Азия-Тынық мұхит аймағы киноөндірушілер федерациясын 1954 жылы Гонконгтың танымал кинематографисі, меценат, медиамагнат, Қытай киноөндірісінің бастауында тұрған Шау Ифу құрған. Федерацияның негізгі бағыты – киноөндірісті дамытудағы ықпалдастық, Азия-Тынық мұхит аймағындағы елдер киногерлері арасында достық қарым-қатынасты нығайту, сонымен қатар, Азиядағы ең ірі кинофестивальді дәстүрлі түрде өткізіп тұру. Кинематографиясы дамыған, әлем мойындаған Жапония, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Кореямен қатар, федерация құрамына, киноөнері қарқынды дамып келе жатқан Аустралия, Жаңа Зеландия, Малайзия, Таиланд, Вьетнам, Индонезия, Сингапур, Филиппин, Иран, Пәкістан секілді 24 мемлекет мүшелікке енген. Қазақстан кинематографистері үшін бұл жаңаша даму, жаңа бағыт. Бұл киноөндірістегі жаңа технологияларды игеру үшін және федерация мүшелігіндегі елдермен бірлескен жобаларды іске асыру арқылы сол елдің кинонарығына ену үшін таптырмас мүмкіндік.
Айта кетелік, соңғы жылдары халықаралық ынтымақтастық бағытында киностудия бірнеше жобаны орайлы жүзеге асыра бастады. 2017 жылы «Қазақфильм» үндістандық кинематографистермен бірлескен жобаны іске асырған болатын. «Қазақфильмнің» қатысуымен еліміздің көрікті жерлері көрініс тапқан режиссер Сачиндра Шарманың «Love you family» атты туындысы алғаш рет тек қазақ тіліне тәржімаланып, «Туған үйім – тірегім» атты атаумен отандық кинопрокатқа жіберілді.
Сондай-ақ киностудияның өндірісінде Азия-Тынық мұхит елдері киноөндірушілері федерациясына тағы бір мүше мемлекет – Қытаймен жобасы бар. «Композитор» фильмі Екінші дүниежүзілік соғыста Алматыда өмір сүрген қытайлық композитор Си Син Хай мен қазақтың ұлы композиторы Бақытжан Байқадамовтың достығы туралы баяндайтын көркем туынды.
Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің киноөндірушілер федерациясына мүше болу «Қазақфильмге» бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл киностудияның басымдық беріп отырған бағыттарының бірі.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ