Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Рақымжан Елешев. Кемел келешекке керуен тартқан бес бастама

414 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Адам болып жаралған соң әр пенденің өз жолы, өз тағ­дыры бар. Өмір дариясында әр­кім өзіне тән еншісін алып тір­шілік кешеді. Мен саналы ғұмырымды ғылымға арнап, бар күш-жігерімді шәкірт тәр­бие­леуге бағыш­таған жанмын. Сон­дық­тан елдегі кез келген жақ­сылыққа жан-дүниеммен, бар-болмысыммен қуанам. 

Рақымжан Елешев. Кемел келешекке керуен тартқан бес бастама

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Таяу күндерде ғана жұртшылыққа жол тартқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі мені ерек­ше әсерге бөледі. Қатты тол­қы­нысымды жасыра алмай қолыма қалам алдым. Тамыры терең­де жатқан тарихымызға үңілер болсақ халқымыз жақсы мен жаманды, бар мен жоқты қатар көрді. Тар заманға тап болып тайғақ кешкен тұстар да аз болған жоқ. Сан сүрінді, бірақ құлаған жоқ. Талықсыды, бірақ талған жоқ. Қилы күндердің қыспағынан аман өтіп ата-баба­ларымыз армандаған асқақ ар­манның биігіне көтерілдік. Азат­­тықтың ақ таңына жет­тік. Егемендік алып, еңселі ел бол­дық. Тәңір ием нұрын шашып, өш­кеніміз жағылып, өт­кеніміз танылды. Болашаққа бағ­дар ал­ған қазақ елі халқының асыл мұ­ра­тын, асқақ арманын бүкіл әлем­ге әйгілеген бір ұлына сенім артты. Сол бір сенім оты маздап жанып, миллиондаған кеуделерге жалын сыйлады.

Мемлекет басшысы өз Үн­деуі­нің алғысөзінде: «Мен өр­кендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті біз бүгін жаңа, ауқым­ды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз», деді. 

Иә, Қазақстан халқының игі­лігіне бағыттал­ған бұл жоба бүкіл еліміз үшін барлық жақ­сы­лықтарға жол ашқан дара жол­ға айналғалы тұр. Бұл әлеу­меттік жоба шынымен де көп­тен көкейде жүрген сан тарау ой­дың тамырын тап басты. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Ала­таудың арасын жайлаған тегіс жұртты шапағатқа бөлеген шуақты лепке айналды. Бұған бір ғана себеп, аз уақыттың ішін­де осы бастама жер-жерлерде қызу талқыланып халықтың қол­­дауы мен ризашылығына бөлен­­ді. Мемлекет басшысы өз Үндеуінде тайға таңба басқандай атап көрсеткен бес бағыттың барлығы да өсіп-өркендеуіміз үшін, халқымыздың әлеуметтік-эконо­микалық әлеуетін көтеруге бағыт­талған аса қажетті мәселе­лер деп санаймын. Кемел келе­ше­к­ке керуен тартқан келелі Үн­деу кең-байтақ даламыз бен хал­қ­ы­мызды сән-салтанат биі­гіне одан сайын жоғарылата түспек.

 Елбасы ең алдымен халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселесіне тоқталды. Халқымыз «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекер айтпаса керек. Адам қоғам­ға қалтқысыз қызмет етіп, өз саласына, кәсібіне белсене кірісу үшін оның материалдық жағ­дайы жеткілікті болуы шарт. Мұның ең негізгісі баспана. Осыны тереңнен түсінген Ел­басы бұған дейін де өз жолдау­ларында қолжетімді баспана мәселесіне айрықша мән бе­ріп, осы тақырыпқа бағыттал­ған қаншама бағдарламаның ұйыт­қысы болды. Бірақ уақыт тала­бына сай бұл іске бұдан да қуат­ты серпін қажет еді. Ол туралы Үндеуінде нақты айтылды. 

Президент ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы жұрт­шы­лық­ты тұрғын үймен жаппай қамту­ға арналған бірегей ұтқыр жоба. Ең төменгі 7 пайыздық несиеге, бар болғаны 20 пайыз­дық бастапқы жарнасын төлеп қалаған пәтеріңді алып, қалған соманы 25 жылда өтеу баспана алуды армандаған әрбір отбасына жасалған үлкен мүмкіндік, зор қолдау. Осы арқылы қан­шама жастар қанаттанып, болашаққа серпін алмақ. Еңбекке белсен­ділік артып, көңілдерде рухани тыныштық орнайды.

Қазіргі заман талабы мүл­де басқа арнаға бұрылды. Адам­ның материалдық тұрғыдан іл­гері­лемей тұрып рухани игілік­терге қол жеткізуі қиынға айнал­ды. Бұл әлем елдерін алаң­дат­қан өзекті проблема. Бар мәсе­ленің түбі айналып келгенде қаржыға тірелетін болды. Әлеуметтік теңсіздік талай жұртты тығырыққа тіреді. Осы тұста «Жалақысы төмен жұ­мыс­шылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» деп аталған Елбасы көтерген екінші мәселенің орны ай­рықша. Жалақысы төмен жан­дардың жағдайын жақсарту үшін салықты 10 есе азайтып, бір ғана пайызбен салық салуды ұсынды. Мұның өзі ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын жандарға үлкен қолдау болғалы тұр. Мемлекет басшысының жуыр­да ғана халыққа жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы да осыған де­йін ұсынылып елімізде ретімен жүзеге асырылып келе жат­қан «Мәңгілік Ел», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Цифрлы Қазақ­стан» сияқты маңызды реформалардың заңды жалғасы деп білеміз. Инновациялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы халықтың жағдайын жақсарту, сол арқылы елімізді бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына кіргізу, руханият пен мәдениетті жетілдіру сияқ­ты идеялардың барлығы мем­лекетімізді дамытушы күш.

Үндеуде айтылған үшінші бағыт болашаққа жасалған ай­қын қадам деп айтуымызға әбден негіз бар. Неге десеңіз, жастар біздің болашағымыз. Оларға жасал­ған қолдау, көрсетілген көмек болашаққа салынған үлкен инвестиция. Дана халқымыз «Не ексең, соны орасың» демеуші ме еді. Сол айтқандай, елдігімізді жалғап, бірлігімізді бүтіндеп, тірлігімізді түгендейтін осы жастар. «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақ­сарту» жайына арналған бұл бағыт бар өмірін студент жас­тарға арнаған ұстаз ретінде менің көңілімді сүйсінтті. Осындай батыл қадамдарға бару арқылы болашағымыздың іргетасын нығайта түсеміз. «Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда» деген Елбасы қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың білім грантына 2018-2019 жылдары қосымша 20 мың грант қосылатынын тілге тиек етті. Бұл көптеген ауыл жастарының жоғары сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті, талапқа сай маман болуына жол ашатын болады. Мәселен, өзім қаншама жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Қазақ ұлт­тық аграрлық университетінде тәлім алатын жастардың 95 па­йызы қаракөз ауыл балалары. Олардың тұтас бөлігі ауылдарға барып ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасайды. Президент былтырғы Жол­дауында аграрлық сектор эко­номиканың драйверіне айналуы керектігін қадап айтқан болатын. Ел экономикасының іл­кім­ді ілгерілеуі де ауыл шаруа­шылығын дамытумен тікелей байланысты. Ендеше ауылдан арман арқалап келген осы жастар ауыл шаруашылығы­ның арбасын алға сүйремек. Осы тұрғыда университетіміздің ғалымдары Елбасы қойып отырған міндеттер бойынша еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуы үшін заман талабына сай білікті мамандар даярлап келеді. Оған қоса агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізуге, оларды өндірісте кеңінен пайдалану­ға күш салынуда. Мемлекет бас­шы­сының 2022 жылдың соңы­на дейін студенттерге арнап ке­мінде 75 мың орындық жаңа жатақ­хана салуды тапсы­руы жас­тар­дың ештеңеге алаңдамас­тан еркін бі­лім алуына жасал­ған зор қолдау. Нарықтық эко­номика заңдылықтарына байланысты ел жастары алдында сапалы білім алу мәселесі тұр. Бұл тұрғыда Президент әлемдік стан­дарттарға сай білім беру жү­йесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жа­сауға тиісті назар аударуымыз қажет екенін айтып, бұл мәселені оңтайлы шешуді көрсетіп берді.

 Президент өзінің Үндеуін­дегі төртінші бастамада ағым­дағы жылдан бастап 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл көптеген азаматтардың кәсіп­кер­лікпен айналысып, өз ісін дө­ңгелетуіне бұрынғыдан да көбірек мүмкіндік бергелі отыр. Осы арқылы әрбір азамат ойын­дағы мақсатын жүзеге асырып, халықты жұмыс орындарымен қамтуға, отандық өнімдер санын арттыруға өз үлесін қоса алады. Елді көгілдір отынмен қамтамасыз етуді жалғастыруға бағытталған бесінші басым­дықтың да орны ерекше. Бұл өз кезегінде халықтың сапалы өмірін қамтамасыз етуге серпін берсе, екінші жағынан экологиялық проблемаларды оңтайлы шешуге көмектеседі. Бұл туралы Президент бұл ба­ғыт ойдағыдай іске асар болса, тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтуға болатынын айтты. 

 Қазіргі уақыттың талабына сай елді игілікке апаратын бес бағытты жіпке тізіп саралап берген Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген» деп көш басында жүретін мерейлі мемлекет болу үшін бәрінен де бірлік пен татулық қымбат екеніне баса тоқталды. Иә, «Ырыс алды – ынтымақ». Елдің бір­лігі мен тату тірлігі қандай қиын­дықты да еңсеріп, кез келген келеңсіздіктен шығудың көркем жолы. Тарихтағы небір аласапыранды бастан кешкен қазақ елі рухани жаңғырып, тари­хы­мызды түлетіп, болашаққа бағдар алып келеді. Орталық Азияның жүрегі, бүкіл әлемнің озық елдері санасатын, пікір алмасатын тегеурінді мемлекет атандық. Қазақтың қасиетті қара шаңырағы ғаламдық мәселелер оңтайлы шешілетін бірегей ынтымақтастық алаңына айналды. Мұның бәрі де азаттық дейтін асқақ ұғымның, ынтымақ пен бірліктің, есіл ерлердің ерен еңбегінің нәтижесі деп білем.

Рақымжан ЕЛЕШЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор