Әдебиет • 16 Наурыз, 2018

Көкте күн күлімдеген (өлең)

554 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Көкте күн күлімдеген (өлең)

Самал жел – сыңарым ғой,
Жүзімнен күліп өпкен.
Ақша бұлт – ақ жаулығым,
Сол сәтте ұшып кеткен.

Ақ сағым – аяулымның
Алқа ғып сыйлағаны.
Жұлдыздар – сол алқамның
Кеудеме сыймағаны.

Заңғар тау – тұғырым ғой,
Төбелер – таянышым.
Төгілген жылы жаңбыр –
Мейірім, аянышым.

Мұхитқа көз тасташы,
Ол – менің толқынды ойым,
Ақ терек аспан сүйген,
Ол – менің сындар бойым.

Көкте күн күлімдеген –
Мендегі бітпес жалын.
Әппақ нұр, сұлу сәуле,
Ол – менің намыс-арым.

Тұрсынхан Әбдірахманқызы