Аймақтар • 12 Наурыз, 2018

Жергілікті үлес 8 пайыз ғана

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«КМК-Мұнай» акционерлік қоғамы Ақтөбе аймағындағы табысты қызмет жасап жүрген компаниялардың бел ортасынан ойып тұрып орын алады. Әйтсе де мұнай өндірумен айналысатын кәсіпорынның жақсысы мен жаманы бірдей болып отыр.  

Жергілікті үлес 8 пайыз ғана

Кәсіпорын жұмысшылары Темір мен Мұғалжар аудандары аума­ғындағы «Көкжейде», «Құм­сай» және «Мәртөк» кен орын­дарында жұмыс істейді. Еңбек ұжымында 394 адам бар. Олар­дың ішінде келісімшарт бойынша шақырылған ҚХР-дың бес аза­матынан басқасы жергілікті тұрғындар.

Өткен жылы «КМК-Мұнай» АҚ әлеуметтік маңызды жобалар­ды жүзеге асыру ісінің нәти­же­лері бойынша Елбасы белгі­леген «Парыз» сыйлығымен мара­пат­талған. Сондай-ақ кәсіпорын осы кезеңде көмірсутегі шикізат өндіру көлемін өсіре келіп, 39 мил­лиард теңге табыс тауыпты. Бұдан жергілікті бюджетке 6 миллиард теңгеден астам са­лық төлемдері аударылған. Тіпті ком­пания аймақтағы әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымына қомақты қаражат салу ісінен де тартынып қалмапты, оның мөлшері 36 миллион теңгеден асып түседі.

«КМК-Мұнай» АҚ-тың вице-президенті Самат Берденовтің айтуына қарағанда кәсіпорын облыс экономикасына 10 миллиард теңгеге жуық инвестиция құюды жоспарлаған. Компания құрамындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 170 мың тең­ге көлемінде. Оның индекса­ция­сы өткен жылы кәсіпшілік қызметкерлер үшін он пайыз құраған. Әрине мұның бәрі ком­пания ұжымының жақсы жа­ғы екені мәлім. Сонда оның теріс жағы қандай? Таңғаларлық жағ­дай – осындай табысы мол ком­пания өз өндірісінде жер­гілікті үлесті көбейтуге мүлдем көңіл бөлмей отырғаны. Тал­дау­лар мен қолда бар нақты дерек­­тер көрсетіп отырғандай, оның көлемі небәрі сегіз пайыз төңірегінде ғана. Бұл салыстырып айтуға да тұрмайтын өте тө­мен көрсеткіш екені белгілі.

– Егер «КМК-Мұнай» АҚ-тың төңірегінде шағын және орта бизнесті құру үшін тиісті жағ­дайлар туғызылмаса немесе олар стандартқа сәйкес келетін тауарлар ұсына алмаса бұл жағдайға бір есептен түсіністікпен қарауға да болатын шығар. Алайда олай емес екені әмбеге аян. Керісінше компания аумағында мұндай әлеует пен мүмкіндік жеткілікті. Біз мұны көріп отырмыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Расында да аталған өндірістік кәсіпорын жергілікті үлесті көбейту ісінен бойларын неге аулақ салып отыр? Әлде мұның өзі тек өз тауым биік болсын дейтін әлеуметтік астамшылдық па? Табысы мол ірі компанияның төңірегіне шуа­ғы мен жылуын түсіргені жөн емес пе?! Шынтуайтына келгенде «КМК-Мұнай» АҚ-тың оң істері жер­гілікті үлесті көтеру ісі­не қы­рын қарауы арқылы жуы­лып-ша­йы­­лып кеткендей әсер қал­дырады.

Қазақстандық үлесті көтеру дегеніміз өз елімізде өндірілетін мұнай-газ өндірісіне қажетті құ­рал-жабдықтарды сатып алу және отандық кәсіпорында көрсететін қызметтерді пайдалану деген ұғым­­ды береді. Бұдан бойларын аулақ салып отырған «КМК-Мұ­най» АҚ басшылары өз іс-әрекет­те­рін немен ақтап алар екен?!

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы