Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Павлодарда Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына арналған байқау өтті

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар қаласында өткен Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына арналған «Күй тартыс» байқауы облыстық білім беру басқармасының бастамасымен осымен 7-ші рет ұйымдастырылып отыр. Байқау болған күні Оқушылар сарайында «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды.

Павлодарда Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына арналған байқау өтті

Суретті түсірген  Әсем Айып

Байқауға 10-15 жас аралығындағы 30-ға жуық оқушы қатысты. Алдымен, қазылар алқасы күйшілерді жеке-жеке тыңдап алды. Үміткерлерге баға беру барысында олардың орындау шеберлігі, әртістігі, екі қолдың қойылымы, сахналық киімі басты назарға алынды. Келесі кезекте күйшілер жекпе-жек кездесіп, күй тартыс та бас-алды. Өнерпаз өрендер Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», Дәулеткерейдің «Түркімен», Ә.Желдібаевтың «Ерке-сылқым», Динаның «Той бастар» күйлерін және басқа халыққа кеңінен танымал шығармаларды орындап берді.

Жаһандану заманы үстемдік құра бастағанына қарамастан кішкентайларынан қолдарына домбыра ұстап, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген ұл-қыздарға іштей риза болып, қызыға қарадық.

 Аса тартысты бәйгенің бас жүлдесі облыс орталығындағы Құрманғазы атындағы №1 балалар музыка мектебінің оқушысы Айшат Бақытоваға берілді. 

– Бұл жеңісімді ұстазым Қуаныш Мейрамұлына арнаймын. Бұл сында Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйін орындадым, – дейді Айшат қуанышын жасыра алмай. 

Ал 1-ші орынды Екібастұздағы балалар музыка мектебінің оқушысы Арман Серіков, 2-ші орынды Павлодардағы №2 мектептің оқушысы Айдос Әубәкіров пен №35 мектептің оқушысы Дариға Сахиева иеленсе, 3-ші орынды Ертіс ауданы балалар өнер мектебінің оқушысы Айман Ілияшева мен Оқушылар сарайының «Жас екпін» домбыра ансамблінің мүшесі Әсемгүл Тоқбаева алды. 

Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
     
Павлодар