Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Қарағанды облысына келді

534 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» кеңінен түсіндіріп, талқылау мақсатында арнайы сапармен Қарағанды облысына келді. 

Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Қарағанды облысына келді

Алдымен Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Ерлан Қошановпен бірге аталған Металлургия ком­бинатына барды. 

«Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары өзінің осы қызметке келгелі облыстарға жасаған сапары дәл Қарағандыдан басталғанына назар аударып, оның өз мәні бар екенін айтты.

– Қарағанды ел экономика­сында алар орны ерекше ірі өн­діріс­тік өңірлердің бірі. Бұл жақта ел экономикасына қомақты қар­жы құйып отырған ірі инвесторлар жұмыс істейді. Ал Қазақстан Маг­ниткасы саналатын Теміртауда Елба­сымыздың еңбек жолы бастал­ғаны баршаға мәлім. Сондықтан бұл сапардың маңызы жоғары деп есептеймін, – деді М.Әшім­баев.

Сонымен қатар М.Әшім­баев облыстағы тағы бір жетекші өндіріс орны«Maker» Қарағанды құю-машина жасау зауытында болды. 

Аталған кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездескен «Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары «Пре­зи­денттің бес әлеуметтік баста­ма­сының» маңызына ерекше тоқ­талды.

– Бұл бастамалардың маңызы халық үшін өте жоғары. Оны жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясы белсене қатысатын болады. Бұл жұмыстарға барлық нұр­отандықтар және осындай ірі кә­сіп­орындардағы бастауыш партия ұйымдары да белсенді қатысуы тиіс, – деді М.Әшімбаев.

Өңірде индустриялық-өнер­кәсіптік кешендерді қарқынды дамытумен қатар, оларға білікті маман даярлау ісіне де ерекше көңіл бөлінуде. Елбасының дуал­ды білім беру бастамасын жемісті жүзеге асырып отырған сондай оқу орындарының бірі – Теміртау жоғары политехникалық кол­леджі. 

Оқу орнына арнайы келген М.Әшімбаев колледждің про­­фессор-оқытушылар құра­мымен және «Серпін-2050» бағ­дарламасы бойынша білім алып жатқан студент жастармен кездесті. Бүгінде мұнда атал­ған бағдарламамен еліміздің Оңтүстік өңірлерінен келген көп­теген жас білім алуда. Олар оқу бітіргеннен кейін жергілікті өнеркәсіп орындарына жұмысқа тұруды көздеп отыр. Ал бүгінде Қа­рағанды облысында білікті мамандарға, соның ішінде теx­никалық мамандықтарға деген сұраныс ерекше жоғары. Осы мәселеге назар аударған партия Төрағасының бірінші орынбасары оңтүстіктен келген жастардың орталық өңірде қалуының игі әсері мол екенін айтты.

Колледж студенттері Елбасы бастамаларының арқасында көптеген өзекті мәселелердің ше­шім тапқанына ерекше қуаныш­тарын білдірді. 
Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ла­масы да еліміздегі ең маңызды бастамалардың бірі екені сөзсіз. Осы бағытта облыста айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бір ғана денсаулық сақтау ісіне ақпараттық технологияны енгізу бойынша кешенді жұмыстар қолға алын­ған. Мұның жарқын мысалы ретінде Қарағанды қалалық №3 ем­­ха­надағы игі істерді айтуға бо­лады. 

М.Әшімбаев емхана ұжы­мы­мен кездесіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында медицина қызметкерлеріне де ерекше қолдау көрсетілгенін айтты. Яғни баспана алу мәселесінің жаңа мүмкіндіктері мен салық жүктемесінің төмендеуі осындай әлеуметтік сала мамандарына тікелей қатысты екені белгілі.

Президенттің тағы бір маңыз­ды бастамасы – шағын несие беруді көбейту. Бұл жаппай кәсіпкерліктің дамуына ай­тар­лықтай оң әсерін тигізетін игі бастама. Осыған орай М.Әшім­баев Қарағанды қаласын­дағы кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталығында болып, оның қыз­мет­керлерімен және жергілікті кәсіп­керлермен кездесті. Кезде­су барысында кәсіпкерлікті да­мытудың жаңа мүмкіндіктері туралы сөз болды. М.Әшімбаев биз­несті қолдауға бағытталған пар­тиялық жоба жайында да айтып өтті. 

Облысқа сапары аясында партия Төрағасының бірінші орынбасары бірқатар құрылыс нысандарын да аралады. 

Сондай-ақ партия Төр­ағасының бірінші орынбасары Теміртау қаласындағы Тұң­ғыш Президенттің тарихи-мәде­ни орталығында болып, Елбасы­мен бірге жұмыс істе­ген әріптес­терімен, қанаттас серік­тері­мен және курстастарымен кездесті. 

Сапар соңында М.Әшімбаев партияның Қарағанды об­лыс­тық активімен кездесіп, «Пре­зи­денттің бес әлеуметтік бастамасын» халыққа түсіндіру және оны жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы