Әлем • 12 Наурыз, 2018

Жапония үкіметі еліміздегі әлеуметтік жобаларға 395 мың доллар бөлді

856 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата «Шөп тамыры» адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік жобаларына арналған қайтарымсыз көмек көрсету гранттарын тапсыру жөніндегі келісімшарттарға қол қойды. Осы орайда Елшілік еліміздегі 2017 жылы қабылданған жеті әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға 395 мың АҚШ долларын бөлді.

Жапония үкіметі еліміздегі әлеуметтік жобаларға 395 мың доллар бөлді

И. Кавабатаның айтуынша, гранттар Жапония үкіметінің «KUSANONE» жобасы шеңберінде бөлініп отыр және ол адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

 «KUSANONE» жобасы Жапония үкіметінің ресми көмек көрсету бағдарламасы болып табылады. Ол медициналық ұйымдар, білім беру мекемелері сияқты коммерциялық емес ұйымдарға қолдау көрсету арқылы адамдардың өмірін жақсарту мақсатында жүзеге асырылады. Бағдарлама қарапайым халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін және табысы төмен ұйымдардың жобаларын қолдауға бағытталған.

 «Биыл біз жеті жобаны қаржыландыруға грант бөліп отырмыз. Ол жобалар негізінен білім алу мекемелерінің терезелері мен жылыту құрылғыларын жаңартуға бағытталған. Соның нәтижесінде біз жас жеткіншектердің ыңғайлы және жарық жерде сапалы білім алуына мүмкіндік жасаймыз. Бағдарламаның басты мақсаты – адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 1997 жылдан бері аталған бағдарлама аясында Қазақстанда жалпы сомасы 6 034 632 АҚШ доллары болатын барлығы 85 жоба қаржыландырылды», деді елші И. Кавабата.

Биыл Жапония елшілігінің гранттары – терезелерді жөндеу жұмыстары бойынша Семей қаласының үш бірдей орта мектебіне берілді. Сонымен қатар жылыту жүйесін жөндеу үшін Маңғыстау облысының Шахтинск орта мектебіне, Жаңаөзен қаласының «Қызмет көрсету және жаңа технологиялар» колледжі және Маңғыстау ауылының №1 жалпы орта білім беру мектебіне қаражат бөлінді. Сондай-ақ Жетіқара ауданының психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараттары зақымдалған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі күтімді кеңейту жобасына 32 326 АҚШ доллары көлемінде қаржы қарастырылған.

Аталған іс-шараға жеті мекеменің басшылығы қатысты. Қазақстанның шалғай аймақтарынан келген олар Жапония елшілігіне өз алғыстарын білдірді. Сондай-ақ олар бұл жоба екі ел арасындағы бірлікті нығайтуға, оқушылардың қолайлы жерде сапалы білім алуына үлкен қолдау болғанын атап өтті.

Жапония елшілігі өз кезегінде «Шөп тамыры» бағдарламасы әлеуметтік мәселерді шешуде, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосады деп үміттенеді. Бұдан бөлек, жоба екі елдің ынтымақтастық қарым-қатынастарын одан әрі бекітуге себепші болары сөзсіз, дейді.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастық Қазақстан елі тәуелсіздік алған сәттен басталды. Жапония үкіметі адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөледі. Дәл осы бағытта біз 1997 жылдан бастап «Шөп тамыры» жобасын іске асыра бастадық. Бұл жоба екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың одан әрі нығаюына өз үлесін қосады деп үміттенемін», деді Итиро Кавабата.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»