Қазақстан • 12 Наурыз, 2018

Шағын кәсіпкерлік – елдің әлеуетті тірегі

3830 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде шағын бизнес ерекше рөл атқарады. Шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің мұртын балта шаппайтынын аталған елдер әлдеқашан түсінген. 

Шағын кәсіпкерлік – елдің әлеуетті тірегі

Шағын бизнес кей елдерде ІЖӨ-нің 50-60 пайызына дейінгі үлесін иеленетінін ескерсек, бізге де олардың тәжірибесін үйрену артық болмайтыны анық. Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» төртінші міндет ретінде «Шағын несие беруді көбейту» көрсетілгені Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау­ға ерекше көңіл бөлініп отырға­нын аң­ғартады. Жеңілдетілген несие көлемі­нің ұлғайтылуы өзін өзі еңбекпен қамтығандардың, кәсіпкерлікпен айна­лысуға құлықтылардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні анық. Жалпы жеңілдетілген несие беру жеке кәсіпкерлікті өркендетуге ықпал ететін ең тиімді тетіктердің бірі саналады. Ол бұған дейін де беріліп келді, әрине. Алайда өткен жылы жалпы көлемі 32 миллиард теңге болатын 7 мыңнан астам шағын несие ұсынылғаны, соған қарамастан одан бөлек 5 мыңнан астам адам өз істерін бастауға қажетті несиеге қол жеткізе алмағаны назарға алынып отыр. Осыны ескергендіктен де Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды, деп қадап айтты.

Жалпы, жыл санап ІЖӨ-дегі үлесі­нің өсіп келе жатқанына, еліміздегі кәсіпкерлік нысандарының қатары еселеп артқанына қарасақ, шағын және орта кәсіпкерлік Қазақстан экономикасының аса маңызды секторына айналуға бет бұрды деуге болады. Әсіресе соңғы бірнеше жылдың бедерінде ол айқын байқалды. 2014-2016 жылдары ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 17-18 пайызға дейін артса, өткен жылы 27 пайызға жетіпті. 2012 жылғы 6,1 па­йызбен салыстырсақ, бұл ауыз толтырып айтуға тұратын көрсеткіш. Оның үстіне, ірі бизнестің табысымен салыстырғанда шағын және орта бизнестің үлесіндегі табыстың өсім қарқыны айтарлықтай жоғары. 2016 жылы шағын бизнес нысандарының табыс көлемі 6,6 триллион теңгені құрап, өсім қарқыны 43 пайызға жеткені осыны көрсетеді.

Сөз басында дамыған елдердегі шағын бизнестің рөлі туралы айтып өткен едік. Соған айналып соғып, бірқатар мысалдарды тілге тиек етіп көрейік. Әлемнің бірінші экономикасының тағын ешкімге бермей келе жатқан АҚШ-та жеке сектордағы халықтың 50 пайыздан астамы шағын кәсіпкерлік саласында еңбек етеді екен. Кішігірім бизнес нысандардың жалпы саны 7 миллионнан асып жығылады. Олардың басым көпшілігінде шамамен 20 шақты адам жұмыс істейді. Капиталистік қоғам­ның қағидаларын жақсы біле­тін, ол қағидалардың көпшілігін өзі қалыптастырған мемлекет өткен ғасыр­дың басынан бастап шағын бизнеске ерекше қолдау көрсетеді, тиісті заңнамалар да әбден жетілдірілген. Мәселен «Бірінші жыл бонусы» деп аталатын, кәсіпкерлікті енді бастаушыларды бір жыл бойы салықтың тең жартысынан босататын жеңілдік басқа елдерге де үлгі болыпты.

Германия ІІ Жаһандық соғыстан кейін күйреген экономикасының 1950-60 жылдары күрт гүлденіп сала бергені үшін шағын және орта бизнеске қарыздар деген көзқарас бар. Елдегі жұмыс күші­нің жартысынан астамы осы секторға жұмылдырылған. Өткен ғасырдың жет­пісінші жылдары отбасының он шақты мүшесі бірігіп жүргізетін кәсіпорындарға мемлекет қаржылай һәм заңнамалық қолдауды аямай көрсете бастаған. Соның арқасында қазір елде 1 миллионға тарта шағын отбасылық кәсіпорын бар, Германия Еуропа экономикасының локомотиві ретінде мойындалды. Бұл елде 5-8 пайыздық ставкамен несие ұсынылып, оны төлеуге 15 жылға де­йін мұрсат беріледі. Әлеуметтік салаға қатыс­ты бизнеске бұдан басқа да ерекше жеңілдіктер көрсетіледі екен.

Францияда бизнесті жаңадан бас­тағандар алғашқы екі жылда көптеген салық түрлерінен босатылады. Ал елдің экономикасы қалыңқы бөлігінде бизнес бастағандар үшін тағы қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Жалпы, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Айтпағымыз, бәсекелестікке қабілетті елдердің қатарына қосылуды көздейтін Қазақстан да алдағы уақытта аталған шағын және орта бизнесті дамытуға ниетті. Елбасы Үндеуінде айтылған Төртінші бастама межеленген міндетті жүзеге асыруда маңызды тетік болатыны сөзсіз.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»