Аймақтар • 14 Наурыз, 2018

Ерейментаудағы тауарлы-сүт фермасы елорда тұрғындарын сапалы сүт өнім­дерімен қамтымақ

390 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қытымыр қыстың етек-жеңіңді кеу­леп, тұла бойыңды мұздататын суық желі мен бет шымшитын шыңылтыр аязы «Хамзе» шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасының буы бұрқыраған мал қорасының табалдырығын аттаған сәтте сыпырылып сыртта қалған. Іште тамыздың тамылжыған күніндей майтоңғысыз жып-жылы екен. Симментал тұқымдас жардай сиырлар алаңсыз оттап тұр. Зеңгі бабаның көп жұрттың көзіне түспеген тұқымы айрықша ірі, қоңды, шоқтығы биік, қабырғасы бітеу мал екен. 

Ерейментаудағы тауарлы-сүт фермасы елорда тұрғындарын сапалы сүт өнім­дерімен қамтымақ

Мал қораның іші тап-таза, көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Алдымен көзіміз оттыққа түскен. Өзгеше оттық. Біз көр­генде сырғауылдан, әйтпесе сәбидің біле­гіндей темірден жасалушы еді. Әлгі оттық­тардың алқымы малдың алдынан қалған қырқындыға толып тұратын. Ал бұл жердегісі біз көрмеген өзгеше оттық. Тіпті мал алдына салынған байытылған құрамажемді көмкерген де ештеңе жоқ, тек түбіне керамикалық тақташалар төселіпті. Мамандардың айтуына қарағанда, шіріген қырқынды шөп мал ағзасына зиян. Ал, құрама жемнен бір уыс та қалмайды. «Тілмен жалағандай» дейтұғын тазалықты аңғартатын сөз тіркесін осы жерге қолдансақ айна-қатесіз дәл келетін тәрізді. 

Әлденеше жыл егін егумен ай­налысқан аға­йынды Сағидолла, Қа­биболла, Қайыр­бай, Ержан Биекеновтер әр жыл сайын он мың гектарға жуық алқапқа дәнді дақыл сіңіретін. Күш қаптал жетіп, мүмкіндік он мың гектарды орап алғанымен, Ерейменнің етегі талапты ерге де сараңдау. Егін шыққан жылдың өзінде гектарына 7-8 центнерден айналуы мүмкін. Әйтпесе, әр жыл сайын гектар айналымы небары 2,5-3 центнерден аспайды. Биыл қарғаның миы қайнайтын жаздың ыстығында тура жетпіс күн бойы зеңгір көктен нәр тамбаған. Шө­ліркеген даланың шөлі қанбаған соң өнім туралы не айтарсыз. Бірақ соның өзінде де шаруа қожалығы азын-аулақ өнімінен пай иелеріне тиісінше астығын, шөбін, сабанын беріп тұрады екен. 

– Ел өзіміздікі болған соң шығымы мол, топырағы құнарлы, жайлы жер іздеп жы­лыстап кете алмайсың, – дейді шаруа қожалық басшысы Ержан Биекенов. Алдағы уақытта суармалы егістік мәселесін шешкіміз келеді. Сонда ғана бұл жерден тәуір өнім алуға болады. Әйтпесе еңбегің – еш, тұзың – сор. 

Шаруа қожалығының басшысының айтуына қарағанда, көктен иіп, жерден беретін жомарт жыл төрт-бес жылда бір-ақ рет қайталанады екен. Оған дейін тұқымы, жанар-жағармайы, меха­низатордың еңбекақысы, тыңайтқышы деген тәрізді  толып жатқан шығындардың өзін әупірімдеп әзер жабады. Соның өзінде таудан-тас­тан беті қайтпаған талапты жандар жер емшегін ембек болып талаптанып тырбануда. Жалғыз өздерінің игіліктері үшін емес, жалпақ жұрттың жайы үшін. Әуел баста әрқайсысы жеке-жеке кәсіп қылса, кейін берекенің бірлікте екендігін санамен салмақтаған ағайынды жігіттер үш шаруа қожалығы мен бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің күш-қуатын бір жерге шоғырландырып, тауарлы-сүт фермасын құруды қолға алған. Бұл ойдың өзі Ержан Германияға бір себеппен барған кезінде туындаған көрінеді. Әр ісіне мұқият неміс ағайындардың мал фермасындағы істің жайын көрген Ержан таң-тамаша қалса керек. Малдан жоғары өнім алып отырған немістің қолынан келген іс қазақтың қолынан неге келмесін?! Оның үстіне төрт түлік малды өсіру ұлты­мыздың әлмисақтан келе жатқан еншілі шаруасы. Бірақ бұрынғы қалыппен, ескі сүрлеумен жүре беру ендігі арада ұтымсыз екен. Ұтымдысы – бұл салада да жаңару, жаңғырту қажет. Көш басын алға түзеп, әлденеше қырдан асып үлгерген неміс малшыларының соныға салған соқпағына түсіп, алға ұмтылу түптеп келгенде мал өнімін молайтуға кең жол ашпақ. 

«Хамзе» шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасын құру жөніндегі инвес­тициялық жобасы 400 басқа шақталып есеп­телген. Әрине, мал баққан соң мал азығы маңызды. Онда да бұрынғыдай оттық­ты шөп пен сабанға толтыру маңыз­ды мәселені біржола шеше алмайды. Сиырдың сүті тілінде екендігін бұлар да жақсы біледі. Сондықтан мал азығын өңдейтін, тәулігіне бес мың тонна өнім дайындауға қуаты қаптал жететін шағын мал азығы зауытын салып алды. Жалпы, осы жобаның құны 300 миллион теңге болатын болса, оның 275 миллион теңгесі «Ерейментау агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің несие серіктестігі арқылы бөлініп отыр. Ал 25 миллион теңгесі шаруашылықтың өз қаржысы. Сол өз қаржысына қаңырап қалған ғимаратты қайтадан жабдықтаған. Құрқылтайдың ұясындай жұтындырып мал қораға айналдырған. «Елочка» деп аталатын сауын аппаратын орнатқан. Германиядан симментал тұқымды 129 бас сиыр әкелген. Күні бүгінге дейін оның 120-сы бұзаулапты. Бұзаулардың әрқай­сысына ат қойылып, нөмірленген. Тәулік­тік салмақ қосуы, өсіп-жетілуі мұқият қадағаланады. Әрқайсысына төрт-бес төлден сиятын жеке орындар дайындалған. Жаңа туған бұзаудың үстін кептіретін, жылы леп соғатын жәшіктер де жасалыпты. Әр бұзауға өз енесінің сүті ауыстырылмай берілуі қатты қадағаланады. Бұл да бұзаудың ауырып-сырқамай, жедел өсіп-жетілуіне қажетті қағида.

Үстіміздегі жылдың тамыз айынан жел­­тоқсан айына дейінгі аралықта 24,5 тон­на сүт өндірген. Ферманы таза сумен қам­­та­масыз ететін құбыр қазылған. Қазір су орта­лықтандырылған құбыр арқылы өт­кізі­ліп, сауын сиырларға жылытылып бе­рі­леді. Мал қыстатуға 200 тонна шөп, 700 тонна сүрлем дайындалған. Жаңа жоба­­ның арқасында он адам жұмыспен қамтыл­ған. Олардың еңбекақысы 60 мың теңге тө­ңі­ре­гінде. Қазір фермада үш сауыншы, екі бұзаушы, үш малшы жұмыс істейді. 

Сауын жүйесі немістің осы заманғы, ең озық технологиясына сай жабдықталған. Сауын аппараттары да баяғы кеңес заманындағыдай сүтпен қоса қанын соратын жебір емес. Желіндегі сүт сарқылған кезде компьютердің бұйрығымен өзінен-өзі тоқтатылады. Тағы бір ғажабы, ақылды тех­ника сүт құрамын да анықтай алады. Айталық, сауын сиырдың ағзасында кінә­рат болса сүт құрамы да бұзылмақ. Міне, осы сәтте әрқайсысы жеке-жеке нөмірмен белгіленген сауын сиырдың қайсысының сүті бұзылғандығын компьютер көрсетіп берген соң бірден мал дәрігері келеді де, ауру малды бөлек қоршауға қамайды. Со­дан соң ауру себептері анықталып, емдейді. Демек, тауарлы-сүт фермасының өнімі осындай жаңа технологияның арқасында сапалы әрі сенімді деуге болады. Әдетте қыс түсе қожырайтын сүттің майлылығы қазір 4,2 пайызды құрайды екен. Бұл осы төңіректегі ғана емес об­лыстағы ең жоғары көрсеткіш. Әрі етті, әрі сүтті симментал тұқымды сауын сиырлар тәулігіне 18 литрге дейін сүт бере алатын мүмкіндігі бар. Ол үшін мал азығы сай болуы керек. Жоғарыда айтқан мал азығын дайындайтын цехта шөбі, сабаны, сүрлемі, тұзы, әртүрлі дәрумендері ғылыми не­гізделген ұсынысқа сай ұнтақталып дайын­далады. Алдағы уақытта мал азығын мо­лайту үшін екпе шөп егу жоспарланып отыр. 

Осы арада тағы бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Қияндағы техноло­гиясы озық, тәжірибесі мол Германия­дан асыл тұқымды мал жеткізіп, Астана­ның түбіндегі азық-түлік белдеуін нығай­тып, елорда тұрғындарын сапалы сүт өнім­дерімен қамтамасыз етуді жоспар­лап отырған осы инвестициялық жоба­ға несие жылдық өсімі 14 пайызбен бері­ліп отыр. Әуел баста 7 пайызға беріле­ді деп уәделескен екен, кейін үйдегі ойды базар­дағы нарық бұзып, несиенің жылдық өсімі екі есе қымбаттап кеткен. Негізін­де бұл алға басқан қадамға тұсау салған­мен бірдей. Демек, азық-түлік молшы­лы­ғын жасауды армандаған дәл осындай тия­нақты да бекем іске береке байлануы үшін несиенің жылдық өсім пайызын төмендету керек-ақ. Әйтпесе әр бас сиырды алыс шетелден 1 миллион теңгеге әкеліп, жыл он екі ай бойы қорадан шығармай бағу, оның талапқа сай жем-шөбін тауып беру малсақ қауым үшін ауыр-ақ. Қорадан шығармайтыны, жер­гілікті жердегі жайылым сапасына байланысты, оның үстіне асыл тұқымды мал тым кірпияз, жайылымнан ауру жұқ­ты­руы да әбден мүмкін. Сондықтан қымбат малды көздің қарашығындай сақтап, айтып келмейтін ауру-сырқаудан аман алып қалу үшін жыл бойы қораға қамап бағады. 

Сөз соңын түйіндей келе, ақты молайтып, ел ырыздығын еселеуге үлес қосып отырған ағайынды азаматтардың еңбегі айрықша құрметтеуге әбден лайықты. Ел ішінде осындай ілкімді істер көбейсе, аузымызға тиер ақ аз болмас еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы