Бизнес • 16 Наурыз, 2018

Маңыздысы — әлеуметтік мәселе

843 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл – қадасы сонау 1985­ жы­лы қағылып, 1996 жы­лы ашық акцио­нерлік қо­ғам болып құ­рылған, ал 2000 жылы қыр­күйекте Еура­зиялық топтың (ERG)­­ құрамына кірген «Шұ­­бар­көл Кө­мір»­ ком­па­ния­сының бе­рік ұста­нымы.

Маңыздысы — әлеуметтік мәселе

Суретті түсірген автор

Разрез қатарға қосылған 1985 жылдан бері мұнда 120 миллион тоннаға жуық көмір өндірілді. Ком­­пания тізгінін ұстаған ERG бастапқыда негізгі қордың жартысынан аста­мын жаңартты, қал­ғанын кезең-кезеңмен жаң­ғыртуды қолға алды. Өн­дірісті өркендету мен технологиялық деңгейін кө­теруге бағытталған ин­вес­­­тициялық бағдарлама жа­сап, жүйелі түрде жү­зе­ге асыруда.

2002 жылы «Шұбаркөл» раз­­резі мен тиеу-тасымалдау басқармасы базасында «Шұ­бар­көл Көмір» акционерлік қоғамы құрылды. 2008 жылы ол Қазақстан қор биржасына тір­келді. 2009 жылы ақпанда ENRC холдингі Қазақстан қор бир­жасындағы ашық сауда-сат­тықта АҚ акциясының төрттен бір бөлігін қолма-қол 200 мил­лион АҚШ долларына сатып алды.

Қарағанды облысы әкім­ді­гімен жасаған өзара ынтымақ­тас­тық меморандумына сәйкес «Шұ­­баркөл Көмір» әлеуметтік ма­ңызы бар бірқатар жобаны жү­зеге асыруға атсалысуда. Был­­тыр осы мақсатқа 182,6 миллион теңге бөлді. Оның 41 миллион теңгесі «Шұ­бар­көлдегі» қа­зан­дықтың жаб­дығын жөндеу мен оның ырғақты жұмысын қам­тамасыз етуге, 51 миллион тең­­гесі Шах­тинск қаласы мен Шахан кентінде қазандықты же­ке шы­ғаруға жұмсалды. Қы­зыл­жар кентінің әкімдігіне жол тал­­ғамайтын автокөлік тарту ет­­ті және тұрғындарына тегін 3 ­000 тонна көмір бөлді. 

«Қызылжар-Шұбаркөл-Бар­шын-Қорғалжын-Астана» авто­көлік жолын жөндеу, «Шұбар­көл» және «Баршын» кенті инфрақұрылымын жетіл­діру, Абай қаласында 320 көрер­менге арнал­ған жабық бассейн салу, Қа­рағандыда көру қабі­леті на­шарлаған балаларға ар­налған 250 орындық мектеп-ин­тернаттың құрылысын аяқ­тау – амандық бол­­са, алдағы уа­қыт­та меморан­дум­ аясында ат­қарылатын ауқым­­­­­­ды шараның бірпарасы. Жал­­­­пы, бұл топ өткен уақыт ішін­­­де Қарағанды облысының өсіп-өркендеуіне ұзын-ырғасы 2,4 миллиард тең­геден астам қар­жы­­ құйды. 

Таяуда көмір өндіру мен оны тұтынушыға жеткізудің меха­низ­міне мониторинг пен талдау жасау үшін Үкімет нұсқауымен құрылған топтың құрамында «Шұ­баркөлге» жол түсті. 

Компанияның көмір шаруа­­шылығын аралаған үш сағатта көп нәрсеге қанықтық. Егер Энер­­гетика министрлігінің де­ре­гіне сүйенсек, былтыр Қазақ­станда 106,7 миллион тон­на кө­мір өндірілген (бұл – бұрнағы жыл­ғыдан 8,3 % немесе 8,2 миллион тонна артық). 29,3 миллион тоннасы шетелге шыға­рылған, 56,3 миллион тоннасы елдің электр стансасына жөнелтілген.

Ал коммуналдық-тұрмыс­тық­ қажеттілік пен халықтың тұ­тынуына 12,5 миллион тонна жұм­салған. Бұл 2016 жылғыдан 18 % немесе 1,9 миллион тонна ­көп. 

«Шұбаркөл» – Қазақстанда ком­­муналдық-тұрмыстық қа­жет­­­ті­лікті көмірмен қам­та­ма­сыз ете­тін ­жетекші жабдық­таушының бі­рі. Өні­мінің үштен бір бөлігіне жуығы осы мақсатқа жұмсалады. Өкінішке қарай, қытымыр қыс биыл қырын қабақ танытып тұр. Әсіресе, қаңтарда қаңтарылып қала жаздады. 

– Өткен ай оңдырмады. Ал­ғаш­қы онкүндікте қалың қар­дың астында қалдық. Темір жол­­­­ды тазартумен күн өтті. Екін­­­­ші онкүндіктегі қатты аяз тех­­­ни­каны тұралатып тастады. Енді-енді ес жиып келеміз. Ком­­­муналдық-тұрмыстық қа­жет­тіліктің тәу­ліктік жоспары 109 вагон болса, біз 123-127 ва­гон жөнелтіп жа­тырмыз, – дей­ді «Шұбаркөл Кө­мір» АҚ-тың өндіріс жөніндегі вице-пре­зи­денті Андрей Сафонов.

Көмірдің ірісі өтімді, майдасын мандытып алатын тұ­тынушы ша­малы. Сондықтан соң­ғысын кәсіпорын ішкі қажетіне жарата­ды, сондай-ақ елд­ің жылу-электр орталығына жөнелтеді. Шын­туай­тында, өндірілген көмір­дің үштен екі бөлігі майдасын кә­деге жа­рату мүмкіндігі мол­ тех­нологияны меңгерген таяу­дағы және шалғайдағы шетелге шы­ға­рылады.

«Шұбаркөл» көмірінен ар­­нау­­­лы кокс алатын зауыт­тың­ өні­мін қазақстандық және ре­сей­лік компания: Арселор­Мит­­­талТеміртау», «Қаз­Хром», «ҚазФосфат», «Қаз­Мырыш» пен Серов ферро­қорытпа зауы­ты­ тұ­тынады. Келешекте осындай­ жа­ңа зауыт салып, 2022 жылы жо­балық қуатына жеткізу көз­деліп отыр. Сонда елде өң­делетін май­да көмірдің үлесі артып, сырт­қа қымбат бағамен шы­ғаруға мүм­кіндік туады.

Биыл «Шұбаркөл Көмір» АҚ 12 200 000 тонна көмір өн­діргелі отыр. Кәсіпорын тарихында бұ­рын-­соңды мұндай меже бел­гі­ленбеген. Өткен ғасыр­дың соң­­­­­ғы жылында 991000 тонна кө­­­­мір өндірген компания былтыр бұл көрсеткішті 10 450 000 тоннаға жеткізді. Осы­­­ның үш­­тен бір бөлігіне жуы­ғы (3 285000 тоннасы – авт.)­ ком­мунал­дық-тұрмыстық қажет­ті­лікке жұм­салды.

– Ауа райына аса тәуел­ді­ ашық әдіспен көмір өн­ді­ру­­­­дің қиын­дығына қарамас­тан, жұрт­шылықтың коммуналдық-тұр­мыстық қажетін қамтамасыз ету – алдыңғы қатарда тұрған мін­дет. Сондықтан жаңа жаб­дық пен техника алуға биыл 16 мил­лиард теңгедей инвестиция құямыз. Бұл жаңғырту ірі кө­мір өндіру көлемін 3,6 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүм­кіндік береді, – дейді Андрей Са­фонов. Компания өндірісті да­мыту мен әлеуметтік салада 2016 жылы – 3,3 миллиард, 2017 жылы 10,5 миллиард теңге инвес­тиция игергенін ес­керсек, үкілі үміт еріксіз оянады.

Нұра ауданының аума­ғын­дағы «Шұбаркөл» – құба-жонда жатқан жалғыз елді мекен. Соған қарамастан елдегі әлеуметтік ма­ңызы бар мәселені шешуге елеу­лі үлес қосып келеді. 121 ша­қырымдағы Қызылжар стансасы мен 214 шақырымдағы Ар­қалыққа шойын жол тартылған. Компанияда еңбек ететін 2800-дей адамның басым бөлігі вахта­лық әдіспен қатынап жұмыс іс­тейді.

Әңгіме орайында айта ке­тейік, осы көмір көмбесін игер­­гені үшін бір топ геолог пен кенші 1988 жылы КСРО Мем­лекеттік сыйлығына ие болды.

Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Қарағанды облысы