Аймақтар • 09 Наурыз, 2018

Шығыс Қазақстан тұрғындарының 50 пайызы - әйелдер қауымы

367 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Шығыс Қазақстанда 730 мыңнан астам әйелдер қауымы бар екен. Бұл - облыс тұрғындарының 50 пайызы. Олардың 60 пайызы экономикалық жағынан белсенді тұрғындардың санатына жатады. Әйелдердің 40 пайызы басшылық қызмет атқаруда. Өңірдің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында барлығы 80 мыңдай әйел еңбек етуде.  24 710 нәзік жанды педагог жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. 

Шығыс Қазақстан тұрғындарының 50 пайызы - әйелдер қауымы

Аймақтың денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген әйелдердің көрсеткіші 90 пайыз болса, екі мыңдай әйел өңірдің мәдениет саласының дамуына үлес қосуда. Облыстағы «Алтын алқа» мен «Күміс алқаға» ие болған батыр аналар саны жеті мың шамасында екен. «Неменеге жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр» демекші, өкінішке қарай Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер аналарымыздың саны жылдан жылға азайып барады. Қазір өңірде 1941 жылғы қанды қасапқа куә болған 29 ардагер бар. Тыл ардагері атанған аналардың саны 19 мыңға жетіп жығылады екен.

Осындай деректерді 8 наурыз мерекесі қарсаңында Өскеменде өткен салтанатты шара барысында шығысқазақстандық әйелдер қауымын мейраммен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның төрайымы Әсем Нүсіпованың аузынан естідік.

«Әйелсіз өмір жылусыз, әйелсіз өмір көңілсіз. Сұрықсыз тіршілікке әр беретін де, нәр беретін де — әйел. Осынау залда бүгін ерекше көңіл-күй салтанат құрып тұр. Біз қазір Шығыстың әйелдерінің қаншалықты сұлу, ақылды да дана, мейірімді екендігіне тағы да бір көз жеткізіп отырмыз. Жүздеріңізге күлкі үйіріліп, біздің нәзік иығымызда үлкен жауапкершіліктің барын сезінгендеріңізді қалаймын. Шынында да біз үшін шаңырақ шаттығы, отбасы мен бала бақыты ерекше маңызды. Бірақ біз өз кәсібімізді де адалдықпен атқарып келеміз. Баршаңызды шуақты мерекемен шын жүректен құттықтаймын», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Ә.Нүсіпова салтанатты шара барысында облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Светлана Нұрғазиеваға, Семейдегі «Айша бибі» ұлттық-мәдени орталығының басшысы Айман Боқбасароваға, Өскемендегі «Балалар ауылының» ана-тәрбиешісі Гауһария Жұмағалиеваға, Шығыс Қазақстан облыстық прокурорының аға көмекшісі Мағираш Заиноваға, полиция майоры Гүлнара Қапышеваға және Семейдегі Ф.Достоевский атындағы музей-үйінің директоры Татьяна Автушкоға Алғыс хат табыс етті. Осы марапатқа ие болған жандардың арасында ардагер журналист Ғафура Сәрсенбайқызы, облыстық «Дидар» газетінің шолушысы Айнагүл Ескенқызы мен «Алтай» телеарнасының қызметкері Мәдина Кәрібаева да бар.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген Владимир Петухов

Соңғы жаңалықтар