Қазақстан • 05 Наурыз, 2018

Президент Қараөзек магистральді газ құбырын салуды тапсырды

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы газдандыру мәселесіне тоқталып, 2 млн 700 мың адамды газбен қамтуға мүмкіндік беретін Қараөзек магистральді газ құбырын салуды тапсырды. 

Президент Қараөзек магистральді газ құбырын салуды тапсырды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

«Қазақстанда жылына  2 млрд куб метр газ өндіріледі. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып отыратынын білемін. Бүгінгі таңда Қазақстандағы газдандыру деңгейі шамамен 50 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар 9 облысқа газ жеткізілген. Бірақ, соған қарамастан, еліміздің орталық, солтүстік облыстары әлі де газсыз отыр. Осы мәселені шешу үшін мен Қызылорда облысындағы Қараөзек деген жерден Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана арқылы магистральді газ құбырын салуды тапсырамын. Бұл 2 млн 700 мың адамды газбен қамтуға мүмкіндік берумен қатар, Арқаның экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал ететін болады», деді Президент. 

Өз сөзінде Елбасы батыстағы газ тұңғыш рет Алматыға дейін жеткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар бұл жоба арқылы күзде Астананың тұманданып кету мәселесін де шешуге болатынын айтты. 

«Экологиялық мәселені шешуге мүмкіндік бар. Тіпті, Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 35 мың тоннаға азайтуға болады. Арқаның сары желі барлығын алып кетеді деп ойлағанымызбен, кейінгі кезде халықтың көбеюіне байланысты қаланың үстінде үнемі тұман тұратын болды. Қала әкімшілігі бұл проблеманы шешу үшін жұмыс істеп жатыр. Газ құбырына байланысты жұмысты 1-1,5 жылдың ішінде шешу керек», деді Елбасы. 

Естеріңізге сала кетсек, Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр. Онда Президент төмен жалақы алатындар үшін салықты 10 есеге азайтуды тапсырды. Сонымен қатар 2019 жылы қосымша 20 мың мемлекеттік білім гранты бөлінетінін айтып, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын ұсынды. Сондай-ақ Президент  шағын несиені 20 млрд теңгеге көбейтуді тапсырды

Айта кету керек, 2 наурызда Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы Өкімге қол қойған болатын. Бірлескен отырысқа Жоғарғы Сот, Үкімет мүшелері толық құрамда, Президентке тікелей есеп беретін және бағынатын орган басшылары, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар басшылары қатысып отыр. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар