Қысқы спорт • 08 Наурыз, 2018

Светлана Галышева: Қызым үшінші олимпиадасында арманына қол жеткізді

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышеваны ең алдымен Алматы қаласының тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Өзі оқып, білім алған Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Закарьянов Қазақстаннан Олимпиадада жалғыз медальға ие болған саңлаққа құрмет көрсетті. Ертеңінде Юлия кіндік қаны тамған Өскеменіне оралды. Қарсы алғандардың ішінде анасы Светлана Галышева, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, қала тұрғындары болды.

Светлана Галышева: Қызым үшінші олимпиадасында арманына қол жеткізді

Жақында біз Юлияның анасы Светлана Геннадьевнамен тілдескен едік. Ол былай дейді.

– Юлияның әкесі Евгений Галышев қызы дегенде шығарда жаны бөлек болатын. Екеуміз де еркелетіп өсірдік, бетінен қақпадық. Мүмкін, өз бетінше шешім қабылдау, алған бетінен қайтпайтын өжеттік сәби кезінен қанына сіңген болар. Алты жасында би үйірмесіне жазылды. Оны ұнатпаған соң енді ғана ұйымдастырылған фристайлдың могуль түріне жазылды. Бұл аса қауіпті спорт, таудан төмен қарай құлдырағанда жанымызды шүберекке түйетінбіз. «Балам фрис­тайл қауіпті екен, басқа секцияға жазыл» дегенімізге құлақ аспады. Алғашқы бапкері Анна Корнышева Юлияға мол тәжірибесін үйретті. Алайда ол екі жылдан кейін отбасы жағдайына байланысты Алманияға қоныс аударды. Юлияның болашағынан үміт күткен Анна дарынды балаларға арналған спорт мектебінің бапкері Виктор Лемешкоға (қазір фристайлдың могуль түрінен еліміздің бас жаттықтырушысы) қызымызды тапсырып кетті.

Қызымызды әкесі екеуміз кезек-кезек жаттығуларға апарып жүрдік. Амал бар ма, отағасы қазір арамызда жоқ, ертерек қайтыс болып кетті. Ал жаттығатын жері жа­қын емес, едәуір шалғайда. Барып-қайтқанымызға алты-жеті сағат уақыт кететін. Ал сонда оқуы қайда қалады? Шар­ша­ған сәтте «осы фристайлды қойсаңшы» дегенде, бізге ала көзімен қарап, ренжіп, сөйлеспей қоятын. Юлия алғашқы жеңісіне не­бәрі 11 жасында 2003 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен көрші мем­лекеттің кубогы жарысында жетіп, топ жарды. Арада үш жылдан кейін ел бірін­шілігінде күміс алқаны иеленіп, спорт ше­бері нормасын орындады. 2007 жылы Әлем чемпионатына қатысып, шеберлігін шың­дай түсті. Бұдан кейін 2008 жылы Еу­ро­паның екі дүркін чемпионы атанды. Бір­лесіп өнер көрсетуде Әлем чемпионы атанды.

– Юлияның арма­ны фристайлдан Олимпия ойындарының чемпио­ны немесе жүлдегер ата­ну еді, – деп әңгіме­сін жалғастырды Свет­лана Геннадьевна. – Кана­даның Ванкувер қала­сында өткен Ақ Олимпия ойын­дарында төмен қарай сырғыған кезде сәл қателік жіберген Юлия 11-орын­ды қанағат тұтты. Алайда ол Сочидегі Олимпиадаға қалай да бір медаль аламын деп барды. Жан­күйерлер Юлияның бағын қазылардың байлағанын көздерімен көрді. Оны жетінші орынға сырғытып, супер финалға жібермей қойды. Шынында Юлияның кем дегенде қола медальды алатыны сөзсіз еді. Сочиден келген соң ол фристайлды тастаймын деп бұлқан-талқан болды. Десек те, өзі жанындай жақсы көретін спортты, бапкерлері мен әріптестерін қимады. Тағы да жаттығулар, шетелдерге сапарлар жалғаса береді. Ал Юлияның соңғы екі-үш жылда ғана Әлем кубогы кезеңдерінде алған алтын, күміс, қола медальдары жетерлік. Қысқы Азия ойындарында, өткен жылы Алматыда жалауын көтерген студент-жастардың универсиадасында алтын алқаны уыстап алып, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Қызым биыл қазан айында 26 жасқа толады. Рас ол қатты шаршады. Бірақ дәл қазір фристайлды тастаймын деген сөзді естігенім жоқ. Әлі де болса ел намысы үшін байрақты жарыстарға қатысуды ойлайды.

Юлия не дейді?

– Кіндік қаным тамған өзендер өрнектеген Өскеменімді қатты сағынып қалыппын. Пхенчханда да дәл осы сәттегідей толқыған жоқпын десем артық айтқаным емес. Әрине жеңіске жеткен кездегі сәтті қалай ұмытайын. Сіз бірінші болып мені құттықтап, батаңызды бердіңіз, суретке түсіріп алдыңыз. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның орынбасары С.Мұсайбеков екеуі алақанына салып әлпештеді, жүрекжарды ыстық лебізін білдірді. Ал Елсияр Қанағатов ағамыздың келесі Олимпиадада алтын алқа ал дегені мені жігерлендірді.

Марқұм әкемді еске алдым, ол анаммен бірге мен спорттың күрделі түрін таңдаған кезде, қолдады, рух берді. Мақсат биік, енді төрт жылдан кейін Бей­жіңде өте­тін Ақ Олимпиадаға қатысып, өмір бойы армандаған – алтын алқама қол жеткіз­сем деймін. Арман алдамаса ке­рек. Ар­ман алда, жол ұзақ, Юлия деген қыз­дары­ңыз­дан алдағы уақытта да қуантатын жаңа­лықтарды күте беріңіздер, – деп Юлия Галы­шева ағынан жарылды.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның құрметті спорт қайраткері

Өскемен