болып сұрақ-жауап алып, жеделдете қағазға бірдеңені жазады, сол тұста қасына келген әріп­тес­теріне жауап қайтарып үлге­ре­ді, шыдамы таусылып, баса-көктеп кіре қалған өзге науқастарға дауыс көтеріп сөйлеп те қояды, сол айқай-шудың арасында монометрмен қан қысымын да, жүрек соғысын да, өкпе тынысын да тыңдап алады, сөйтіп науқасқа өзге сала дәрігерлері алдынан өтуге, қан, дәрет тапсыруға т.б. бір бума жолдама береді. Сосын бара беріңіз, пәлен күні келесіз дейді. Түк түсінбей науқас есіктен шығады.

Ал әлгі бір бума жолдама алған адам не жүрегін, болмаса бауырын, өкпесін, асқа­занын т.б. әйтеуір, бір ішкі құрылысын тексертуі тиіс. Мұндай құрылғылар тексерісінен өту үшін алдын ала тағы жазылу керек. Бірақ мысалға дейік, көзі, омыртқасы, асқазаны т.б. ауырған кез келген адам сол сәтте-ақ қабылдауға жазыла алмайды. Өйткені не дәрігер маман жоқ, не аппарат тапшы. Жолдама алып, басқа емханаларға бару керек. Онда тағы кезек. Қайтып келген соң тағы кезек. Ауруы асқынып, хал-жағдайы нашарласа ғана жедел жәр­дем шақыртылады. Ал бұл кезде қара­лам дейтін адам қарасы көбейе береді. Сөйтіп не керек, кезек саны тағы ұзара түседі.

Мұндай ығы-жығы, ыю-қию жағдайда науқастың шынайы дертінің сырын оны қараған дәрігер де біліп бола алмайды. Себебі науқас емханаға келіп, әр дәрігерде ұзақ кезекте тұрып, сарғайып, ақыры әйтеуір, қаралып болғанда нақты қол жеткізетіні – қыруар ақша шығарып үйме-жүйме сатып алған дәрісімен ғана бетпе-бет қалуы. Ол дәрілер біткенше аман болса жақсы, өйткені қосымша қосылған жаңа ауруына жаңа ем іздеп емханаға қайта жүгіруі де бек мүмкін. Сосын ығы-жығы, ию-қию жайлаған пайдасыз кезек, қаралу, тексерілу қайтадан басталады. Сөйтіп ауруын бір рет қаратқан адам емханаға кейін сан мәрте барады. Және солар ешуақытта бітпейтін кезекті қалыптастырады да тұрады. Сондайда аурулар қарасының көбеюіне жол бермес үшін олардың дертінен айығып кетуіне жасалынуға тиіс жағдайды әр емханада нақты жолға қойса дерт асқынбас па еді дейсіз. Бірақ бұл айтылудай-ақ айтылып келеді ғой. Ал нәтиже қайсы?

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»