Күрес • 05 Наурыз, 2018

Гүзел Манюрова: Еңбексүйгіштік таланттан да маңыздырақ

630 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Спорттық ғұмырында үш Олим­­пиадада жүлде алса, ал Қазақ­стан­да Олимпиаданың екі дүркін жүл­дегері атанған Гүзел Манюрова енді бар білген-түйгенін күрестің дамуы жолында жұмсамақ. Егер жос­парларын жү­зеге асырып үлгер­се, Маню­ро­ва­ны Токио олим­пи­ада­сы­ның боз­кі­лемінен көруіміз әбден мүм­кін.

Гүзел Манюрова: Еңбексүйгіштік таланттан да маңыздырақ

– Бозкілемді жұмсақ креслоға айырбастау қиынға соқпады ма?

– Жо-ға, бұған дейін бас бап­кер­лік қызметте болдым ғой. Бұл лауазымның бапкерліктен айыр­машы­лығы ауқым­ды­лы­ғында. Бас бапкер негізінен құрамаға жау­ап береді, оның өңірлерді аралап, жас спортшыларды іздеуге, жер­гілікті бас­шылықпен, мамандармен кездесіп, келіс­сөздер жүргізуге уа­қыты жоқ. Одан қалды толтыруға тиіс баянаттар мен күнтізбелік жос­парлар секілді құжаттары да көп. Сондықтан бас бапкерлікпен өзімнің бозкілемдегі даярлығымды қатар алып жүру маған қиынға соқты. Ал жаңа қызметімде жүріп-ақ, күресті жалғастырамын десем, жаттығу жасауыма уақыт та, мүмкіндік те табылады.

– Бұл енді сізді жанкүйерлер әлі де жарысқа қатысушы ретінде кө­ріп қалуы мүмкін деген сөз ғой?

– Бүгінге дейін өмірімнің саналы бөлігін спортқа арнағандықтан, спорт залдарына баруды доғар­майтыным анық. Қыздардың жат­тығуларына да қатысып тұра­мын. Өздеріңіз білетіндей, аңыз спорт­шы Дәулет Болатұлы да уақы­ты­ның тығыздығына қарамастан балуандардың дайындық жұмыс­тарына арнайы келіп, өз тәжірибесін бөлісіп отырады.

Әлемдік күрестің Азиядағы дамуына жауап беретін Дәулет ағаның арқасында ережелердің қолайлы болуына атсалысып жатырмыз. Мен де әйелдер күресі бо­йынша комиссия мүшесімін. Бапкерлер, мамандардың барлығы жан-жақтан өтініш жазуда. Осының бәрін халықаралық ұйымға жеткізіп, олар өз кезегінде дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз. Ойымыз жүзеге асып жатса, Токиода қыздарға неге көмектеспеске?!

– Қай салмақта күресуіңіз мүмкін?

– Лондонда 72 келіде бақ сынасам, Риода 75 келіде өнер көрсеттім. 76 келі Олим­пиялық салмақ саналады. Маған ың­ғайлысы осы.

– Жұбайыңыз әрі бапкеріңіз бұл шешімді қалай қабылдады?

– Ол мені қай кезде де қолдап келеді. Спортшыға жеке өмір мен спортты қатар алып жүру оңай емес. Ойың сан-саққа бөлініп, не анда, не мұнда жоқ болып жүруің мүмкін. Ана атанып, спортқа оралатын қыз­дар бар. Әркім өз мүмкіндігіне қарайды ғой. Бірақ бұл өте қиын. Әзірге баламыз жоқ. Бұдан былай жеке өмірге, отбасыма көңіл бөлуге уақыт табылатын болады. Жарақат та көп. Ал жұбайым өзге спортшыларды жаттықтырып жүр. Мен де күрестен кеткен жоқпын, көмек қолын созуға қашан да дайынмын.

Вице-президент ретінде ірі, ма­ңызды жарыстарға қатысуға мін­деттімін, бірақ спортшы секілді тоғыз ай бойы жаттығу залында жүрмеймін. Рио Олимпиадасынан соң туған-туыстарды көріп, қонаққа бардық, біраз дем алып, күш жинап алдым. Енді Токио олимпиадасына дейін көп шаруа күтіп тұр.

– Өзгерістерге қатысты жос­па­рыңыз да бар шығар. Енді солар туралы айтсаңыз...

– «Адамның емес, Алланың айтқаны болады» дейді. Біз тек осылай жасасақ деп жоспар құрып, ниеттенеміз. Бұйыртса, менің бұл қызметке келуім еліміздегі әйелдер күресіне жаңа дем береді деп ойлаймын. Күреспен шұғылдануға, бапкерлікке қыздардың мейлінше көбірек келгенін қалаймын. Өз басым қолдау көрсетемін. Күрес пен боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастаймыз деудің тағы бір себебі Халықаралық олимпиада комитеті гендерлік саясатқа қатты көңіл бөліп жатыр. Сондықтан әйелдерді де төртжылдықтың бас додасына апа­ру­ға шешім қабылданды. Ендеше танымал балуандардың жоғары лауазымды қызметке тағайындалуы ХОК алдында да мәртебе. Әзірге күреске келетін қыздар саны көңіл көншітпейді. Ол үшін алдымен балалар бапкерлерінің біліктілігін арттыру қажет. Су түбінде жатқан бағалы тасты көретіндер – осы балалар бапкерлері. Сол кез­де ғана сырттан спортшы алдыр­май, өз «өнімдерімізбен-ақ» мық­тылығымызды мойындата аламыз. Әзірге бұл салаға жақсы деген баға қоя алмайсың.

– Бапкердің біліктілігін арттыру үшін алдымен оны осы қыз­метке тарту керек шығар. Се­бебі біздегі мамандар айлықтың төмендігін, жағдайдың жоқтығын айтып, отбасын асырау үшін басқа салаға кетіп жатады. Бұл мәселені шешудің жолдары қарастырылып жатыр ма?

– Менің ойымдағыны дөп бас­ты­ңыз. Күресті дамытуды аймақ­тардан бас­тау керек. Себебі ірі қалаларда балалар қатысатын үйірмелер онсыз да көп. Бокс федерациясы кезінде осы үрдіс бойынша жұмыс істеп, қазір қай өңірде болсын бәсеке мықты әрі күреспен шұғылдануға аса көп қаражат кетпейді. Оның үс­тіне таңнан қара кешке дейін ты­ным таппайтын ауыл балалары күрес, бокс секілді қиын спорт түріне бейім келеді. Бір бозкілем берсең, сол бозкілемнен-ақ талай дарынның шығатынына куә боласың. Ауылдағы төменгі күнкөріс деңгейі қаладан аз екендігін ескерсек, кететін шығын да төмендеу болады. Басымдықты ауыл-аймақтарға беру керек дейтінім сол.

– Бүгінде АҚШ немесе Еуропа елдерінде спорттың жаңа түрлері шығып жатыр. Күрестің, әсіресе, қыздар үшін тартымдылығы жоқ деп санайтындар бар. Сіз бұған не дейсіз?

– Әр елде адамдардың таби­ғатына, жер­­гілікті ел, жерге, ата-баба дәс­түріне сай спорт түрлері бар. Біз­дің елде бұлар – кү­рес пен бокс. Қазақ – қашаннан күресіп келе жат­қан халық. Көркем гимнастика­мен шұғылданғым келсе де, дене біті­мім бұл спортқа арналмаған. Кения­лық­тар ше, жү­гіруде алдарына жан салмай­ды.

Соңғы кездері қыздарымыздың боксқа деген қызығушылығын бай­қай­мын. Спорттың кез келген түрі күрес, ал күресті кез келген спорттың негізі деп білемін. Өйткені балуандар суда да жүзеді, жүгіреді, футбол ойнайды, өзге жекпе-жек түрлерін де меңгереді. Балалар бапкерінің біліктілігі дейтінім, кез келген маман Олимпиада чемпионын тәрбиелей алмауы мүмкін, бірақ балдырғанның бойында қиындықпен күресуді, алға ұмтылуды қалыптастыра алады.

– Өзіңізді жолым болған жан деп айтасыз. Күреске жиырмадан асқан шағыңызда келдіңіз. Соған қарамастан үш бірдей Олимпия ойындарына қатысып, бәрінен жүлдемен оралдыңыз. Ал қазіргі құ­рамдағы қыздардың сіздің жо­лыңызды жүріп өту мүмкіндігі қандай?

– Рас, бұл – маған берілген бақ. Талай әлем чемпионаттарында топ жарып, бір Олимпиадаға қатыса алмаған спортшылар қан­шама. Маңдайыма жазылғаны осы шығар. Жұбайым да менің ұмтылысыма түсіністікпен қарап, қолдап келеді. Сондықтан кімнің қандай мүмкіндігі барын айту өте қиын. Бұл адамның тағдырына байланысты деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – қыздарымыздың спорттағы ғұмыры неғұрлым ұзақ болуын, денсаулықтарының сақталуын қамтамасыз ету.

Рио олимпадасы алдында Қа­зақстанның әйелдер құрамасы үш бірдей жүлде алады деп кім ойлаған. Бұл – өз-өзімізге деген сенімнің, қол­дау­дың арқасында келген жетістік. Рио алдында танымайтын адамдар қасыма келіп, «біз сізді жақсы көре­міз, сіздің тілеуіңізді тілейміз» деп жылы лебіздерін білдіріп жатты. Қиын-қыстау уақытта мұның маңызы өте зор. Осындай қолдаушылардың арқасында мен күміс медальға қол жеткіздім. Сондықтан біздің қыздарға да сеніңіздер, қолдаңыздар дегім келеді. Қыздарға «жаттығу, жарыс кезінде аянып қалмаңдар, ең бас­тысы, жанкүйер алдында арың таза болсын» деймін. Нәтиже міндетті түрде болады.

– Жарты сағат спортпен шұ­ғыл­­дан­саң, ақ тер, көк тер болып, өзіңе қа­рауға шамаң келмей қа­ла­ды. Ал сіз бозкілемде де, өмірде де сұлу қалпыңызды жоғалт­пау­ға ты­ры­сасыз. Мұның бәріне қалай үлгересіз?

– Рақмет. Кәдімгідей көңіл күйімді көтеріп қойдыңыз. Қыздарымыз өз-өздерін күтеді, бет-әлпеті, жүріс-тұ­рысы мен киім киісіне мән береді. Се­бебі сыртта біз жеке басы­мыз­дың ғана емес, еліміздің атынан өнер көрсетеміз. Бізді Манюрова, Сыз­дықова деп емес, Қазақстан спорт­шысы деп таниды. Спорттық ки­імі­мізге қызыға қарайтындар да көп. Кейбір қарсыластарың сәнбике сияқты әсер қалдырады. Оның жанында алба-жұлба болып, ұқыпсыз қалыпта шығуға дәтің жібермейді. Оның үстіне кез келген қыз бала әде­мі болғанды қалайды емес пе, сон­дықтан уақыт таппасқа амал жоқ. Өзімнен кейінгілерге үлгі болу үшін де сырт келбетімізге қарауымыз керек.

– Ал сізге Олимпиададан Олим­пиадаға, жүлдеден жүлдеге ұмтыл­ды­ратын, күш беретін не нәрсе?

– Психологиялық тұрғыда Олим­­пиадада өнер көрсету ауыр. Бұл қы­сым әр Олимпиада сайын артып оты­рады. Мінезсіз спортшы болмай­ды, бірақ әркімнің күшін сарп ету мүмкіндігі әртүрлі. Бірі жалғыз Олим­пиадамен шектелсе, енді бірі бір­неше Олимпиадаға қатысып, жүлде алады.

Әйел заты табиғатынан шыдамды. Әсіресе Қазақстанда қыздар үйдің шаруа­сын да бітіріп, қонақтың да жайын жасап, еңбекке төзімді болып өседі. Ал ең­бек­сүйгіштік спортта таланттан да маңыз­дырақ.

– Биыл қыздарымызды Азия чемпионаты мен Азия ойындары күтіп тұр. Қазір көңіл күйлері, дайындықтары қалай?

– Дәл қазір дайындық деңгейі туралы айту қиындау. Жаңа ережелерге байланысты жаттығу жүйесін өзгертуге тура келеді. Азия ойындарына дейін бейімделіп үлгереді деп ойлаймын. Олимпиадалық даярлық орталығының базасында күрес академиясы ашылып жатыр. Енді балуандарымыз жыл бойы сол жерде жаттығу жасай алады. Тіпті, шетелдік спортшыларды шақыруға да мүмкіндік бар. Тек жаттығуды тоқ­т­атпаса болды. Бапкерлерге де жаң­а белестер ашылып, халықаралық дәре­жеде беделі бар, Олимпиада чем­пионы атанған көптеген ардагер спор­т­шылардың, тәжірибелі төре­ші­лердің біліктілікті арттыру бойынша дәрістеріне жібереміз.

Өкінішке қарай, жарақат алған бірнеше спортшымыз бар. Катя Ларионова операциядан кейін енді ая­ғына тұрып жатса, Эльмира Сыз­ды­қова ауырлау салмаққа ауысты, оған бейімделуге уақыт қажет.

 

Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист