Білім • 14 Наурыз, 2018

Ашық сабақ: Робот-техника курсының үйретері көп

2195 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда оқушылардың ғылыми, жобалық көзқарастарының қалыптасуына мектептегі робот-техника курсы өз үлесін қосуда. 

Ашық сабақ: Робот-техника курсының үйретері көп

Робот-техника STEM-білім берудің мазмұнына мысал бола алады. «STEM» аббревиатурасы ғылым, технология, инженерлік және математика сөздерінен құралған. Яғни робот-техника математика, физика, информатика және технология ғылымдарынан құралады. Оқушылар осы пәндер бойынша білімдерін кіріктіріп, ақылды роботтар жобалай алады. Бұл әрине, оқушыларға өте қызықты.

Балалардың қызығушылықтарына сай білім беру үшін сәйкесінше педагогтардың да кәсіби біліктіліктері жоғары болуы керек. Осы мақсатта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында былтырдан бері «Робот-техника негіздері» тақырыбында 72 сағаттық курс ұйымдастырыла бастады. Біліктілікті арттыру курсының оқу бағдарламасында Lego Mindstorms EV3 модулі мен Arduino UNO микроконтроллерінің мүмкіндіктері, жұмыс принциптері және функциялары қарастырылады. Курстың мақсаты – мектептің информатика, физика және математика пәні мұғалімдерінің робот техника саласындағы білімдерін жетілдіру. 

Курс барысында тыңдаушылар шағын топтарға бірігіп жұмыс істейді. Мониторингтік сараптама нәтижесінен тақырып бойынша тыңдаушылардың көпшілігі теориялық жағынан ақпараттанғандығы байқалды. Соған орай тыңдаушылардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге, әр шағын топта физика, математика және информатика пәндері мұғалімдерінің болуын қамтамасыз етуге тырыстық. 

Шағын топтарда отырған түрлі пән мұғалімдері жаңартылған білім беру идеясы бойынша пікір алмасып, бірін-бірі бағалады. Тыңдаушыларға дайын презентациялармен қатар интернет ресурстар, шағын жобаларға бастау болатын зертханалық жұмыстар ұсынылады. Тапсырмаларды орындау барысында әр шағын топ шығармашылық қабілеттерін қосып, басқа топтармен тәжірибе бөлісті. Жаттығуларды орындауда жаңартылған форматта білім берудің әдіс-тәсілдерін барынша қолданып, барлық тыңдаушыны қамту көз­делді. Тыңдаушылар шағын топтарда Lego және Arduino платформаларында курс бойынша меңгерген тәжірибелік дағдыларын қолданып, жобалар құрды. Lego модулінде өндірістік қажеттіліктерге сай роботтар құрастырып, белгілі бір функциялық қызметтер атқаруды жүзеге асырды. Ал Arduino платформасында әртүрлі тетіктерді жекелей іске қосып, күнделікті өмірде кездестіріп жүрген құрылғыларды жасақтады.

Мысалы, қозғалыс тетігі арқылы жарықтың жануы және сөнуі, дыбыс беру арқылы бөлмедегі жарықты іске қосу сияқты іс-қимылдар бар. Қысқа мерзімді курс­ты аяқтау кезінде тыңдаушылардың кәсіби білім дең­гейін анықтау мақсатында шығыс сауалнамасы жүр­гізілді. Сауалнама нәтижесінен тыңдаушылар білі­мінің жеткілікті деңгейге көтерілгені байқалды. Жаңа ақпараттар еліміздің өнеркәсіп саласын жасанды интеллект технологиялары арқылы басқарудың іргетасы болады деп сенемін. 
Яғни робот құрастыру арқылы оқушылар та­ным­дық, практикалық көзқарастарын қалып­тас­ты­румен бірге түрлі эксперименттер жүргізіп, нақты тұ­жырымдамалар мен қорытындыларға қол жеткізеді. 

Әскербек ДӘНДІБАЕВ, 
техника ғылымдарының магистрі, «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталығы» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі