Тарих • 14 Наурыз, 2018

Мағжан - Түркі әлеміне ортақ тұлға - Зарқын Тайшыбай

785 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Саналы ғұмырларын тәуелсіз мемлекет құру мақсатына арнаған, елдік мүдде жолында жандарын құрбан еткен Алаш арыстары мен қайраткерлері арасында Мағжанның есімі Түркі әлемінде де зор ілтипатпен, үлкен құрметпен аталады. Көзі жұмылғанша «қазағым, алашым» деп жырлап өткен ақиық ақын әлдеқашан мойындалып, теңдессіз рухани тұлғаға айналғаны талассыз шындық. Бұл орайда түркітілдес мемлекеттер шеңберінде «Мағжан Жұмабаев жылы» жарияланып, айтулы іс-шараның Түркиядан бастау алуының мәні де, маңызы да зор айтулы оқиға болды. Біз Қазақстан делегациясы құрамында бауырлас елге сапарлап қайтқан белгілі ғалым, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын ТАЙШЫБАЙМЕН жүздесіп, алған әсерлерімен қоса ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты әрқилы тұжырымдар жайлы айтып беруін өтінген едік.

Мағжан - Түркі әлеміне ортақ тұлға - Зарқын Тайшыбай

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы ұйым­дыстырып, оннан астам мемлекет өкілдері қатыс­қан симпозиум барысында Мағ­жан бабамызға көр­сетілген зор құрмет ерек­ше аңғарылып тұрды. Неге дейсіз ғой? Өт­кен ғасырдың 20-шы жылдары түрік бауырлардың басына түскен қасіретті күндер Мағжанды бейжай қалдырмағаны, оның «Алыстағы бауырыма» деген атақты өлеңін жазып, қаражат жи­нау ісін ұйымдастырғаны белгілі. Осындай қиын шақ­та қайғыларын бөліскен Мағ­жанды бү­гінге дейін төбелеріне көтереді. Қазір онда жер­лесіміздің атында мектеп, көше, саябақ бар. «Мағжан Жұмабаев жылы» салтанатты жағ­дайда Анкарада ашылып, Кастамону қала­сында жал­ғасты. Онда ел басшылары, көрнекті тұлғалар, ғалым­дар, зерттеушілер сөз алып, ұлы ақынға деген те­рең сүйіспеншілік сезімдерін жет­кізді. 

– Зарқын Сыздықұлы, қайраткерлігі, шы­ғар­машылығы керемет қуатты Мағжан секіл­ді кесек тұлғаға қатысты құнды мағ­лұматтарды, тың дүниелерді тауып, кітап етіп шығардыңыз. Мағ­жан әлі толық зерт­тел­меген тұңғиық мұхит деген сөзді жиі қайталауыңыздың себебін түсіндіре кет­­сеңіз?

– Менің бір аңғарғаным, Мағжан 1912 жы­лы жарық көрген «Шолпан» атты алғашқы өлең­дер жинағынан бастап орыс патшасына да, ке­ңес өкіметіне де жақпаған. Татарстан мем­лекет­тік мұрағатының 420-қорында сол кездегі Қа­зандағы баспаханалардан қазақ және татар тілдерінде басылып шыққан кітаптарға байланысты цензура құжаттары жеке сақтаулы. Қа­зан университетінің профессоры, тегі ха­кас, қазақшаға жүйрік, шығыстанушы Нико­лай Катанов бастаған аудармашы топ қа­зақ тілінде шыққан әрбір кітапты шұқшия тек­серіп, орыс мемлекетінің отаршылдық саясатына қарсы-ау деген пікірлер іздеген. Өздері тап­қан «қылмысты» деректерді Петерборға, ішкі істер министрлігіне жолдап отырған. Мағ­жанның «Шолпанынан» «күдікті-ау» деген өлең жолдары мен шумақтарды жолма-жол орыс­шаға аударып, кейбір сөздердің астарлы мағынасын ашып көрсеткен. Мысалы, Мағ­жанның «Жатыр...» деген өлеңінен: «Кең жері күннен-күнге құрып жатыр, Сұр жылан қа­нын-сөлін сорып жатыр...» деген екі жолды «Ши­рокая земля (казаха) что ни день, гибнет, А чер­ная змея всю кровь его (казаха) сосет» деп тәржімалаған. Шын мәнінде «Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің, Құл болдың қара табан енді малсыз. Қарағым, арыстаным, қайратты ерім, Тұрдың ба қару қылмай, құр амалсыз? деп шырқыраған бозбала ақынның жан дауысы қалың қазақты оятып, тарихтан өзіне лайық орын іздеуге бастағандық еді. «Шол­панның» таралуына тыйым салынып, автор­дың соңына әкімшілік бақылау қойылған. Кейін кеңес дәуірінде мұның бәрі қара күйе болып жағылды.

– Мемлекет билігін заңсыз басып алған боль­­ше­виктердің де орыс емес халықтарға жай­­лы бола қоймайтынын қайран ақын бас­тап­­қыда түсіне алмады деген ойыңызды тар­қата айтсаңыз?

– Шындығы сол. 1919 жылы Казревком құ­рылып, 1920 жылы автономия мәртебесі бері­ліп, қазақтың ұлттық мемлекетінің нышаны бай­қал­ғанына Мағжандардың қатты қуанғаны рас. «Кедей сөзі» газетіне «Автономия кім­ді­кі?» деген мақала жазып, «Айлы, күнді, қанды от­ты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. ...Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаш­тікі»... «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған, Ер қазақтың автономия­сы бұл!»деп жауап береді. Ал «Екіден – бір» деген мақаласын былай аяқтайды: «Қазақ төң­керісті өзі жасаған жоқ. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да теңдікке қо­лы жетпеген... Отаршылдықтың жарасы әлі жа­зылмаған» жағдай еді. Мұндай жағдайда «Қа­зан төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайды». 

– Бұрынғы ескі тәртіптің бәрі теріске шыға­рыл­ғанмен іс жүзінде сол күйінде қала бер­ді емес пе?

– Сонау Екатеринаның империялық зама­нында басталған тыңшылық, қудалау, жа­зықсыз жазалау тәртібі кеңес заманында одан әрі жалғасты. Патша жандармериясының құпия қағаз­дарын коммунист-чекистер социалистік қоғам жағдайында өз қажетіне пайдаланды. Сол күндердегі жағдайды танып-білу үшін бас­пасөз деректеріне жүгінейік. Петропавл қа­ласында орыс тілінде шығып тұрған гу­берниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың 11 маусымында Мағжанның «Сары­арқа­дағы аштық» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланады. Онда қазіргі қазақ даласы Екатерина заманындағы Сарыарқа емес екендігі, сүрленген жылқы еті тау болып үйіліп, сары қымыз дария болып ағып жатпағаны, аштықтан бұратылған қазақтардың шырқырап жан даусы шығып жатқаны еш бүкпесіз баяндалады.

– Мағжанның өмірбаяны да, шығарма­шы­лық жолы да «тар жол, тайғақ кешуге» толы болған­дықтан ба асығыс, негіз­сіз айтылған ұш­қары пікірлер мен тұжы­рым­дар жиі кездесіп жата­ды деген тағы бір уәж айтасыз?

– Мағжанның бағы ма әлде соры ма, әрбір өлеңі назардан тыс қалмаған тәрізді. Сонымен қа­­тар Мағжантану көшінің ұшар басында Алаш кө­семі Әлихан Бөкейханның тұруын жау­лары оң­тайлы пайдаланған сияқты. «Мағжан қазақ жас­­тары ой-санасының әміршісі» деген сөздерді Смағұл Сәдуақасов айтқан. Мағжан да, Алаштың бас­қа да көсемдері де өздерінің ұлт­шыл екендігін жасыр­ған жоқ. 

– Өткен жылдың аяғында «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы шеңберінде респуб­ли­ка­­лық «Мағжанға тағзым» экспедициясы облыс­қа келіп, бірқатар мәнді кездесулер ұйым­­­дас­­тырды. Сонда оның құрамында бол­ған 97 жас­тағы Абдолла Әбдірахманов ақ­сақал Мағ­жан­мен Магаданда айдауда бір­ге болға­нына, көр­геніне, ақтық сапарға шы­ғарып сал­ға­ны­нына нақты деректер кел­тірді. Бұған алып-қо­сарыңыз бар ма?

– Мен де осы ұстанымды жақтаушылардың бірімін. 1938 жылы ату жазасына кесілді деген үкімді ақтық ақиқат ретінде қабылдауға бол­майды. Өтірікке жаны қас Бауыржан Момышұлының Мағжанды көрдім деген есте­лігін еске түсірейікші. Сол сияқты Хамза Абдул­лин, тағы басқа адамдар­дың айтқандары да шындық ауылына бір қадам жа­қын­дай түседі. Экспедиция мүшелерімен кез­десудің бірінде облыстың құрметті азаматы Болат Са­ғындықов ағамыз әкесінің атылғаны жө­нінде бір жапырақ қағаз алғанымен, кейін Қара­ғандыдағы түрмеде өкпе ауруынан көз жұм­ғаны жайлы ресми дәйектелгенін айтты. Көп адамдарға атылды деген құжат толтырылып, шын мәнінде ұзақ жылдарға сотталғаны, түрлі қара жұмыстарға жегілгені тарихтан белгілі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы