Медицина • 02 Наурыз, 2018

Мемлекеттен тегін берілетін дәрілер сатылып жатыр...

879 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде әртүрлі созылмалы сырқаттар бойынша диспан­сер­лік есепте тұрған 2,5 млн адам тегін дәрі алады. Бұл – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде мемлекеттің науқастарға жасап отырған бір қолдауы. Алайда бұл дәрілердің бәрі бірдей иесіне уақтылы жете бермейді. Себебін сұрай қалсаңыз, емдеу ме­кемелері гәптің бәрі тендерде екенін айтып құтылады. Бұған халық шынымен де сеніп жүрген. Сөйтсек тегін дә­ріні сатып, науқастың үстінен күн көріп жүргендер де бар екен.

Мемлекеттен тегін берілетін дәрілер сатылып жатыр...

Жақында Астана қаласының медицина саласындағы түйткіл­ді мәселелері көтерілген алқалы жиында Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов  тегін дәрі-дәрмек алды деп көр­се­тіл­ген кей науқастардың  шын мәнінде ешқандай дәрі алма­ғанын айтып қалды. Министр бюджеттің ақшасын талан-та­ражға салғандар жазасыз қал­май­тынын жеткізді. Дәл осы мәселе дүйсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі ала­ңын­да өткен 2018 жылға дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету мә­се­лесіне арналған брифингте де сөз болды.  Осыған байланысты жур­налистің сауалына жауап берген «Дәрілік заттарды, меди­ци­налық бұйымдарды және тех­никаны сараптау ұлттық орталығы» бас директорының орын­басары Арнұр Нұртаев ми­нистрдің сөзін растап, тегін бе­рі­луге тиіс дәрілер сатылымға шы­ғарылғанын, мұндай жүзге жуық дерек анықталғанын мойындады.  Оның айтуынша, мемлекеттен тегін берілетін дә­рілер науқастың атына жа­зыл­­ғанымен, шын мәнінде иесі ол препараттарды алмаған. А.Нұр­таевтың айтуынша, қазір­гі таңда мәселенің мән-жайы анық­талып жатыр. «2017 жылы екі миллионға жуық дәрінің рецепті берілген. Екі миллион рецептің тиісті адамына толық көлемде  жеткен-жетпегенін тексеру үшін бірталай уақыт қажет. Министр науқастарға бе­рі­лген барлық рецепт бойынша са­раптама жүргізуді тапсырды. Әзірге жүзге жуық дәріні бер­мей қалу оқиғасы расталды. Тексеру әлі де жалғасады. Айып­тыларды тиісті органдар анық­тайтын болады», дейді А.Нұртаев. 

Осылайша дәрі-дәрмек са­ла­сындағы тағы бір былықтың бе­ті ашылғандай болды. Ден­сау­лығы дімкәс, өздері дәрінің кү­ші­мен әупірімдеп әрең жүрген нау­қастардың үстінен күн көріп, дә­рілерін дәріханаға сатылымға қоя­тын пасықтар бар болып шықты. Ал жұртшылық өздеріне тиесілі дәріні уақтылы ала алмай, кейбіреуі амалсыздан қал­тасынан ақша шығарып сатып алып қиналып жүр...

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында тағы бір мәселе бар. Қазіргі дәрілік препараттар оригинал және генерик бо­лып екіге бөлінеді. Тендер ар­қылы келетін дәрілердің көбі генерик дәрілер, яғни негізгі әсер етуші дәрінің көшірме нұс­қа­сы. Брифингте А.Нұртаев екі дә­рінің бір-бірінен ешқандай айыр­машылығы жоқ екенін, қау­іпсіздігі, тиімділігі жағынан бір­дей екенін айтты. Тендер ар­қылы көбіне генерик дә­рі­лердің келетіні – оның баға­сы әлдеқайда арзан. Бірақ дәрі­гер­лер неге мемлекеттен тегін берілетін дәрілер тізіміне енген препараттарды пайдаланбай, науқастарды оның аналогы болып табылатын басқа дәрілерді сатып алуға кеңес береді? Бұл жердегі мәселе, не әлгі генерик дәрілер сапасыз болып тұр, не ауруханалар мен емханалар тегін берілетін дә­ріні сатып тауысып, оны нау­қас­тардың есебінен өндіріп ала­ды­. Біз бұл сауалды брифинг ба­рысын­да «СК-Фармация» ко­м­­п­а­ниясының бөлім басшысы Батыйхан Алдановқа қойдық. Оның айтуынша, қалпына кел­тірілген генерик дәрінің тиім­ділігіне күмән келтірмесе де болады. Дәрігерлердің нау­қас­тарға басқа дәріні жазып беру себебі, олардың санасын­да түп­нұсқа дәрілердің әсер етуі жоғары деген түсінік қалып­та­сып қалғаннан болуы керек.  

Қазіргі күнде республикада 49 ауру бойынша 400-ден астам дәрі  2,5 млн пациент­ке  тегін беріледі. Тегін жә­не жеңілдікпен берілетін дә­рі­лермен қамтамасыз ету жүйе­сі елімізде 2005 жылы іске қосылған. Бағдарлама жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Тегін дәрі созылмалы ауруларға, яғни жазылмайтын сырқаттарға, тек дәрінің күшімен ғана жүре­тін­дерге беріледі. Мұндай ауру­лардың алғашқы тізімінде қант диабеті тұр. Екіншісі – артериялық гипертензия болса, үшіншісі онкологиялық және қан ауруларына берілетін препараттар. Міне, осындай күрделі нау­қастарға берілетін дәріні са­­ты­лымға шығарып жүргендер қатаң жазалануы тиіс.  

Жалпы, биылға бірыңғай дис­трибьютордың тізімі бойы­нша 151,59 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің 1037 атауы са­тып алынған. Бұл меди­ци­на­лық ұйым­дардың жалпы қа­жет­ті­лі­гінің 88 пайызын құрайды. 2018 жылға сатып алу кезінде 17 млрд-тан астам теңге үнем­дел­ген, жыл соңына дейін бұл сан едәуір өсетін болады. Үнем­дел­ген қаржы қосымша дә­рі-дәрмек сатып алуға бағыт­тал­мақ. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»