20 Наурыз, 2018

Жазу мәселесі туралы соңғы сөз

725 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әліпби ауыстырудай күрделі іс Алаш арыстары тұсында да өткір мәселе болған-ды. Талай тартыс, дау-дамай болғанын сол кездегі газеттің сарғайған беттерінен көреміз. Авторы «Жүсіпбек» деп жазылып (Аймауытов – ред.), «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1924 жылғы №208-209 нөмірлерінде жарық көрген «Жазу мәселесі туралы соңғы сөз» атты мақаланың алғашқы бөлімін ұсынып отырмыз. 

Жазу мәселесі туралы соңғы сөз

Алдымыздағы шілденің 10-ында болатын білімпаздар тобының қарсаңында мүддемізді айтып қалалық.

«Еңбекшіл қазақтың» 154-ші санында емле туралы, 178-179-шы сандарында қаріп туралы менің жобаларым басылды. 159, 161, 162, 164, 195-ші сандарында Елдестің қарсы даулары басылды.

Елдес көп жазды. Балаға сабақ бергендей «Қазақ тілінде пәлен дыбыс бар, оның пәленше таңбасы бар...» деп жұрт­ты сендіре, өзгені надансына, қазақ тілінің бел баласы өзі тәріздене жазды. Мұндай зор мәселені қара борандатып, соқыр сезімге беріліп, қызуланып тексеру ағат. Бұл салқын ақыл, саналы ой керек қылатын мәселе. Кеп біреуді түйреуде емес, мәселенің дұрыс шешілуінде.

Жазу мәселесінде айтыстың шиеленіп, ауыр болуына зор себеп бар. Емлеге әр­кім әр жақтан, әртүрлі қарайды. Біреу тіл­дің тарихынан, біреу нағыз грамматика жағынан, біреу естілу (фонетика) жа­ғынан, енді біреулер іс жүзінде қо­лай­лы, жеңілдік келу жағынан қарап шеш­пек болады. Сонымен әркім өзінің ұстанған негізінен айырылғысы келмейді. Ел­дестің негізі: тіл құрал (этимология), есті­лу (фонетика). Менің негізім: көбінесе іске қолайлы (практика), жеңілдік, қала берсе, естілу. Дұрысында, емлені іске қолайлы бо­лу жағынан ғана қарау керек.

Жазу мәселесін шешкенде алдымен «тілдің заңы бұзылса, жалпақ жұрттың тілі бұзылып кетеді, жоғалып кетеді...» деген соқыр нанымнан (фанатизм) құты­лу керек. Елдес қорыққандай тіл сонша ­шетін, тиіп кетсе жарылып қалатын қаға­нақ емес. Елдес «ҰУ» деп жазып, олай буындай ма, Жүсіпбек «У» жазып, буын­дамай ма қазақтың тіліне ине­нің жасуындай пайда, зиян келмейді. Араб, парсы, татар, сарт, миссионерлер әде­биетінің ықпалына жүріп, айдауы­на көнбеген, тілінің заңы, құралы не екенін білмеген «Е, Ы, Й» дыбыстарын­ «И»-мен; «О, Ұ, У» дыбыстарын «О»-мен – бір-ақ таңбамен жазып келген сол тауқыметтің бәрін тартса да, бұзылмай келген қазақ­тың тілі біздің бір, екі таңбамызбен әсте өзгермейді. Тіпті бұзылмайды. Қа­зақ жоғалса, тілі де жоғалады; жасаса, өр­­кен­десе, тілі де өркендейді. Азамат бол­­ған баласы ат мінсе, қалтырауық балажан шеше «жығылып қалар ма екен?» деп үйде отырып тақымын қысады. Елдес әлде қара борандату үшін жоқты сөй­лейді, әлде әлгідей қорқақ шеше (егер он­дай шеше қазақта болса).

Білім өскен сайын, ой өседі; оймен бірге тіл өседі. Бірақ тіл шұбалаң, мыл­жың болмайды, шынығады, шымырланады. Аз сөз, көп мағына – міне, білімнің тілегі. Тіл өскен сайын, дыбыс көбейеді. Ен­деше, әріп те көбею керек пе? Жоқ. Аз әріп, көп дыбыс – міне, жақсы хаттың шар­ты.

Дыбыстың еркіне салсақ, таңба (әріп) мейлінше көп болу керек: бір ды­быстың өзі әр орында әртүрлі естіледі. Аны­ғында дыбысқа тап келетін таңба бола бермейді. Ауыздан шыққан барлық ле­біз­ді әріппен түгендей жеткізу мүмкін емес. Ат айдағандағы «шу-шу», болмаса таң­дай қағу, тоқтатудағы «дыр», күлкіні, кейі­гендегі одағайларды қайтып қаріппен айта аларсың? Жазу, қаріп нобаймен, шарт­пен ғана алынатын нәрсе.

Профессор Ушаков айтады: «Кәдімгі хаттағы қаріптердің дыбыстарға дәл кел­меуі кемшілік емес; іс жүзінде қолайлы болуға жазудың дәлдігі тіпті мін­детті емес, қайта дыбысқа нобайлы жазу әрі жа­байырақ, әрі оңайырақ бо­лады», – дейді. «Емленің мақсұты – же­тілген, бай тілді өте жабайы құралмен таң­балап білдіру», – дейді ғалым Раумер. Сон­дықтан «Қолдануға қолайлы жазу – дыбысты жалпыға түсінікті етіп көрсету», – дейді Курч деген кісі. «Ауыз сөз – ой­дың пернесі болса, жазу – ауыз сөздің пернесі» деген Томсон. Дыбыстарға на­ғыз адал келетін жазу жоқ. Ондай жазу жал­­пыға түсініксіз, ендеше болмау керек. На­ғыз дыбысқа адал жазу тіл ғылымында (языковедение) ғана болу керек. Дыбысқа әріп­­ті келтіреміз десек әліппиден талай әріпті шығаруға, талай әріпті тыңнан ойлап табуға, әйтпесе ескілерге түрлі бел­гілер қосып қолдануға тура келер еді. Бұл дұрыс хат болмайды, қолдан жасама хат болады. Бұл пікірлерді жазуды оңай­латамын деп талай жыл еңбек еткен ға­лымдар айтып отыр.

Мұндай талай беделді сөздер келтіруге болады. Бірақ орын аз. Дыбысшылдардың әуейі­ленбеуіне бұ да жетерлік сөз. Сон­дықтан естілуді (фонетиканы) негізге алу­ға болмайды екен, аса бір керекті орын бол­маса. Сол тәрізді жазу мәселесін тіл заңына (грамматикаға) тіреп шешуге де болмайды.

Тіл – жанды зат: өркендейді, дамиды. Жа­зу – өлі сүйек зат. Тіл заңы (грамматика) да кертартпа (консервативный) нәрсе. Ші­дерлеп, өрісіңді ұзартпайды.

Грамматикашылар тілді тапқа, жікке, сорт­қа бөлемін, әр сөзді, әр дыбысты бел­гілі таптың әдет-ғұрпына, салтына ба­ғындырамын деп талай жерде зорлық істейді, жіксіз жерде жік шығарады. Бұдан екі жүз жылдар бұрын Ломоносовтың шығарған «ия», «ыя», «ие», «ые» деген жалғауларынан орыс жаңада ғана құ­тылды; еркек, әйел, орта сөздердің аяғын бір-ақ түрлі (ые, ие) жазатын болды. Тіл­ге бұдан келетін кемшілік жоқ. Сол сы­қылды: «они, оне, одне, одни, оба, обе», деген бөлек-салақтарды кеше ғана қал­дыр­ды.

Міне, грамматиканың тұсау болғаны.

«Тіл құрал» шықпастан бұрын «дыбыс», «буын» дегенді жұрт білмеуші еді.­ Дыбысты, буынды өзгелерге елік­теп, дыбыс әдісін (звуковой метод) қол­данғандықтан алып отырмыз. Еліктеу оны­мен тоқтамайды. Мәдениеті күшті жұрт еліктетеді. Жазудың, жазу үйретудің оңай жолы табылса, еліктемеске әддіміз жоқ. Бұл күнгі басымызды шұлғып отыр­ған «дыбыс», «буыннан» безіп, ертең Аме­рика әдісіне түспесімізге кімнің көзі же­теді? Сондықтан жалаң тіл құралдың (эти­мология) дәлеліне сүйенуге болмайды, оның өзі жасама, еліктеме нәрсе.

Шынында, грамматика екі түрлі болуы ке­рек: бірі – тілдің, сөздің, істің ыңғайына жү­ретін құбылмалы, жанды этимология; енді бірі – тілдің негізін, түп атасын, өз­геру жолын, тарихын тексеретін ғы­лы­ми грамматика болмақ. Мектепте жазу үй­ретуге, дұрыс сөйлетуге көмек ететін жан­ды этимология мен ғылыми грамма­тиканы шатастырып жүрміз. Соңғы грамматика орта медреселердің соңғы жылдарында, жоғарғы медреселерде оқытылу керек. Бастапқы бастауыш мектепте Ахаңның «Тіл құралдары» (әсіресе ІІ) екі түрлі этимологияның жолдарымен жа­зылған, іске жанасу жағында ауыр жер­лері көп. Екі сөздің бірінде тіл заңына жү­гірудің себебі осы.

Мысал келтірейік: «Атты кісі мылтық ат­ты». Фонетика көзімен қарасақ, еке­уін­де де «атты» жазылуға тиіс. Олай емес, эти­мология көзімен қарап, бірі сын есім, бі­рі етістік болған соң, Ахаң екі түрлі жаз деп отыр. Грамматика жағынан да айырып жазуға Ахаңның дәлелі жоқ. Алайық мына сөздерді:

Қасым-бек, Қойшығұл, Түйе-бай, мал-ғой, жоқ-қой, керек-қой, адам-да, ұш­қан құс-та, жүгірген аң-да, барайын-ба, келейін-бе, аламын-ба, барған-бысың, кел­ген-бісің, жазған соң, малмен, көппен, би-еке, аға-еке, молда-еке, тайым-ай, япы­рым-ай, жарықтық-ай, ап-ақ, сап-са­ры, бара-алмайын, жүре-алмаймын, би-маза, бей-бастақ, би-тарап, би-қам, бет-бақ...

Этимологияға сүйенбесе, осы сөздерді бөлек жазуды, не сызықшамен («–») жазуды кім білер еді? Этимология бір жағынан сөздің түбірін, табын айырып, мәнісін көрсетіп пайда келтіріп отырса, екінші жақтан жазуға ауырлық келтіріп отыр. Қосалқы сөз, қос сөз, жалғаулық, көсемше, жіңішке буын, жуан буын, шырай, одағайларды бірінен-бірін айыру, араластырмау үшін солай жазылып отыр.

Қасым-бек, Түйе-бай, бір-ақ, бей-бас­тақ, би-тарап, бет-бақтарға сызықша қойғызып отырған түбірін қазу, қала берсе, жуан, жіңішке буындар. «Ғойда» жеке мағына жоқ, жалғаулыққа, жалғауға, жұр­наққа келмейді. «Айттым-ғой» (сказал, ведь) не қылу керек? Сызықшамен бөлгеннен басқа шара жоқ. «Адам-да» ұшқан құс-та, жүгірген аң-да» мұндағы «да-лар» орыстың «и» деген демеуінің (Союз) мағынасында болғандықтан, жатыс жалғаудан айыру үшін осылай жазылып отыр. Сол тәрізді қосалқы сөздегі «Ма, ба, ме, белер» орыстың «ли» бөлімшесінің мағынасында болған соң, бөлек жазылады. «Соң» – «после» мағынасында. Ол – үстеу (наречие). Ендеше бөлек жазылуы керек. Жұрнақ біткен зат есіммен қосылып жазылып, «еке»-нің сызықша арқылы жазылуы да жуан, жіңішке сөздерге бірдей тіркелуінен болса керек. Өзге падеждерді алған соң, «мен, менен, бен, бенен» жалғауларымен орыстың (Творительный) падежін де алуға болмас па еді? Олай етуге «мен, беннің» есімдерін басқаларға да тіркелуі бөгет болса керек. «Таңдаулы шырайға» қосылатын «ап», «қаптарды» бөліп алып, «ап-ақ, қап-қара» деп жазайық десем, Елдес тіл заңының дәреті бұзылатындай қорқар еді.

Дайындаған

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар