Театр • 15 Наурыз, 2018

Хабиба Елебекованың естелік сыры

533 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Журналистік жылдарымыздың бедерінде бұл оқиғаны Қазақ­стан­­ның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова апамыздың ша­ңы­­рағында отырып естіп едім. Кейін журналистикадағы «жиендер» төмендегі оқиғаны сұхбаттан айна-қатесіз, жолма жол үзіп алып, ешбір сілтемесіз талай жерге жариялап жүрді. Өкінішті.

Хабиба Елебекованың естелік сыры

Өнер өлімнен де биік

Өнерге қызмет ету оңай емес... Оның жолына ғұмырын сарп етіп, өмі­рін садаға еткендер қаншама?!

Хабиба апамыздың естелігі бойын­ша 1927 жылы Қазақстанның бір топ өнерпаздары Мәскеудегі Ұлт­тар кеңесінің жиынынан кейін өте­тін концертке шақыртылады. Бұл Мәскеуді дүр сілкіндірген қазақ өне­рі мен әдебиетінің он күндігінен бұ­рын болған шара.

Қали Байжанов, Серке Қожам­құ­лов, Елубай Өмірзақов, Иса Бай­за­қов, Әміре Қашаубаев, Жұмат Ша­нин, Жанбике Шанина, Қалибек Қуа­нышбаев, Хабиба Елебекованың ту­ған апасы Дәмила Оңғарбаева, Ғаббас Айтбаев сынды өнер адамдары Мәскеуге кетіп бара жатқанда мынадай оқиға болады. «Жұмат пен Жанбикенің емізулі баласы бар екен. Сол бала жолай өкпесіне суық тиіп ауырып, пойызда қайтыс болады. Енді не істеу керек? Баланың өлгенін білсе, пойыздан түсіріп тастайды. Ал, түсіріп тастаса, концерттен қаласың. Бұл кеңес өкіметінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған заман ғой. Содан не істерлерін білмей, бәрі қатты сасады. Жұмат әйеліне: «Жанбике, баланың өлгенін ешкімге білдіре көрме. Жылама! Не болса да жетейік», дейді. Екі тәулік бойы Жанбике өлген баланы емізген сияқты болып, құшақтап отырады. Мұншама қасіретті көтеруге қаншама күш керек екендігін бастан өткермек түгілі, жәй елестетіп көрудің өзі қорқынышты.

«Сол кезде Мәскеуде түскен суреттерде Құрманбек пен Елубай жоқ. Пойыздан түсе салысымен ба­ланы қоюға алып кетеді. Кейбір жер­лерде Жұмат Шаниннің суреті жоқ» деген Елебекова естелігін былай жалғастырды: «Өнер адамының өмі­рінің қиындығының өзі осында. Ха­лық үшін еңбек етеді. Халықтың айт­қан аманатын орындау үшін өмір сүреді. Білмейтін адамдар өнер адам­дарының өмірі жеңіл деп есеп­тей­ді ғой. Ойнап-күліп өмір­ле­рін өткізеді деп ойлайды. Ыстығың 40 градус болып көтеріліп тұрғанда алмастыратын адам болмаса, саған сахнаға шығуға тура келеді. Сахнаға шық­қанда жаңағы ауруың қайда кет­ке­нін білмей қаласың. Неге? Ха­лық­тың алдындағы жауапкершілік се­нің ауруыңнан биік. Өнер өлімнен де биік. Іштен шыққан баланың мәй­і-
тін екі күн бойы құшақтатып отыр­ғызып қой­ған да осы. Мысалы, Елубай Өмірзақовтың баласын оң жаққа салып қойып отырғанда Мал­табай де­ген күлдіргі жеңіл рөлді ойнауға ту­ра келгені есімізде. Жүсіпбек Еле­бе­ковтің, яғни біздің Ардақ деген баламызды жерлеп келген күні оған да концертке шығуға тура келген. Міне, өнер адамының тағдыры осындай».

 

Азалы күйде сахнаға шықты

Өнер адамының міндеті сахна киесіне адалдық болса, журналистің де жауапкершілігі жеткілікті. Әр оқиғаны ақиқатынан ажыратпай, оқырманға жедел жеткізу парызың. Біраз уақыт бұрын бізге Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының 75 жылдық мерейтойлық сән-салтанатын театр
ғимаратының ішінде қалдырып қоймай, қалың оқырманға насихаттау қажет болды. Керемет кеш ту­ра­лы қанағаттанғандық сезіммен қа­лам тербей отырып, Майра Мұха­мед­қызының мықтылығын жазуға ту­ра келген-ді.

Оның тәңірден берілген талантын жұртқа бөлек баяндаудың қажеті тіпті шамалы. Жұма күні ғана әкесін қа­ра жердің қойнына беріп, қара жа­мылып отырған азалы әнші сенбі кү­ні сахнаға жарқырап шығуға кү­ші жетеді деп театр ұжымы да күт­пеген. Жарты жыл бойы бүкіл ұжым болып дайындалған, ұжым болып күткен дәл осы мерейтойда театрдан өзін көргісі келетін қа­лың көрермені үшін қам көңілін қа­за еткен әнші табынуға сөзсіз тұ­ра­ды. Сильва болып сайраған өнер бұл­бұлы осыдан кейін сахнадан кө­рінбеді. Жауапкершілік дегенді тү­сін­бейтіндер, Майраның жанкешті ең­бек­қорлығын «өлермендік» деп өзеу­рейтіндер, талантымен келген табыстарын «пысықтық» деп баға­лай­тындар бір уақиғаға да өзге қы­рынан қарауы да әбден кәдік.

 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

  АЛМАТЫ