Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Жеті жасар баланың тағдыры бірнеше саладағы проблеманың шетін шығарды

482 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүкіл ел назары ауған жеті жасар балаға қатысты оқи­ға өңірдегі білім, құқық қор­ғау салаларына қатысты көп­те­ген проблеманың шетін шы­ғарды. Әсіресе Сарыағаш ауда­нын­дағы білім саласына қатысты заң­сыз­дықтар жөнінде сыбайлас жемқорлыққа, балалар құқының қорғалуына байланысты сын кешегі күнге дейін де айтылып келген болатын. 

Жеті жасар баланың тағдыры бірнеше саладағы проблеманың шетін шығарды

Ауданда осы білім саласына қатысты бір емес, 4 кәсіподақ комитеті құрылған. Олардың әрқайсысының өз мүддесі бар. Қысқасы, кешегі оқиға облыс деңгейінде білім саласына терең талдау жүргізіп, кемшіліктер бойынша тиісті шара қолдануға түрткі болып отыр. Бұл орайда арнайы жұмыс тобы да құрылды.

Оқиғаның ақ-қарасын құқық қорғау орындары анықтап, қорытынды шығарар. Алайда жеті жастағы баланың тағдыры жұртты алаңдатып отыр. Есей­мей жатып ересектердің өзін есеңгіретердей психоло­гиялық соққы алған баланың ертеңгі күні не болмақ? Уақыт емші еке­нін айтып, жақындары жұ­банар, оқиға да бірте-бірте ұмы­тылар. Десек те анасы алыста жүрген, әкесіз өсіп келе жатқан ұлдың басынан өткен жағдай өзгеге сабақ болды, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына дер кезінде мән беру, аяқсыз қал­дырмау, ушықтырмау қа­жеттігін аңғартты. Ал бала­ның қазіргі жағдайына алаңдауға негіз жоқ екенін Оңтүстік Қа­зақ­стан облысына арнайы келген Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева мәлімдеді. 

Жағдайдың шұғыл әрекетті қажет ететінін ескерген Зағипа Балиева түнделете келіп, өңірдің ішкі істер департаментінің басшысы Қайрат Дәлбековпен және жәбір көрген 7 жасар бала­ның туыстарымен кездесті. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, мониторингтік топ баланың жағдайын тексеріп шыққан. «Мониторинг тобы баламен бірден жолыға алмады. Осыдан кейін тиісті мемлекеттік орган өкілдерімен сөйлестім. Олар кешенді, тәуелсіз сараптама жүргізуге дайын. Баланы өз көзіммен көріп, жағдайын білу үшін Шымкентке келдім. Оның жағдайымен танысып шық­тым. Қандай жағдайда еке­­нін білдім. Қазір ол қауіпсіз жер­де. Баламен бірге әжесі жә­не на­ғашы әпкесі жүр. Ана­сын көп уақ­ыт бойы таба алма­дық, ана­сымен сөйлестім, ол да келісті. Енді Астанада кезде­се­міз, олар менімен бірге Аста­на­ға ұ­шады», деді Зағипа Балиева. 

 Қазір мемлекеттік органдар тарапынан сот-медициналық сараптама жүргізу үшін бар­лық жағдай жасалып отыр. Са­раптама өткізуге психолог, психиатрлар, балалар дәрігерлері сияқты барлық мамандар тартылады. Зағипа Балиеваның айтуынша, Астанада сараптама жасау үшін тағы 2 күндей уақыт керек. «Сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін нақты шешімдер қабылданады. Егер баланың расымен зорлан­ғаны дәлелденсе, оған жауапты барлық адамдардың тиісті жазасын алуын талап ететін боламын. Егер расталмаған жағдай­да мен баланың құқықтары­ның жан-жақты қорғалуын бақы­лауға аламын. Сондай-ақ кү­дік­ке ілінген балалардың да заңды құқықтары бар. Олар­дың зорлау әрекеттеріне қа­тыс­­тылығы дәлелденсе, заң жү­зін­де жазасын алатын бола­ды. Бірақ құқықтары толы­ғ­ы­мен ескеріледі», деді Зағи­па Балиева. Сондай-ақ депутат болашақта баланың бас­қа жақ­қа қоныс аударуы және бас­панамен қамтамасыз етілуі­не жағдай жасау мәселесі қа­рас­тырылып жатқанын айтты. Бала қазір толықтай мемле­кет қам­қорлығына алынған. 

Оқиғаға байланысты Оңтүс­тік Қазақстан облысының әкім­дігінде өткен отырыста өңір басшысы Жансейіт Түй­мебаев аталған оқиға дер ке­зін­де на­зар­ға алынып, тиісті жұ­мыс­­тар атқарылмағандықтан бұ­қаралық ақпарат құралдары мен қоғам арасында резона­нс тудырғанын айтып, жауап­ты азаматтарға шара қол­да­нылатынын жеткізді. Атал­ған мәселе бойынша тергеу амал­­дарының объективті және жан-жақты жүргізілуін қам­та­масыз ету үшін, тергеу амалдары аяқталғанға дейін осы оқиғаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер өз қызметтері­нен уақытша шеттетілді. Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәді­бековк­е қатаң ескерту беріл­ді. Сондай-ақ Сарыағаш аудан­дық жергілікті полиция қыз­метінің басшысы О.Бердалы мен Сарыағаш ауданы, Абай ауыл­дық жергілікті полиция бөлім­шесінің басшысы Ә.Ибра­гимов, ювеналды полиция бө­лімшесінің №73, №74 жалпы орта мектептеріне жауап­ты полиция инспекторы Қ.Сәриев қызметтерінен босатылды. Ал аудандағы жағдайды дер ке­зін­де назарға алып, тиісті шара қабылдамаған аудан әкімі Қ.Әбдуәлиевке қатаң сөгіс жарияланды. Бұдан бөлек облыс әкімі салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Қ.Қыстаубаевқа шара қолдануды және Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Майрихов пен №73, №74 жалпы орта мектеп директорларын тер­геу амалдары аяқталғанша жұ­мыстан шет­тетуді тапсырды. Облыстық білім басқар­масы­ның басшысы И.Сағын­дықовқа сөгіс түрінде шара қол­да­ны­латын болды. 

Айта кетейік, Сарыағаш аудандық білім басқармасының басты­ғы, егер зорлану фактісі дәлел­денсе, қызметтен кетуге дайын екендігін мәлімдеген де бо­латын. Өңір басшысының ай­туынша, сараптамалық комиссия ауданда және облыста жүр­гізген екі медициналық тексеру қорытындысы бойынша баланың зорланғаны рас­талмаған. «Бұл жалпы облы­сымыздағы, қалалардағы, аудан­дардағы білім саласын­дағы кемшіліктерді көрсетіп отыр. Сондықтан барлық қала-аудан әкімдеріне жергілікті қоғамдық және ардагерлер кеңестерімен бірлесіп мектеп оқушыларының бос уақытын дұрыс ұйымдастыру бойынша іс-шараларды қолға алуды тапсырамын. Ал облыстық іш­кі істер мен құзырлы орган өкіл­деріне мектептердегі ақша жинау, әлімжеттік бойын­ша түрлі қылмыстарға мониторинг жасау­ды, тиісті іс-шаралар жос­парын бір апта мерзімінде жүргізуді тапсырамын», деді Жансейіт Түймебаев. 

Соңғы күндері түрлі бұқара­лық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараты­лып, қоғамды дүрліктірген оқиға 2017 жылдың 9 қыр­кү­­йегінде болған екен. Егер тиіс­ті шаралар уақытында және әділ де ашық заң талаптарына сай қолданылғанда бүгінгідей дүрлігу болар ма еді?! Облыстық ішкі істер департаментінің бас­тығы, полиция полковнигі Қай­рат Дәлбековтің айтуынша, баланың әжесінің арыз жазбауына байланысты толық материалдар жиналмаған. Оқи­ға­ға қатысты жүргізіліп жат­­қан қыз­меттік тексеру қоры­тын­­дысы бойынша алдағы уақыт­та тиісті шаралар қолға алын­бақ. Ал Оңтүстік Қазақстан об­лыс­тық прокуратурасы істің қа­ты­су­шылары кәмелеттік жас­қа толмағандықтан, олар­дың құ­қық­тары мен тергеу құ­пиясын сақтауды сұрады. 

«Аталған дерек бойынша биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Сарыағаш ауданының ішкі істер бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүр­­гізіп жатыр. Тергеу аясында сот пси­хо­ло­гия­лық-психиа­трия­лық сараптамалар таға­йын­далды. Олар­дың қорытын­дылары әлі дайын емес. Оның нәтижесі бойынша Астана қа­ла­­сында арнайы ма­­ман­­­дар­дың қатысуымен ке­шен­­­ді сот-медициналық са­рап­та­­ма­сы жүр­гізіледі», де­лін­ген про­кура­тура таратқан хабарламада. 

Айта кетейік, әкімдікте өткен отырыста облыс әкімі зор­­лан­ды делінген жеті жасар бала­­ның Астанаға жіберілгенін мәлім етті.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Оңтүстік Қазақстан облысы