Қазақстан • 12 Наурыз, 2018

Отандық өндірушілерді қолдағаннан ұтарымыз көп

337 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасын индус­трия­лық-инновациялық дамы­ту­дың 2015-2019 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдар­ламасының не­гізгі бағыт­тарының бірі машина жасау саласы болып табылады.

Отандық өндірушілерді қолдағаннан ұтарымыз көп

Осы бағытта перспективалы ұлт­тық клас­терлерді қалыптастыру шең­берінде Батыс Қазақстан облысы басымды деп айқындалып, клас­терге қа­тысушылардың құрамына «Орал транс­форматорлық зауыты» жау­ап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі, «Гид­ро­прибор» ғылыми-зерттеу институ­ты», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Зенит» Орал зауыты» акционерлік қоғамдары және басқалар кірген болатын.

Осы аталған төрт компанияның өзі былтырғы жылы 20,7 млрд теңге­ге өнім өндіріп, 2 241 млн теңге көлемі­н­де салық төлеген. Бүгінде бұл компания­лар облыс бойынша 1 739 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.

Мемлекеттің бәсекеге қабілет­тілігінің басты көрсеткіші – оның экономикасы. Экономиканың бәсекеге қабілетті болуының басты бағыты – индустриялық-инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процестерге бет бұру.

Машина жасау саласының осы өнеркәсіптері мұнай-газ, машина жасау сияқты басым бағыт бойынша, соның ішінде мұнай мен газ шығару, қотару және тасымалдау, энергетикалық жабдықтар, ауыл­ша­руашылық машиналарын, газ­компрессорлық стансалар мен жоғары қысымды түтіктер, сорғылар, бейстандартты бұйымдар жасау бойынша дамудың үлкен әлеуетіне ие.

Жыл сайын Мемлекет басшысы тапсырмаларының және Үкімет тарапынан жасалып жатқан қыруар жұмыстардың арқасында бүгінде елімізде бизнес дамып, өндірісте инновациялық технологиялар қол­да­нылып, ұлттық экономиканы цифр­лан­дыру процесі жүргізілуде.

Алайда жоғарыда аталып өткен төрт компанияның және еліміздегі көп­теген басқа да ірі бизнес өкілдерінің бірнеше жылдар бойы айтып келе жатса да шешімі табылмаған бір мәселесі бар. Ол – қазіргі қолданыстағы «Мем­ле­кеттiк сатып алу туралы» заңда отан­дық өндірушілерді қолдау және ынта­ландыру тетіктерінің болмауы, яғни мемлекеттiк сатып алу рәсімін жүр­гізуде отандық ірі өнеркәсіптер тен­дерлерден тыс қалып отыр. Көбіне тен­дерлерді өндірушілер емес, делдал­дар ұтып алып, Қытайдан немесе бас­қа елдерден арзан, сапасыз тауар­ларды ұсынып отырады. Бұл мә­селе осыған дейін де Парламент де­путаттарының тарапынан, соның ішін­де депутаттық сауалдар арқылы жә­не әртүрлі алаңдарда да бірнеше рет көтерілген болатын.

2013 жылы аталған заңнан бұ­рын болған жеңілдіктер жойылып, Еура­зиялық экономикалық одақ­қа мүше елдердің барлығына бір­текті мем­лекеттік сатып алудың ұлт­тық режі­мі жарияланды. Әрине бұл Қазақстанның интеграциялық мін­­дет­­т­емелері екені түсінікті, оның да жө­ні бар. Алайда ел эконо­ми­касының тірегі болып табылатын отандық ірі өн­дірушілерді ынталандыру меха­низ­мін, яғни ірі бизнесті, соның ішінде жо­ға­рыда аталып өткен кластер­ге қа­ты­сушыларды қолдау шараларын қа­растыру мүмкіндігін, яғни «Мем­ле­кет­тiк сатып алу туралы» заңға осы ба­ғытта тиісті өзгерістер енгізу қа­­жет­тігін қарауды ұсынамыз. Біз осы мәселелерді Премьер-Министр Ба­қытжан Сағынтаевқа білдіріп, депу­тат­­тық сауал жолдадық. Отандық өн­ді­рісшілерді қолдау мақсатының ая­сында аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар ұсынылар деген үміттеміз.

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі