Әлем • 15 Наурыз, 2018

Орталық Азия мүддесі бір арнада тоғысты

1260 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін


Бүгін Астанада Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі өтеді. Түрікменстанда жоғары деңгейдегі іс-шаралардың алдын ала жоспарлануына байланысты бұл елден Меджлис төрайымы А.Нурбердыева қатысады. 


Орталық Азия мүддесі бір арнада тоғысты

Соңғы 13 жылда Орталық Азия елдерінің басшылары көпжақты ұйымдар аясынан тыс жерде кездеспегендігін атап өткен жөн. Сондықтан Астанада аймақтағы қордаланған мәселелерді талқы­лауға мүмкіндік туғалы отыр. Бұл кездесу мемлекеттердің өзара байланысының нығаюына серпін береді деген үміт бар. Күрмеуі қиын мәселелердің шешілер орны да Астана болғалы тұр.

Мысалы, қазір Орталық Азия аймағында су ресурстарын тиім­ді пайдалануға байланысты келіс­пеушіліктер бар. Өңірдегі мол судың көзі Қырғызстан мен Тәжік­станда болғандықтан, олар көр­ші­лерінің тәуелділігін ес­ке­­ре бер­мейді. Оның үстіне, соң­­ғы жыл­дары суды уақтылы жібе­ру, көле­мін сақтау, судың сапа­сы­­на бай­ланысты келісімдер іші­н­ара орындалмай қалып жүр. Бұл жерде Орталық Азия мем­ле­­кет­­тері басшыларының саяси қара­ма-қайшылық ұстанымдары да кедер­гісін тигізбей қойған жоқ. Мысалы, дәл осындай дау Ө­збекстан мен Тәжікстан ара­сын­да туындады. Дегенмен, Өзбек­стан­ның қазіргі билігі соңғы кез­дері Орталық Азия мем­ле­кет­­терімен бай­ланысқа мүд­делі­лік таныта бас­та­ғанын бай­қап отырмыз. Өйт­кені жуырда ғана Өзбекстан бас­шы­сының Тәжік­­станға сапары екі мемлекет ара­сын­дағы қарым-қатынастың жақ­саруына едәуір әсер етті.

Орталық Азия экономикалары бірін-бірі толықтырып отыру­ға да қауқарлы. Мысалы, су электр стансалары қуатты Қыр­ғыз­стан мен Тәжікстан жазғы уақыт­та электр энергиясын экспорттай алады. Ал керісінше қыс мез­гі­лінде судың көлемі азайып, энер­гияға тапшылықтан көз аш­пай келеді. Дәл осы сәтте Қазақ­стан­ның өзінен артылған энер­гия­ны аталған мемлекеттерге экс­порт­тауға мүмкіндігі бар. Кеңес одағының тұсында Орталық Азияның энергетикалық жүйесі ортақ болатын. Бірақ бұл жүйе осы­дан он шақты жыл бұрын Өз­бек­станның сырт айналуынан кейін бұзылып тынды. Енді қазір өн­дірісі қарқын алып, электр энер­гиясына сұраныс артуына бай­ланысты Өзбекстан тарапы сол жүйені қалпына келтіруге қы­зы­ғушылық білдіріп отыр.

Орталық Азия өңірінде шеші­мін таппай отырған мәселе­лер­дің бірі – миграцияны жүйеге салу. Бүгінде Қазақстан сырттан ағылған еңбек мигранттарының есебі бойынша Ресейден кейінгі орынға орнықты. Жылма-жыл елімізге Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келушілер саны өсіп келеді. Ең күрделісі, аймақта заңсыз миграция белең алып тұрғандығын байқаймыз. Оған қоса мигранттардың құқықтарын қорғау, еңбегін заңдастыру да өзекті мәселелердің қатарынан орын алады. Президенттердің кез­десуінде бұл мәселеге байланысты да ұсыныстар болады деген үміт бар.

Қырғызстан мен Өзбекстан, Тәжікстан мен Өзбекстан, Тәжік­стан мен Қырғызстан арасын­дағы шекаралардың әлі де нақты­ланбаған бөліктері қалып отыр. Әсіресе Ферғана аңғарын­дағы ше­караның түйіскен тұсын­да ауыл­дарды бөлуге байланыс­ты ортақ шешім жоқ. Бұл оңай шеші­летін мәселе болмаға­­ны­мен, Өзбек­стан­­ның көрші­­­лері­не қатысты жаңа сая­саты­на бай­ла­нысты туын­да­ған оң мүм­кін­діктерді жоққа шығаруға болмас.

Шекаралас елдерге сырт­тан төнетін қауіп-қатер де ортақ. Ай­мақтық қауіпсіз­дікті қам­тама­сыз ету үшін мемле­кет­тердің күш біріктіруі қажет екендігі даусыз. Халықаралық терроризмге қар­сы күрес, Ауғанстаннан бастау ала­тын есірткі тасымалына тос­қауыл қою да Орталық Азия мемл­е­кеттері үшін ортақ мүдде іспет­­тес. Оның үстіне әлемдік гео­­сая­си күштердің осы өңірде өз ық­пал­дарын жүргізуге тырысып отыр­ғанын да қаперден шығармай, қауіптің бетін қайтару үшін күш біріктіру де қажет. Бұл мәселелер мемлекеттер басшыларының осы жолғы кездесуінде талқылануы бек мүмкін.

Бұл мемлекеттерде сауда-сат­тық, инвестиция, тұтастай экономика саласында да шешімін таппай отырған мәселелер кезде­седі. Өзара сауда байланыстары­ның деңгейі төмен, қарқыны бәсең. Мәселен, Қазақстан­ның Ресеймен, Қытаймен сауда-сат­тығы қызып тұр. Ал Орталық Азия аймағында осындай өзара тиімді байланысқа сұраныстың артуына қарамастан, бүгін тек кедергілердің көптігін мойындаудан аспай келеміз. Көршілес нарыққа шығудағы тосқауылдар, тауардың еркін импорт-экспорты жолындағы кедер­гілер де Пре­зи­денттердің кездесуінде ашық талқылануы ықтимал.

Қазақ­стан мен Өзбекстан ара­­сында соңғы кездері ғана қа­лып­­­тасқан жаймашуақ әріптес­тік­тің арқасында өткен жылы теміржол байланысы қалыптасты, шекарадағы өткізу бекеттері жа­ңартылды. Өзбекстан мен Тәжік­стан арасы дәл осылай жа­қын­­дай түсті. Демек, нақты мәселе­­лер бар, оларды шешу жолдары да айқын.

Орталық Азия мемлекет­тері ТМД көлемінде ғана емес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы сияқты бірлестіктер аясында бас қосып жүргенімен, Астанада өтетін өзара кездесудің жөні бөлек болғалы тұр. Оның үстіне, тәуелсіздік алғалы қан­дай да бір бейтараптық бағыт ұстан­ған Түрікменстан билігінің де соңғы жылдары аймақтық әріп­тес­тікті дамытуға мүдделілік та­ны­­тып отырғандығын атап өт­кені­міз жөн. Өйткені экономика мен қауіпсіздік саласындағы мәсе­лелерді жаһандану дәуірінде бір мемлекеттің дербес шешуі оңайға соқпайды. Сыртқы тегеурінге қарсы ынтымақтастықтың ғана әлеуеті жоғары. Бірақ Түрікмен­станның «жабық» саясатын ескере отырып, оларды интеграциялық ұйымға мүше болуға дайын деп те айтуға асықпауымыз керек.

Соңғы 25 жылда Қазақ­стан та­ра­пы көршілердің ауыз­­­­бір­шілігі­нің тиімділігін айту­дай-ақ айт­ты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау жылдары Орта­лық Азия Одағын құру туралы да ұсы­ныс білдірді. Осы ара­лық­та көршілерімізге одақтасуға тек сая­си ерік-жігер жетпей кел­гендігін көріп отырмыз. Енді уақыт өте келе толыққанды, терең инте­грация туралы айтуға ертерек болғанымен, аймақ­аралық эконо­микалық байланыстар, қауіпсіздік, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері бойынша келі­суге нақты мүм­кін­діктер жетер­лік. Қазақстан Президенті идея­ларының жүзеге асатын күні жақын­­дағандығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Жұмабек САРАБЕКОВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы