Аймақтар • 16 Наурыз, 2018

Ақтөбе агломерациясы жаңа кезеңге аяқ басты

969 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақтөбе агломерациясын құру мен қалыптастыру ісі жаңа сапалық кезеңге аяқ басты. Мұның басты дәлелі Үкіметте Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы қабылданғаны болып отыр. 

 

Ақтөбе агломерациясы жаңа кезеңге аяқ басты

Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетсек, Ақтөбе агло­ме­рациясы аумағына Ақ­­тө­бе қаласы мен Алға, Қар­ғалы, Қобда, Мәртөк, Мұ­ғалжар және Хромтау аудан­дары кіреді. Бүгінгі басты міндет оның ре­сурстық және минералды-ши­кізаттық әлеуеттерін ескере отырып, өндірістік қуатының артуын қамтамасыз ету болмақ. 

Бұл бір күннің немесе бір жыл­дың ісі емес. 2030 жылға қа­рай өңірде жоғары технологиялы салалар мен иннова­ция, ғылым, сауда және қызмет көр­сету жүйелері қарқынды да­му деңгейіне көтерілмек. Ай­талық, өңір аумағында кө­лік-логистика әлеуетінің мүм­­кін­дігі мол екені айтылып­ та, жазылып та жүр. Рес­пуб­­ли­ка аумағындағы «Ба­тыс Еу­ропа-Батыс Қытай» халық­ара­лық көлік дәлізі құрылысы ең ал­ғаш рет Ақтөбе жерінен бас­тау алып, Ақтөбе жерінде аяқ­­­талды. Мұның маңызы мен рө­лі өте жоғары.

Сондай-ақ мұнда «Хром­тау-Алтынсарин» және «Жез­қазған-Сексеуіл-Шалқар-Бей­неу» темір жол желілерінің пай­далануға берілуі де оның кө­лік-логистика қызметіне өте­ ыңғайлы екенін көрсетеді. Қа­­зір­гі күні агломерация аума­ғында 143 километр элек­тр­лен­дірілген темір жол же­лі­лерін тарту белгіленген. Мұ­ның сыртында 8 көлік-ауысу торабын құру көзделген. Агломерация орталығы Ақтө­бе мен басты және негізгі кө­­­лік­ бағыттары – Атырау мен­­ Қостанайда, Орал мен Орын­­­­борда, Шұбарқұдықта, Орск мен Мәртөкте жылдан-жыл­ға өсіп келе жатқан кө­лік тасқынын реттеудің тың жол­да­ры қарастырылған. Бел­гіленген бағдарламалар мен іс-­шаралар Ақтөбе қаласының елі­міздің стратегиялық нүктесі ре­тіндегі орнын одан әрі ны­ғай­туға мүмкіндік береді. Со­­­­нымен бірге агломерация аума­ғында инженерлік инфра­құрылымдардың бір-бірімен өзара байланыста, иықтаса дамуы тұрғындар мен бизнес өкілдерінің су мен газға және электр қуатына деген сұ­ра­­ныстарын өтеуге кең жол аша­ды. 

Агломерация жағдайында газ­дандыру ісінің рөлі жоғары. Бұл көрсеткіш қалааралық және ауыларалық газ тарату же­лі­лері құрылыстарын іс­ке қосу арқылы 99 пайыз­ға жет­кізілмек. Сумен қамту­дың­ жай-күйі де тиісті инфра­құ­рылымдардың көмегінің ар­қасында жаңа сатыға кө­те­рілмек. Оның қамтылу аума­ғына 70 елді мекен енгізілген. 

Агломерация ұғымының ауқымы мейлінше кең. Ол тек­ бірыңғай өндірістік мәселе­лерді реттеумен шектелмейді. Мұнда әлеуметтік инфра­құ­рылымдарды дамытудың орны ай­рықша. Бұл ретте балаларды мектепке дейінгі тәрбие бе­ру мекемелерімен қамту дең­гейі жүз пайызды құрамақ. Ай­талық, 2030 жылдарға қарай мек­тепке дейінгі ұйымдардың мүмкіндігін 2,5 есеге дейін ұл­ғайту жөнінде алдын ала есептер жасалған. Бұл шамамен 90 мыңға таяу орын деген сөз. Тағы бір бұлжымас талап бар. Агломерация аумағындағы экологиялық ахуал қалыпты болуы тиіс.

Сондықтан да қа­­­зір­гі кезде мұндағы табиғи эко­­жүйенің тұтастығын сақтау үшін Қарғалы ауданында өңір­аралық табиғи парк құру көз­делген. Бұған қоса Хромтау ауданындағы Айдарлыаша айрығында геологиялық парк­ жасақтау жоспарланған. Өт­кен жылы газетімізде жа­рия­ланған «Електің ағысы неге бәсең?» деген мақалада осы аттас өзеннің күрделі эко­логиялық жағдайға тап болып отырғаны айтылған еді. Оның алты валентті хроммен және бормен былғанғаны нақты де­ректер арқылы жазылып көр­сетілді. Алайда материал газетте жарияланғаннан ке­йінгі кезеңде де оны реттеу ісінде айта қаларлықтай өз­геріс бола қоймағаны өкі­нішті-ақ. Бүгінгі күні агломерация аумағындағы Елек өзе­нін зиянды өндірістік қал­дықтардан тазарту ісі кезек күттірмейді. Мұның өзі Ақ­төбе агломерациясын ке­шен­ді түрде дамытудың бір тұтқасы іспеттес. 

Қазіргі кезде облыста агломерацияны дамыту бағыт­та­ры бойынша қызмет жасай­тын­ арнайы жұмыс тобы құ­рыл­ған. Оның мүшелері агло­ме­рацияның басты қазы­ғы бо­латын он бағытты айқын­да­ды. Бұл бірінші кезекте ин­д­ус­­­триялық-инновациялық ор­­­­та­лық, индустриялық-аг­рар­­­лық аймақ, шағын және орта бизнесті дамыту, кө­лік-логистика орталығы, меди­циналық және білім беру клас­терлері болып жалғаса береді. 

Өңірдегі өміршең даму үрдісі агроөнеркәсіптік сек­тор­да ет және сүт кластер­лерін құру мен дамытуға берік негіз қалайды. Соңғы уақытта облыста жүзеге аса бастаған фермерлерге қызмет көрсету орталығы, индустриялық-аграрлық аймақ және «Бола­шақтың ауылы» секілді қа­нат­­қақты жобалар да бар. Оның даму үрдісінің басты тала­бының бірі – қарқынды құрылыс. Мысалы, өңірде өт­кен жылы 800 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынса, биылғы меже – 850 мың шаршы метр. Алдағы жыл­дары бұл көрсеткішті бір миллион шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланған. Бұл баспаналардың басым бөлі­гі агломерация аумағында тұр­ғызылмақ. 

Әрине Ақтөбе агло­ме­­ра­­ция­­сын құру мен қалыптас­тыру ісінде ешқандай кідіріс пен түйткіл жоқ десек, ұшқа­ры­­лық­қа ұрынар едік. Айта­лық, мұнда инженерлік ин­фра­­­құрылымдарды одан әрі­ же­­тіл­діру мен автомобиль­ жолдарының сапасын жақсар­ту ісінде шешімін күтіп тұр­ған мәселелер бар. Ақтөбе халық­аралық әуежайының ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу ісі де Үкіметтің қаржылай қолдауын қажет етеді. 

Қалай дегенде де Үкі­мет мү­шелері Ақтөбе агло­ме­рация­сын аумақтық дамы­тудың өңір­аралық схемасын бірауыздан мақұлдады. Талас жоқ, бұл игі қадам. Алдағы ілкімді істердің бастамасы. Келесі кезекте атқарылатын істің салмағы орталықтан өңірдің өзіне қарай ауысып келеді. Аймақта бұған тиісті алғышарттар қаланған. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ