Қазақстан • 13 Наурыз, 2018

Киелі жерлерге – жүйелі таным

5563 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астана қаласында «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының бас кеңсесінде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңір­лік қасиетті нысандары» атты екі кітап­тың тұсауы кесіліп, қомақты қос том көпшілік назарына ұсынылды.

Киелі жерлерге – жүйелі таным

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақ­станның киелі жерлерінің геогра­фия­сы» жобасын жүзеге асыруды тап­сыр­ған еді. Аталған тапсырманы атқаруға кіріс­кен «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерт­теу орта­лы­ғының директоры Берік Әбдіға­ли­ұлы өзі басқарған ұжым­ға жетекшілік ете отырып, көп жұмыс тындырды. Мә­дениет және спорт министрлігі жа­ны­нан құрылған сарап­шылар тобы­на басшылық етіп, мез­гіл-мезгіл бас қо­сып, осы маңызды мәс­еле тал­­қы­ла­нып, екі кезек арнайы форум өт­кі­зі­л­іп, нақты зерттеулерді алып барды.

Жалпы, қасиетті жер, қасиетті мекен ұғымы көп ойларға жетелейді. Кейде біздің халқымыз «қасиетті, киелі» деген ұғымдарды «құтқарушы, ғажайып құдірет иесі» деп түсінетін бір жай бар. Мұсылман ұғымымен қарағанда Жаратушы біреу, жаратылған зат көп. Өз­іміз қасиетті санаған құбылыстар өскен ортаның асыл мекені, ардақты ор­ны, халық санасындағы ғажайып, биік тұғырлы нысан саналады.

Қасиетті, киелі жерді анықтаудың түп­­кі­лікті мәні – туған өлкеңді тану, тү­сіну, бағалау, оған деген махаббат-сү­йіс­­пеншілікті тереңдету сынды отан­шыл­­дық сезімнің оянуын меңзеп, мә­ңгілік мекен идеясын ұрпаққа сіңіру­ге қызмет ету болып табылады.

Жақында жарық көрген екі кітаптың маз­мұнына үңілгенде, олар – 100 киелі ны­санды қамтып, «Ерекше бағаланатын та­биғи мұра ескерткіштері», «Архео­ло­гиялық ескерткіштер және ортаға­сыр­лық қалалық орталықтар», «Діни және ғи­ба­дат орталықтары», «Тарихи тұл­ға­лар­ға қатысты қасиетті орындар», «Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қа­сиетті орындар» болып бес топқа жік­­­тел­ген. Мұны біз алғашқы бастама деп қа­­­бы­л­­­даймыз. Себебі қазақ жерінің әр төбе­­сі, әр тасы, әр тал шөбі әлі де та­­­лай сыр­­­ды бойына жасырып, бұғып жатыр.

Тізімде жалпы қазақ үшін қасиетті саналатын жерлер де, аты сәл көмескі тар­та бастаған орындар да, тіпті күні кеше салынған, тәуелсіздікпен құрдас ғи­ма­раттар да бар. Атап айтқанда, та­би­ғи қасиетті нысандар қатарында Ақ­мешіт, Қазығұрт, Хан тәңірі, Ша­рын шат­қалы, Жылаған ата, Қоңыр әулие үң­гірлері, ал археологиялық жә­не ар­хи­тектуралық ескерткіштер санатындағы қасиетті орындар қата­рын­да Бозоқ қалашығы, Тамғалы, Беғазы археологиялық кешендері, Шілік­ті, Берел қорғандары, Ақыртас қама­лы орын алса, орта ғасырлардағы қала орта­­лықтары мен қазақ хандығы тұсын­дағы астаналар – Қойлық, Жан­кент, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Сауран, Отырар, Сайрам сынды қалалар есеп­ке алынған. Сондай-ақ діни және адам­дардың тілек тілейтін орнына айнал­ған киелі мекендер – Ясауи кесене-кешені, Арыстан баб, Қарабура, Укаша ата мазарлары, Қарашаш ана, Ибра­һим ата, Бәйдібек би, Домалақ ана кес­е­нелері, Мәшһүр Жүсіп, Абай-Шәкәрім мемориалды кешендері, тари­хи тұлғалардың есімдерімен қатыс­ты қасиетті орындар – Махамбет Өтеміс­ұлы­ның мазары, Әбдіғаппар және Кейкі батыр кешендері, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Есет Көкіұлы ке­се­не­лері, Көкшетаудағы Абылайдың Хан ордасы, Ахмет Байтұрсынұлының үйі (Алматы қ), Ш.Уәлихановтың Алты­н­емел­дегі мемориалды кешені сияқты тари­хи және саяси оқиғалармен байланысты қасиетті жерлер – Бұланты, Аңы­рақай, Орбұлақ шайқастарының орны, «Алаш арыстары» үйі (Семей), «Астана-Бәйтерек» монументі, «Қазақ елі» монументі, «Отан қорғаушылар» мону­менті сынды бірқатар нысандар Қазақстан­ның жалпы, ұлттық қасиетті орын­дары­ның тізіміне кірген. Олардың бас­ты-бас­ты­лары 100 нысан аталған том­дар­дан орын алды.

Маңғыстаудағы жерасты мешіттері Бекет әулие (1750-1813) есімімен бай­­ла­нысты. Соның бірі – Бейнеуде диа­­метрі 4,5 метр төбені үңгіп, киіз үй түрінде жасаған ескерткіш. Үй­дің оңтүс­тік-батыс жағында михраб, сол­­түс­тік бетінде шағын дәліз үшін­ші бөл­меге апарады. Шығыс жа­ғын­да тағы бір бөлмесі бар. Осы соңғы бөл­меде бірнеше адам жерлен­ген. Ескерт­кіш қабырғаларында ою-өр­нек­тер салынбаған. Бекет атаның Бей­неу­дегі мешітіне 1825 жылы Э.А.Эверсман, А.О.Дюгемель сияқты ғалымдар келіп, ескерткіштің суретін салып қалдырған. Бекет атаның бұдан басқа Жем өзенінің бойында, Арал теңізінің жағасында, Оңтүстік Үстірттегі Оғыланды тауының үлкен төбесінен қашалып жасалған жерасты мешіттері бар. Ескерткіш – кіреберіс дәлізден, дұға оқитын залдан, тұрғын бөлмеден, қабірханадан тұра­ды. Ортаңғы бөлменің төбесінде жа­рық түсу үшін жасалған саңылау бар. Бекет ата мен оның бірнеше ұрпақтары осын­дағы қабірханада жерленген. Бекет атаның соңғы мекені саналатын Оғы­лан­ды тауындағы мешіті 1777-1780 жылы тұрғызылған. Мешіт бұл күндері ел­дің көп баратын, зиярат етіп, түнейтін киелі орны болып табылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұдан өзге де әлі ашылмаған, тізімге кіріп үл­гер­­мей қалған қасиетті жерлердің бар екеніне шүбә жоқ.

Айталық Арыстан баб мазары, Арыс­тан баб кесенесі – Қожа Ахмет Ясауи­дің ұстазы жерленген орын. Кесене жанында ем­дік қасиеті бар тұзды сулы құдық орналасқан. Ибрагим ата мазары – Қожа Ахмет Ясауидің әкесіне (Сайрам), Қара­шаш ана мазары – Қожа Ахмет Ясауи­дің анасына (Сайрам), Гаухар-ана мазары – Қожа Ахмет Ясауидің қызына (Түркістан), Әли Қажы мазары – Қожа Ахмет Ясауидің күйеу баласына (Түркі­стан) тұрғызылған. Осының бәрі-бәрі де халық санасында аса қадірлі, бағалы орындар. Халық­тың рухани жұтаңдаған кездерінде сана­сына ем қылатын жұбанышы болған.

Шын мәнінде бұл қасиетті орын­дарға табын­байды, зиярат етеді. Мәсе­лен, Араб әмірлігінің Жидда қаласын­дағы адам­заттың анасы – Хауа ананың жат­қан жері қарапайым топырақ болып қана том­пайып жатыр. Басына мазар тұр­ғы­зып, атын жазып, суретін салу сияқты біз­дің еліміздегі «әсіре зиратшылдық» жоқ.

Түркістан шаһарын баршамыз ұлық­таймыз. Көне Астанамыз ғана емес, рухани орталығымыз деп білеміз. Түркі­стан қаласы – Қазақ хандығының астанасы. Қаланың көне атауы – Яссы. Яссы Ұлы Жібек жолының сауда ор­талығы болған. XII ғасырда, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи көшіп келген соң ерекше атаққа ие болған. Сол жерде кейін киелі орынға айналған үлкен кесене салынды. Алтын Орданы жеңген соң Әмір Темір ақынға арнап үлкен мазар орнатты. Бірінші салған күйінде ол VI ғасырда сақ­талған. Кесене айналасында көптеген бас­қа да құрылыстар бар: Рабия Сұлтан-Бегім кесенесі (XV ғасыр, XIX ғасырдың 2-ші жартысында қиратылып, 1980 жылы қайта салынды), Есім хан (XVII ғасыр), белгісіздер жер­ленген жерлері және бар.

Тәуелсіздік жылдарында халықтың рухани бағытын өзгерту мақсатында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарла­масы аясында көптеген тарихи-мәд­ени ескерткіштер мен нысандар жаңғыр­тылғаны көпшіліктің есінде. Сол үшін де қасиетті, киелі нысандар – халық жүрегінен мәңгілік орын алады.

Ұрпақ дана болса ұлы дала жетімсіремейді.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған сарапшылар тобының мүшесі, профессор