Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

2017 жылы e-gov порталы арқылы 3,2 млн қызмет көрсетілген

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде электронды форматта көрсетілетін қызметтер көлемі жыл сайын өсіп келеді. Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы e-gov порталы арқылы 3,2 млн қызмет көрсетілген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.

2017 жылы e-gov порталы арқылы 3,2 млн қызмет көрсетілген

Бүгінде «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағда­йын­дағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» атты Елбасы Жол­­­­дауын­дағы он міндеттің бар­лы­ғы да цифр­ландыруға негі­з­дел­ген. Еңбек және әлеу­­меттік са­ланы цифрлы жаңғыр­ту «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасы аясында жүзеге асырылады. Осы ретте, вице-министр С.Жақыпова болашақта үш әлеуметтік қызмет, яғни жа­сына бай­ланысты зейнетақы тағайындау, база­лық зейнетақы төлем­дері мен БЖЗҚ-дан төле­нетін зейнетақы бойынша құ­жат­тарды қабылдау «бір өті­ніш» қағидасымен жүзеге асырылатынын атап өтті. 

Бүгінде «Еңбек және әлеу­м­еттік саланы цифрландыру» та­қы­рыбы өз кезегінде әлеу­мет­­тік көмекке мұқтаж жандар үшін сенімді серпін екені рас. Цифрлы технология­ларды кең ауқымда енгізу бойын­ша Ел­басы тапсырмасын орындау мақсатында еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру саласында 7 бағытта жоғары тех­нология­ға негізделген жобалар қолға алынды. С.Жақыпова­ның мәлімдеуінше, электронды еңбек биржасы, еңбек келі­сім­шарттарын электронды тіркеу, өз-өзін еңбекпен қамтығандарды электронды тіркеу, бақылауды ұйымдастыруға электронды рұқсатнама беру, электронды әлеуметтік-медициналық сараптама, әлеуметтік қызмет­тер­дің электронды порталы, мұқтаж азаматтардың әлеу­мет­тік регистрі сынды жаңа жо­балар болашақта бірың­ғай ақпараттық жүйе арқылы қазақстандықтарды дүниеге келген күнінен бастап өмір бойы «сүйемелдемек». Сон­дай-ақ барлық кезеңде автомат­тан­дырылған қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді.

Жиын барысында вице-ми­нистр мүгедектік пен ең­бекке қабілеттілік­тен айырылу дең­гейін белгілеудің жаңа ере­­же­леріне тоқталды. «Біз осы сала­дағы қызметтерді композиттік фор­матта көрсетуге көшіруді жүзеге асыр­дық. Егер бұрын мү­ге­дектікті бел­гілеу, жәрдем­ақы­ларды тағайындау және еңбек ету қабілетінен айырыл­ған жағдайда әлеуметтік төлем алу үшін адам үш ұйымға жү­гін­ген болса, қазір тек бір ұйымға жүгінеді. Келешекте бұл өтіні­штер электронды түрде е-gov арқылы қабылданатын болады, яғни медициналық-әлеуметтік сараптама өтініш берушінің жеке қатысуынсыз жүзеге асырылады деп жоспарлап отыр­мыз. Бұл сондай-ақ адами факторды жоя­ды және сыбайлас жемқорлық қатер­лерін төмендетеді», деді ол.
Бұдан кейін бірер айда өз тиімділігін көрсетіп үлгерген электронды еңбек биржасына тоқталған вице-министр оның базасында өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған барлық адамдар үшін мем­лекеттік кіріс ор­ган­дарында оңай­латылған «тіркелу-рәсімделу» меха­низмі іске қосылатындығын атап өтті. Алдағы уақытта жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек шарттарын бірыңғай есепке алу жүйесі ен­гізілмек. Мысалы, биржаның алғашқы нәтижелеріне назар салатын болсақ, бір жарым айдың өзінде ол арқылы 15 мың жұмыс іздеуші өздерінің мамандығы мен өтіліне сай келетін жұмыс тапқан. «Бүгінде электронды биржада 8 мыңнан астам түйіндеме және 30 мыңнан астам бос жұмыс орны орналас­тырылған, яғни биржа жұмыс істеп тұр, оған қоса барлық 199 жұмыспен қамту орталығы, жұмысқа орналасу жөніндегі 10-нан астам интернет алаңы және келесі жылдан бастап іске кіріспек жұмыспен қамту жеке агенттіктерінің саны шамамен екі есеге өседі», дейді С.Жақыпова.

Тағы бір айта кетер жағым­ды жаңалық, бұдан былай электронды форматқа ауыстырыл­ған еңбек шарттары қағаз түрін­дегі еңбек кітапшаларынан бас тартуға мүмкіндік бермек. Ал­да­ғы уақытта цифрланған ең­бек шарттары азаматтардың кіріс­терін жалпыға бірдей дек­ла­рация­лауды енгізу үшін негіз болмақ.

Әрине бір күнде бұл меха­низм­­дер өз нәтижелерін бере қоймас, дейді С.Жақыпова. Алай­да көрсетілетін қызметтер көлемі тұрақты түрде өсуде. «Осы жылы 19 млн-нан астам қызмет, оның ішінде 17 пайызы e-gov порталы арқылы көр­се­тілген. Барлық қызмет алу­шы­лар бойынша деректер онлайн режімде жаңартылып, аза­­мат­тардың әлеуметтік құ­қық­тарын қамсыздандыруды мони­торингілеуге және қажет болған жағдайда релевантты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», деді ол. 

Бұдан кейін әлеуметтік сақ­тандыру жүйесіне қатысты айтып өткен вице-министр мем­л­екеттік әлеуметтік сақ­тандан­дыру қорына төленетін жарна­­ларға тұрақты түрде мони­торинг жүргізу арқылы кәсіпорын­дардың жалақы бо­йынша, әрбір жұмыскердің бюджет­тік емес қорларға міндет­ті төлемдері бойын­ша бере­ше­гін айқындау мүмкіндігі бар екен­дігін мәлім­деді. Әзірге бұл ақ­парат тек әкім­діктер мен мемлекет­тік кіріс­тер комитетіне берілген. 
С.Жақыпова сондай-ақ әлеу­меттік көмек жүйесіне қатысты мәселелерге тоқталды. Мәсе­лен, бұрынғы атаулы әлеуметтік көмектің, балаларға бері­летін мемлекеттік жәрдем­ақы мен көп балалы отбасыларға көрсетілетін арнаулы мемлекеттік көмектің орнына жыл басынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеу­мет­тік көмек енгізілген болатын. «Оны алу үшін азаматтар жұ­мыс­пен қамту орталықтарына жү­гі­нетін бола­ды. Бұдан әрі атау­лы әлеуметтік көмекті өтініш беру емес, проактивті тәсіл ар­қы­лы көр­сету жоспарлануда, яғни әлеу­меттік қызметтер мем­ле­кет­тік қолдау шараларын өмір­лік қиын жағ­дайға тап болған адам­­ның жүгінуін күтпей-ақ көр­се­тетін болады», дейді С.Жақыпова.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»