Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Алматы қаласы маңындағы үлкен айналма жолдың құрылысы басталады

320 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Айтылудай-ақ айтылып, атқа­рылуы кейінге шегеріліп келген Алматы қаласы маңындағы үлкен айналма жолдың құрылысы ақыры басталатын болды. 

Алматы қаласы маңындағы үлкен айналма жолдың құрылысы басталады

Ел аузында «БАКАД» аталып кеткен, мегаполистің ғана емес, жалпы еліміздегі жол қатынасы үшін маңызы зор жобаның құрылысына жан бітіретін құжаттарға қол қойылып, инвесторлармен келісімдер жасау жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Қазір айналма жолды салатын шетелдік компания анықталып, дайын­дық жұмыстары басталуда. Ал Инвес­ти­циялар және даму министрлігінің құзы­рын­дағы осы құрылыстың ауқымды бө­лі­гі Алматы облысының аумағында жүр­гізілмек. 

Түрік-корей бірлескен консорциумы өкілдерінен құралған жұмыс тобы Талдықорған қаласында болып, облыс әкімімен бірқатар келісімге келді. Алматы үлкен айналма жолының негізгі бөлігі облыстың 3 ауданы аумағында өтетіндіктен, құрылыс жүргізу барысында келісіп шешетін мәселе бар. Оның ішіндегі ең маңыздысы, жол құрылысы жүргізілетін аумақтағы жер учаскелерінің жайы болатын. Осы мақсатта 722 жер телімі құрылыс жүргізу мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған.

– Айналма жолдың Алматы облы­сындағы ұзындығы 66 шақырымға созылады. Республикалық маңызы бар құрылысқа қажетті жер телімдерін сатып алу жұмыстарын толықтай аяқтадық. Біздің облыстың Қарасай, Іле, Талғар аудандарының аумағынан 722 жер телімі мемлекетке қайтарылды. Әрине, бұл тақырыпқа қатысты біраз даулы мәселелер болған еді. Өйткені жол табанында қалатын жерде жеке тұрғын үйлер, өндіріс орындары орналасқаны анықталды. Қазіргі күні біз бұл мәселені 100 пайызға шештік. Адамдар тиісті өтемақыларын алды. Облыс тарапынан жол құрылысын бастауға ешқандай кедергі жоқ, – деді инвесторлармен кездесуден кейін журналистердің сұрағына жауап берген облыс әкімі Амандық Баталов.
Жалпы айналма жолдың құрылысы барысында 7 негізгі реттегіш көпір, 38 қо­сым­ша көлік өткізу көпірі, суағарлар мен басқа да құрылымдар салынбақшы. Ал айналма жол әлемдік талап бойынша «1 А» стандартына лайықталып, 6 жо­лақ­ты болады әрі бетоннан құйылмақ.
Құрылыс жұмыстарына тартылған инвестиция көлемі де қомақты. Алматы облысы аумағындағы жұмыстарға құйы­латын қаржы көлемі 512,3 млрд теңгені құрайды. 

– Бұл дегеніміз орасан инвестиция. Мысалға, бұған дейін облысқа әртүрлі көздерден құйылған жалпы инвестиция көле­мі 560 млрд теңге шамасында болса, осы бір ғана жол құрылысына 512,3 мил­лиард теңге тартылып отыр. Бұл – өңір эко­но­­ми­­касының дамуына қосылған үлкен үлес, – дейді облыс басшысы Амандық Баталов.

Мұның сыртында жол салуға қажетті құрылыс материалының барлығы облыс аумағында өндіріледі. Инвесторлар Есік қаласы маңындағы және Фабричный кен­тіндегі қиыршық тас шығаратын орын­дарға зерттеу жүргізіп, жергілікті құм мен тастың құрамы дүние жүзі бо­йын­ша жол құрылысына қойылатын талап­тар­ға то­лық­тай сәйкес келетініне көз жет­кіз­ген. Аз күннен соң аталған екі аумақта қиыр­­шық тас шығаратын шағын зауыттар орна­тып, жолға қажетті өнім дайындау басталады.

Сондай-ақ маңызы зор жол құрылы­сының басталуы аумақ тұрғын­дары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Жол салуға жергілік­ті құрылыс өнімдері қолданылатын­дық­тан, өндірістерге тапсырыс ұлғая­тын болады. Ал құрылысты жүргізуге жергілікті мамандар да тартылмақшы.
– Талап бойынша инвесторлар жол құрылысын жүргізуге қажетті аса зәру мамандық иелерін ғана квота бойынша өз елдерінен алдыруға құқылы. Олар білікті инженерлер болуы мүмкін. Бірақ негізгі жұмыс күші өңірден тартылады. Біздің есебіміз бойынша жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті жерден алынады. Демек жол салынатын аумақтағы ауыл адам­дары жұмыспен қамтылады, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Қазір еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі мен түрік-корей бірлес­кен консорциумы арасындағы келісім аяқталуға жақын деп жоғары­да айттық. Құжаттарға қол қойылып, қаржылық келісім жасалғаннан кейін жол салу бірден басталады. Қазір қа­жетті дайындық жасалып жатыр. Құ­ры­лыстың басталуы биылғы жылдың екінші жартысында бас­тау алып, 2021 жылы аяқталатын болады. Ал толықтай пайдалануға берілуі 2036 жылға дейін жалғасады екен.

Сонымен «БАКАД» жобасын жүзеге асыру Алматы қаласы маңындағы көлік қозғалысын жаңа сатыға көтермек. Қаланың 6 көшесі айналма жолға қосы­лып, мегаполистегі көлік дәліздері ұзара­тын болады. Атап айтқанда Абай даңғы­лы, Рысқұлов көшесі, ақын Сара көшесі, Тілендиев көшесі және Солтүстік айналма жарты шеңбері тікелей «БАКАД»-қа дейін созылып, жаңа көлік жолдары жа­сал­мақшы. Жалпы, айналма жол жүр­гізі­летін аумақ Алматы облысының Қарасай ауданы аумағындағы жоғары трасса ата­латын жолдан басталып, Ша­мал­ған, Ком­сомол елді мекендерін басып өтеді де, Тал­ғар ауданы аумағы арқылы қазіргі әл-Фараби даңғылына барып қосылады. Құрылыс жүргізу барысында ішкі жолдар да реттеліп, жақын маңдағы ауылдарға қатынас жақсара түспек.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар