Аймақтар • 04 Наурыз, 2018

Қызылорда облысында заңсыз жолаушы тасымалдаушылар саны артты

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында заңсыз жолаушы тасымалдаушыларды анықтау мақсатында рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1408 заң бұзушылық анықталды, 5 тасымалдаушы айыппұл төледі.Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев және облыстық әкімшілік полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек Құлмағанбетов мәлімдеді.

Қызылорда облысында заңсыз жолаушы тасымалдаушылар саны артты

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаевтың айтуынша, соңғы жылдары Қызылорда қаласы және аудан орталықтарында жолаушыларды заңсыз тасымалдаушылардың саны артты. Мәселен, 8 және 11 орынға лайықталған "Хундай Старекс" (Оңтүстік Кореядан шығарылатын) маркалы 100-ге жуық автокөлік иелері Шиелі кентінен Қызылорда қаласына жолаушыларды заңсыз тасымалдап келген.

"Бұл азаматтардың қызметінде қауіпсіздік шаралары сақтауға қатысты өрескел заң бұзушылықтар бар. Біріншіден, оларда сақтандыру полистері, екіншіден, жолаушы тасымалдауға арналған лицензиялары жоқ. Көліктері тасымалдаушылар реестріне енгізілмеген, маршрут бағыты мен уақыты нақтыланған график жоқ. Жүргізушілер медициналық бақылаудан, ал көліктері техникалық тексерістен өтпеген. Сондықтан, мұндай тасымалдаушылар адамдардың өміріне үлкен қауіп тудырады", - деді Ерлан Жаңабаев.

Заңсыз тасымалдаушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

"Біз тасымалдаушылармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Оларға заң талаптарына сай жұмыс жасау үшін жыл соңына дейін автокөліктерін ауыстыруға уақыт бердік. 16 орынды автобус болуы қажет. Сонымен қатар, осы уақытта олар барлық құжаттарын заңға сәйкес реттеуі керек. Олардың көліктерін несиеге алып, отбасын асырап отырғандығын ескеріп түсіністік танытттық", - деді Ерлан Жаңабаев.

Облыстық әкімшілік полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек Құлмағанбетов жыл басынан бері аймақта атқарылып жатқан рейдтік тексерулер туралы айтты.

"ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес 2018 жылдың 22 қаңтарынан 18 ақпан аралығында "Автобус" шарасы өткізілді. Нәтижесінде 1408 заң бұзушылық анықталды. 27 ақпан мен 1 наурыз аралығында жергілікті полиция қызметі, облыстық жолаушылар көлігі және автобомиль жолдары басқармасы және көліктік бақылау инспекциясымен бірігіп рейд өткіздік, тасымалдаушыларға түсіндірме жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде 5 заңсыз тасымалдаушы айыппұл төледі. Олардың ісі республикадағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес санкциямен сотқа жолданды", - деді Айбек Құлмағанбетов.