Өнер • 06 Наурыз, 2018

Өзбек өнеріндегі қазақ қолтаңбасы

1143 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзбекстан бейнелеу өнеріндегі еңбегі ерен, қаны қазақ қаламгерлердің ішінде орны бөлек, бір төбе шебер суретшілер болса, көршілеріміз мойындайтыны – Араншы Шаржанов.

 

Өзбек өнеріндегі қазақ қолтаңбасы

Қошеметіміз құрғақ болмасын, өткен жылы Қазақстанның бір топ қылқалам шебері іргелес елге шеккен шығармашылық сапарында Өзбекстан Мәдениет министрінің орынбасары, өнер ғылымдарының докторы Камола Акилова: «Өзбекстанның ХХ ғасырдағы живопись өнеріндегі сіздің орныңыз бір төбе»! деп дүйім дарындардың алдында мәртебесін көтеріп, қолтаңбасына өнертанушы ретінде тарқатып тамаша баға берген екен.

Сөйткен Араншыны елде көп адам тани бермесе де, отан­­дық суретшілер арасын­да кә­сіп­қойлығы жоғары баға­лана­ды. Беделі мықты. Біздің өнер­тану­шылар да тарихта аты қала­тын сурет­кердің бірі сөзсіз – Аран­шы Шаржанов екенін алға тартады.

– Адамның шығармалары өзіне ұқсайды. Араншы ағамыз­дың әулиедей адалдығы бар, аузын ашса жүрегі көрінетін болмысы бөлек. Қараңызшы, көп суретшілер болмысты қалай көреді, қаз-қалпында солай бейнелейді. Ал Шаржановтың түстерді ойнатуы ерекше. Мейлі бір қарағанда, бояу­сыз қарды салсын, тауды салсын, түнді, жарқырап атып келе жатқан күнді салса да реңк­терді қанық­тыра қолдана отырып, ертегідей пейзаждар тудырады. Оның композициялық шешімдері ерек­ше. Реңктерді құбылта оты­рып кенепке жазылған оқиға­лардың мағынасын терең ашады. Өзінің көңілі аса толмайтын жұмыстарынан да тазалық есіп тұрады, – дейді өнертану ғылым­­дарының кандидаты, суретші Жамбыл Нәтбаев.

Өнердегі өрнегін кітап-жур­налдағы суреттерді қайталап, сыныптастары мен өз үй ішін­дегілерден бастаған тума талант­тың өмірбаяны қасиетті Қазығұрт тауының етегінен өрбиді.

Бірде болашақ суретші мектеп кітапханасынан «Жас сурет­шілерге арналған жәрдем» деген кітап тауып алады. Сол арқы­лы кенептегі алғашқы бояуды және майлы бояумен сурет салу техникасын меңгереді де А.Пуш­киннің портретін салады. Тырнақалды туынды барлығына да ұнайды. Шаржановтың үлкен ағасы да Ташкенттегі педагогика институтының сурет және сызу факультетіне түседі. Өзбектің атақты суретшісі Малика Нә­бие­­ваның шеберханасында шың­­далып, мектеп оқушысы Араншыға да осы жерде дәріс алуға мүмкіндік туады. Бірақ мек­теп бітіргеннен кейін ол осы инс­титутқа түсуге балы жетпей қал­ғандықтан ауылына қайтады.

Осыдан кейін Мәскеу түбіндегі Солнечногор қаласында әскери борышын өтеп жүріп, ара-тұра Мәскеуге барып, астаналық сурет­шілер ұйымдастыратын жасырын курс­тарға жазылады. Ол бейнелеу өнерінің құпияларын меңгере оты­рып, Мәскеудегі тоқыма инс­титутының қолданбалы өнер факуль­тетіндегі киім үлгілері фа­культетіне түсіп тынады. Ауыл баласына өз мамандығын мең­геру оңай болғанымен, физика мен химия пәндері көнбесе керек. Екі айдан кейін тағы да ауылға оралады.

Алайда ішін түртпектеген талант енді қайта Ташкентке сүй­рейді. Осылайша А.Остров­ский атындағы театр-көр­кем­сурет инс­титутының есігін қағып, станокты сурет өнері факуль­тетіне түседі.

Көп ұзамай-ақ қабілетті қа­зақ баласын Өзбекстанның ха­лық суретшісі Рахым Ахме­тов байқап, 3-курстан бастап өзіне тәлімгерлікке тартады. Ше­бер су­ретші болғысы кел­ген сту­дент­тердің көбі майтал­ман­ның шәкірті болуды арман­даса, Ах­метов Араншыны солар­дың арасынан өзі таңдап алған. Майталман суретшіге ере жүріп Шаржанов өзі­нің өмірдегі ең үздік этюдтерін жазды. Ал Рахым Ахметовтің де матаға салған бейнелері өзбек хал­қының рухани игілігі мен Өзбек- ­с­т­а­н ұлт­тық бейнелеу өнерінің асыл қазы­насына айналады.

Бастапқыда жерлесіміз ака­демиялық сурет өнерінің соқ­пақтарымен жүрмек болып, «Уа­қыт және тағдыр» трипти­хын тудырады. Бұл сурет Шар­­жановтың басқа да тамаша жұмыстарымен бі­рге бұл күн­де Өзбекстанның бей­не­леу өне­­рі мұражайында көз­дің қарашығындай сақталып келеді. Бір таңғаларлығы, Шар­жа­нов­тың «Менің аталарым» атты диплом жұмысы қа­зақстандық өнерсүйерлердің жеке қорында екен.

Суретшінің дүниетанымы 1987 жылы Армениядағы сурет­шілердің симпозиумынан кейін түбегейлі өзгереді. Им­прес­сио­нистік бағытқа еліктеп бас­қаша жұмыс істей бас­таса керек. Матаға бояуды сілтей жағу, ауа мен жарыққа жол беріп, сезімге, әсерге бөлену суретшінің жанрлық құштарлығына айтар­лықтай түзетулер енгізді дейді, өнертанушылар.

Ал Шаржановтың туған өл­кесіне қайта оралуы, отандық бейнелеу өнерінің қоржынына салған олжасы бөлек баяндауға тұрарлық қызығы мен шығар­машы­лық адамда­рына тән шы­жыққа толы бір әлем.

Бейнелеу өнеріндегі азаттығы өз мінезімен үйлесетін қылқалам шеберінің туындылары тамаша хикаялардан сыр шертеді. Мәселен, «Қуаныш» атты кар­тинасының қасына аялдап кө­ріңізші. Егде тарт­қанда перзентті болған жан­ның көкке көтерілген қуанышы уақыттың бедерінен қол бұлғайды. Базардан нәрестесіне бесік сатып алып бара жатқан жанның аспанда қалықтаған сүйіншісін хас шебер қалай дәл бере алған десеңізші. Бесікпен бірге сатып алған адыраспаны да оның үнсіз алақайлаған шексіз шаттығына гүл болып еріп бара жатқан жоқ па?!

Оқырман қаласа, сурет­ші­нің кенепке жазылған бас­­қа әфсаналарын оның шығармашылық әлемінен іздеп таба алады.

 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ