Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Индонезиямен экономикалық байланыстардың артықшылықтары қандай?

1399 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мүдде, әсіресе, ел мүддесі бәрінен жоғары тұрады. Пре­зидент Н. Назарбаевтың тап­сырмасы бойынша Индо­незияда ресми сапармен жүрген Қ.Тоқаевтың дітте­гені де сол мемлекеттік мүдде. Неге Индонезия? Нелік­тен Елбасы бұл елге ерек­ше назар аударып отыр? Сенат Төрағасы өткізген жоға­ры деңгейдегі нәтижелі кез­де­сул­ер туралы айтпастан бұрын, алдымен осы сұраққа жауап бере кетейік.

Индонезиямен экономикалық байланыстардың артықшылықтары қандай?

Қазақстан мен Индонезияның арасында ерекше атап өтуге тұ­рар­лық жеті ұқсастық бар. Бірінші ұқсастық, екі ел де көп ұлтты. Қазақстанда негізгі ұлт – қазақ ұлтынан бөлек 130-ға жуық өзге ұлт өкілдері тұратын болса, Индонезияда 300-ден ас­там этностық топтар, соның ішін­де явандықтар, сундылар, ма­дур­лықтар, малайлықтар, қытай­лар (шамамен 5 млн адам), Йе­мен­нен және Үндістаннан келген адамдар бейбітқатар өмір сүруде. 

Екіншісі – көп дінді. Халықтың 85 пайызы ислам дінін (суннит бағытын), 8,7 пайызы – христиан дінінің әр түрлі бағыттарын, 1,8 пайы­зы – индуизм, қалғандары – буддизм, конфуцианизм және анимизм діндерін ұстанады.

Үшіншісі – көп тілді. Хал­қының саны жағынан әлемдегі 4-ші орынды иеленетін, яғни 260 млн-нан ас­там адам өмір сүретін Ин­­до­незия­да халық 700-ден ас­там тіл­дерде сөй­лейді, алайда негі­зінен баршасы мем­­ле­кеттік тіл ин­до­незия (бахаса) ті­лін­де сөй­ле­седі, іс қағаздарын жүр­­гізеді.

Төртінші – сол көпдінділігіне қа­рамастан, екеуі де мұсылман елде­рі қатарына жатады. Ин­до­незия дүние жүзіндегі ең көп мұсылман халқы бар мемлекет.

Бесінші – екі ел де жерасты кені­не бай. Ұлттық даму жос­парының бас­­ты бағыттарының бірі – мұнай шыға­­ру көлемін арттыру. Барланған мұнай қоры 3,7 млрд баррельді шама­­лайды. Бүгінде Индонезия аума­ғын­да жалпы қуаты 1,1 млн бар­­рель мұнайды өңдей алатын 6-8 мұ­най өң­дейтін зауыт жұмыс іс­теуде. Ин­донезия мұнайы мен мұ­най өнім­­­дерін Қытай, Германия, Фран­­ция, Ұлы­британия, Жапо­ния, АҚШ, Син­гапур, Аустралия, Ма­лайзия, Оң­­түстік Корея, Тайвань ел­деріне сатады.

Алтыншы – екеуі де дамыған мем­лекеттер қатарына енуге ар­налған стра­тегиялық жос­пар құрған және сол жоспарды біртіндеп жүзеге асы­­рып, қарыш­тап дамып келе жат­­қан мемлекеттер. Бұл орайда, Елба­сы Н.Назарбаев «Қазақстан алдына әлемнің ең дамыған отыз елі­нің қатарына ену міндетін қойды. Өз кезегінде Индонезия эко­номика аясын ұлғайту және жедел дамыту жө­ніндегі бас жоспарын қабылдады. Бұл ел 2025 жылға қарай әлемдегі эконо­микасы ірі он елдің қатарына кіруді көздейді. Осылайша, екі ел өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі», – деген болатын.

Жетінші – және ең бастысы, екі ел де ұлтаралық, дінаралық ынтымаққа ерекше көңіл бөледі, ұлыстары айрандай ұйып өмір кешіп жатқан бейбіт елдер қатарынан саналады. Бұл екі елдің арасын экономикалық мүд­деден бөлек, әлемдік діндер арасындағы ынтымақ пен бей­біт­шілік мәселесіндегі үндестік етене ете түседі.

Оның сыртында, Индонезия Қазақстан үшін үлкен нарық. Діни төзімділікке үндеуде және терроризммен күресте сенімді серіктес. Міне, осы жеті ұқсастық пен мүдделестік тағы бір үлкен, жоғары дең­гейдегі кездесуге жол ашты. Мем­­лекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенат Төрағасы Қа­сым-Жомарт Тоқаев 13 наурызда Ин­до­­не­зияның Пре­зи­денті Джоко Видо­домен кез­десті. 

Алдымен Жоғарғы палата Төр­ағасы Ин­до­незия басшысына Елба­сының биылғы қазан айында Қазақ­станға мемлекеттік сапармен келуге және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысуға шақыруын жеткізді.

Қ.Тоқаев Президент Джоко Ви­до­домен әңгіме барысында Аста­надағы дінаралық форум дін көшбас­шыларымен қатар әлемдік деңгей­дегі саясаткерлер де бір үстел басында бас қосатын үнқатысу алаңы ре­тінде мойындалғанын айтты. «Съезд жұмысына БҰҰ Бас хатшысы, көптеген мемлекеттердің бас­шылары, халықаралық ұйым­дар­дың жетекшілері қатысты. Съез­дің діндер мен мәдениеттердің ара­сын­дағы жалпыға бірдей үнқаты­суын ілгерілетуге қосқан үлесі БҰҰ Бас Ассамблеясының қарар­лар­ында атап өтілді», – деген Сенат Төр­ағасы, – «Оң­түс­тік-Шығыс Азия­дағы жетек­ші елдердің бірі – Индо­не­зия­мен жан-жақты әрі өзара тиім­ді ынтымақтастықты дамы­­туға Қа­зақстан ерекше маңыз береді. Кейінгі жылдарда екі­жақты қаты­настардың барлық бағыттары бойын­ша, атап айтқанда, сауда-экономи­ка­лық, аймақаралық, мәдени-гу­мани­тарлық және парламент­аралық өзара іс-қимыл салаларында оң өзгерістер көрініс тауып отыр», – деді.

Исламдық қаржыландыру сала­сын­дағы Индонезияның мол тәжіри­бесін ескере отырып, Қазақстан тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында Индонезия қаржы институттарын жұмысқа тартуға ықылас білдіріп отыр. Мемлекет бас­шысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің басым бағыт­тарының бірі ретінде ислам қар­жыландыруын атаған болатын. 

Сенат басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі ке­ңе­ске Индонезия өзінің қатысу дең­­гейін көтеретініне үміттенетінін жет­кізді.

Джоко Видодо өз кезегінде Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың Қазақ­станға шақыруына орай алғыс айтты және саяси, экономи­калық және мәдени екіжақты байланыстарды ұлғайту мақсатында барлық шараларды қабылдау жөніндегі ниетін білдірді. Сенат Төрағасы Индонезияға сапары барысында бұдан да басқа бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. 

Қ.Тоқаевтың Индонезия Ха­лық өкілдері кеңесінің Төрағасы Бамбанг Сусатиомен кездесуі өте әсерлі өтті. Әрине аталулары басқа болғанымен заң шы­ға­рушы әріптестер болған соң парла­ментаралық байланыстарды тереңдету мәселелері әңгіме өзегі­не айналды. Кездесуге қа­ты­су­шы­лар Қазақстан мен Индо­­незияның өзара ынтымақтас­тығын нығайтуда парла­ментаралық құрамның маңызды рөлін атап өтті. Қ.Тоқаев екі елдің заң шығару органдарында қызмет ететін депутаттық достық топтарының жұ­мысын өрістетуге шақырды. Өз кезегінде Бамбанг Сусатио Қ.То­қаевты биыл қыркүйекте өтетін кон­фе­ренцияға шақырды.

Жалпы, бұл елде Қазақстанмен сауда-экономикалық, рухани-мәдени, ауыл шаруашылығы, басқа да көптеген салалар бойынша тиімді әріптестік байланыс орнатуға деген ықылас басым. Журналистер қауымы да біздің ел туралы көбірек білгісі келеді. Осыған орай, Индонезия Халық өкілдері кеңесінің Төрағасы Бамбанг Сусатиомен кездесуінен соң Қ.Тоқаев келіссөз қорытындысы бойынша баспасөз өкілдерінің алдында сөз сөйледі.

«Индонезия Халық өкілдері кеңесінің Төрағасы Бамбанго Суса­­тиомен іскерлік және достық тұр­ғысындағы келіссөздерде Қазақстан мен Индонезия ынтымақтастығының ауқымды әрі маңызды салалары бо­йынша егжей-тегжейлі әңгіме болды. Біз келіссөздер барысында екіжақты ын­тымақ­тастықты нығайтудағы пар­ла­мент­аралық үнқатысудың рөліне ерек­ше назар аудардық», – деді Төраға.

Индонезия Президенті Джоко Видодоға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысуға шақыруын табыс еткенін айтқан Сенат Төрағасы бұл форум жер жүзіндегі ең ірі барлық діни қауымдастықтардың өкілдерін біріктіретін ауқымды үнқатысу алаңы болып табылатынын, дәстүр бойынша ондағы пікірсайыстарға әлемдегі ықпалды саясаткерлер қатысып келе жатқанын, олардың ішінде БҰҰ Бас хатшысы, Иордания Королі, Финляндия Президенті және басқа да танымал тұлғалар болғанын жеткізді. «Біз әлемдегі мұсылман халқы көп елдердің бірі – Индонезия басшысының съезге қатысуы оның жұмысына жаңа серпін береді деп ойлаймыз», – деп атап өтті Төраға. 

Қазақстан Сенатының Төрағасы мен Индонезия Халық кеңесшілері конгресінің Төрағасы Зулкифли Хасанмен әңгіменің тақырыбы парламентаралық байланыстарды нығайтудың келешегі туралы болды. Қ.Тоқаев Қазақстанның саяси жүйесінің ерекшеліктері туралы хабардар етіп, Парламент Жоғарғы па­латасының конституциялық өкі­леттіктері жайында әңгімелеп берді. 

Бір қызығы, Халық кеңесшілері конгресінің мүшелері Төрағасы Зулкифли Хасанннан бастап кездесуге, галстуксыз, өздерінің ұлттық киімі – бати көйлегін киіп келіпті. «Біз мұны аса сыйлы қонақтарға құрмет көрсеткіміз келгенде киеміз», деді Төраға. Сондай-ақ әңгіме барысында Зулкифли Хасан «Сіздер Қытай мен Ресей сияқты алып елдермен шекараласасыздар. Жерлеріңіз үлкен, өздеріңіз тым аз екенсіздер, шекараны қалай сақтайсыздар?», деп таңдана сұрады. Бұл 260 мил­лионның 18 миллионға қойған сұрағы. Бұл сұраққа Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемнің кемел ойлы сая­сатшылары қатарынан саналатын Қазақстан Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ шекараны шегендеуге ерекше күш салған болатын. Сөйтіп көрші мемлекеттермен қажетті құжаттар құнтталып, келісімдер түзілді, заңдастырылды. Біз нені болса да көршілерімізбен іскерлік, әріптестік жағдайда, заң аясында, бейбіт жолмен шешеміз. Көршіні таңдау мүмкін емес. Ал онымен тату өмір сүру – міндет», деп жауап берді. 

Екі елдің белсенді экономикалық байланыстар орнатуына логистика, көлік мәселесінің кедергі болып отырғаны белгілі. Сол мәселе Сенат Төрағасының Индонезия Вице-президенті Юсуф Калламен кездесуінде тағы көтерілді. Қ.Тоқаев іске қосылатын жаңа көлік-логистика бағдарларының келешегіне, бірінші кезекте Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен ҚХР-дың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының ұштасу жоспарына байланысты жаңа мүмкіндіктерге тоқталды. Атап айтқанда, «Қазақстан – Ляньюньган порты (ҚХР) – Азия-Ты­нық мұхиты аймағындағы теңіз порт­тары» көлік дәлізінің мүм­кін­дік­тері сауда-экономикалық ынты­мақ­­тас­тығын тереңдетуге ықпал ете­тін болады. 

Айтпақшы, Қазақстан мен Ин­­донезия арасында тағы бір ұқ­састық бар. Ол екі елде де ауыл ша­руашылығы экономиканың басты саласы болып табылатындығы. Егер Индонезия хал­қының саны 260 миллион екенін ескерсек, экономикалық бай­ла­ныстар күшейе түсіп, жүк тасы­малы, транспорт, логистика мәсе­лесі өз деңгейінде шешілсе, қазақ­стандық ауылшаруашылық өнімін өн­ді­рушілерге 17 мың аралдан тұратын алып ел үлкен нарық екені анық.

Әділбек ҚАБА,
журналист