12 Наурыз, 2018

Спорттық жарнама түбіне жетті ме?

864 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2013 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Астана» кәсіпқой президенттік клубы құрылды. Оның қатарына «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Astana Pro Team» велокомандасы, «Astana arlans» кәсіпқой бокс клубы, «Барыс» хоккей клубы және «Astana Motorsports» ралли командасы кірді. Президенттік клуб құрамына кіретін командалардың біршамасы жақсы нәтиже көрсетіп, ел абыройын халықаралық аренада асқақтатқаны рас. Алайда осы күні бұл клубта көптеген өзгерістер орын алмақшы.

Спорттық жарнама түбіне жетті ме?

Жақында ғана әлеуметтік желілер мен спорт сайттарында көптеген ақпарат жарық көрді. Оның ең алды «Astana Pro Team» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуровпен байланысты еді. Велоұжымның басшысы қаржының жетіспей жатқанын алға тартып, команданың жабылып қалу қаупі бар екенін айтты. Олимпиада чемпионының сөзіне сенсек, 2018 жылдың алғашқы айларында команда өткен жылдан үнемдеген қаржыға күн көріпті. Енді ол ақша таусылып, жақын арада шабандоздар жалақысыз қалатын түрі бар. «Жыл басынан бері Оман туры мен Валенсия және Андалусия Вуэльталарында топ жардық. Қазақстан атын әлемге танытып жүрміз. Осы кезге дейін жеткен жетістігіміздің 30 пайызын қазақстандық шабандоздар иеленді. Бұл еліміздегі велоспорттың дамығанының көрінісі. Осындай командаға қаржы дер кезінде берілмесе, барлығынан айырылғалы тұрмыз», деп байбалам салды Винокуров.

Алғашқыда қоғамдық пікір аса өрши қойған жоқ. Жыл басында қаржы уақтылы түспей, сәл кешігулер болатыны қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Алайда Винокуровтың мәлімдемесі шыққаны сол еді, ізін ала «Астана» футбол клубы да сөз алды. Мысалға, клубтың атқарушы директоры Қайсар Бекенов бұл қаржы тапшылығын көруіміздің бірінші жылы емес дейді. Команда өткен жылы көрсеткен керемет өнеріне тиесілі сыйақысын алмаған. «Көптеген футболшы алдында қарызымыз бар. Бұлай жалғаса берсе, клуб белшесінен қарызға батып, бонкротқа ұшырайды. Осыншама уақыт тер төгіп, Еуропаға танымал команда құрған еңбегіміз бір күнде желге ұшпақ», дейді Қайсар Бекенов.

«Астана» мен «Спортинг» ойынынан кейін команданың бас бапкері Станимир Стойлов та осы мәселеге арнайы тоқталған болатын. «Мен өз болашағым ғана емес, клубтың ертеңі үшін де қам жедім. Егер өздері уәде еткен ақша берілмейтін болса, онда жылдар бойы жинаған абыройымыз бір күнде төгіле салмақ. Одан кейін бұл команданы басынан бастап қайтадан жинақтау керек. Енді ғана қалыптасып келе жатқанда, орта жолдан тайқып кету маған да ауыр тиіп отыр», деп күңіренді.

Болгариялық бапкердің, клуб басшыларының демеушілерге өкпесі қара қазандай екенін өткен жылдан білеміз. Алайда шыдамның да шегі жетіп, шамасы футболшылар мен бапкерлер өздеріне өзге жұмыс қарастыруды бастаған секілді.

Жоғарыда аталған клубтардың өзгелері неге жұмған ауыздарын ашпай отыр деген ойға қаламыз. Оның да бір себебі бар көрінеді. «Астана» кәсіпқой спорт клубы құрылғалы бері осы екі клубтан өзгесі жарытып нәтиже де көрсетпеген. Яғни қаржы сұрап, бас көтеруге дәттері шыдас бермесе керек. «Астана» баскетбол клубы өз алаңында 8 ойын қатарынан ұтылып, құрылғалы бері плэй-офф сатысын аңсап, ВТБ Бірыңғай баскетбол лигасының мәңгі бақи аутсайдеріне айналған. «Astana Motorsports» ралли командасының жағдайы да белгілі. Мұндай команда бар екенін көптеген қазақстандық жанкүйерлер біле де бермейді. Оңтүстік Америка мен Африка жолдарында жортуылдап жүрген команда «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» іспетті. Жақын арада «Самұрық-Қазына» тарапы бұл спорттық клуб өз қызметін тоқтатады деп ақпарат таратты. Демек бұрыннан бері қыруар қаржыны иемде­ніп келген команданың жабылуы кәсіп­қой клубқа жеңілдік жасады.

Айтпақшы, клуб сапында шөгеннен (ат полосы) және қол добынан да команда­лар бар. Жаңадан құрылған ұжым­­дардан әзірге нәтиже талап етіп отыр­ған ешкім жоқ. Себебі бастапқы жылы 1 миллион еуро көлемінде қар­жы кеткеннен соң, бұл жобаларды қа­зір Президенттік клуб еш қаржы­лан­дыр­майды. Алайда бұл клубтар демеу­шілердің арқасында күн көріп келеді.

Шынын айтуымыз керек, бастапқыда ел абыройын көтеріп, беделімізді асқақ­тататын жарнамалық жобалар спорттық тұрғыдан да, атақ шығару жағынан да қызмет қылуы тиіс еді. «Астана» футбол клубы мен «Astana Pro Team» велокомандасынан басқалары негізгі мүдденің маңына да жоламады. Енді жақын арада сараптамалық-зерттеу жұмыстарынан кейін кәсіпқой клуб басшылары бір шешімге келуі тиіс. Жыл сайын желге шашылып жатқан қаржының есебі сол кезде белгілі болар.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»