Әдебиет • 02 Наурыз, 2018

Самал Соқпақбаева. Озық тәржіма – қайта жазылған кітап

510 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аударма өнері шығармашылықтың мейлі ол техникалық, я көркем болсын маңызды бөлігі. Тәржімасыз әлем қалай дамитын еді деген сұрақты қоюдың да керегі жоқ шығар... Өркениеттің бар жетістігін, ғылымның жаңалығын, мәдениет пен техниканың өрісін әлем аудармашылар арқылы біліп, сезініп отыр. 

 

Самал Соқпақбаева. Озық тәржіма – қайта жазылған кітап

Мәдениеттердің диалогы – тек аударма арқылы жүзеге асатын құбылыс. Ал нақты көркем аударма туралы айтсақ, ол болмаса: әлем Шекспирді, Дик­кенсті, Пушкинді, Тол­стой­ды, Чеховты, Абайды, Әуе­зовті, Соқпақбаевты, Айт­ма­товты, Коэльоны таныр ма, та­нымас па еді?!. Өкінішке қа­рай, қазір аударманың өнер дәрежесіндегі маңыздылығы төмендеп кетті. Аз оқып, білім­ге ұмтылу жоқ. Жалпы ұлт­тың білім деңгейі қай шама­да деген сұрақты төтесінен қоюдың өзіне жүрексініп қал­дық. Се­бебі, түсінікті... Сол се­бепті де аудар­машылардың жұ­мы­сы бүгінгі күні тек ресми қа­ғаз­дар­дың төңірегі болып қалды. 

Көркем аударма – тәр­жіманың ең қиын түрі. Ол тек қана екі тілді жетік білуді ғана талап етіп қоймайды, сонымен қоса соавтор бола алатын дәрежедегі жазушылық қабі­лет, түйсік керек. Аудар­мада тек мағынасын жеткізіп қана қоймай, рухын, даусын, сезімін, автор ұстанымын да ұс­тай алу маңызды. Қанша өз ісінің маманы болса да, кез келген жақсы аудармашы көркем шығарманы қотара алмайды. Ал керісінше, көркем аударманың шебері қандай техникалық мәтінді аударса да сауатты істейді. 

Озық тәржіма – қайта жа­зылған кітап деп тегін ай­тыл­маған. Қарапайым, көркем аудар­маға жатқызуға болмайтын сөзбе-сөз аударманың өзі – ауыр, машақатты жұмыс. М.Шахановтың, Ш.Айтма­тов­тың, өзім­нің әкемнің кітап­та­рын аударғанда шығар­маның әр бетін қайта-қайта қараумен, тексерумен болдық. Бұл әй­гілі қаламгерлер өздері де аудар­маға мұқият қарап, ынта-шынталарымен ықылас қойды. Нағыз шығармашылық жұ­мыс деп сол кезді айта ала­мын. Алдымен менің аудармаларым үлкен конкурс­та жеңіп шығып, содан кейін осы қаламгерлердің шығар­маларын тәржіма жасау маған бұйырғанын мақтанып та айта аламын. Аударма екі жаққа да ұнады. Аудармаға бар көңілін қоятын тағы бір жазушы бар. «Жалын» баспасында қызмет етіп жүрген кезімде маған қадір­лі жазушымыз Әбді-Жә­мил Нұрпейіс хабарласты (Директор Қ. Найманбаевтың ай­туымен). Г.Бельгер ол кісі­нің ұзақ уақыт жеке аудармашысы болғаны көпке мәлім. Әбекең мені үйіне шақырды. Кабинетіне кіріп, жайғасқан соң, «Қан мен тер» романының жаңа жазылған жалғасының бір­неше бетін аударуымды сұ­рады. Ол кезде Г.Бельгер же­ке шығармашылығынан қо­лы тимей, Әбекеңе жұмысты жалғастыру үшін жаңа аудармашы қажет болыпты. Бірнеше сағат отырып аударған бет­терді Әбекең мұқият оқыды, ұнатты. Өзінің аудармашы­сы бо­луымды сұрады. Өкініш­ке қа­рай, мен бас тарттым, өйт­­кені ол кезде (кеңес зама­нын­да) тұрақты, ресми жұ­мы­сыңды тастау ыңғайсыз кө­рінетін. Аудармамен қазір де шұғылданамын, бірақ шығар­машылық ләззатты өте сирек сеземін. Жазушы аш кезінде жа­­зу керек деп жатады ғой. Бі­рақ біздің осы заманымыз та­қы­рыпқа бай, неге үлкен шы­ғар­малар жазылмай жатыр, білмеймін...

Самал СОҚПАҚБАЕВА, 
аудармашы