Қазақстан • 20 Наурыз, 2018

Ұлт­тық музейде «Сезімдерді жаңғыртып...» атты сурет көрмесі ашылды

1322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктем! «Жан-жануар адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің кө­зі» деп Абай атамыз айтқандай, бұл барша табиғаттың жүйе-жүйесі босап ке­ңіп сала берген тынысынан тың тіршілік бүр жарар ғажайып шақ. Бұл кез­де кісі көңілі де көкке ұмтылған көк өскіндей құлпырып, жасаң­ғы­рап қалады. Осындай сәтте қала тұрғындары мен қонақтарына тіпті де жар­­қын көңіл-күй сыйлау үшін елордадағы Қазақстан Республикасы Ұлт­тық музейі «Сезімдерді жаңғыртып...» атты сурет көрмесін ашты. 

Ұлт­тық музейде «Сезімдерді жаңғыртып...» атты сурет көрмесі ашылды

Көрмеге табиғаттың күн мен түн теңелген Наурыз мерекесін той­лау­дың ұлттық дәстүрлерін бойына жы­лу тарай бастаған табиғаттың ерек­ше шуақты шағын бейнелейтін, 50-ден астам картина мен мүсін қой­ылған. Бұлардың көпшілігі пей­заждың қарапайым жанрымен беріліпті. Ең бір тартымдылығы әрбір көркем су­реттен қазақ мәдениетінің дү­ние­танымдық және философиялық тү­сі­ніктерінің шоғырланғанын кө­ру­ге болады.

«Сымбатты өнер болмаған елде ма­ғыналы тіршілік жоқ. Қандай қауым, қандай тапты алсақ та қаны мен жанының суретін өнер ай­на­сы­на түсірмей отыра алмайды. Өнер­ден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді» деген ғұлама Мұхтар Әуезовтің сөзі дәл осы тұста көкей­іңе еріксіз оралады. Көрмеде ұсы­ныл­ған туындылар ұлттық рухқа, та­би­ғат­қа деген сүйіспеншілік, бақытты ба­ла­лықтың тәтті елестеріне өте бай. Кейбір суретшілер көктемнің жа­қын­дауын түстердің білінер-білінбес ал­масуымен берсе, енді біреулері көк­темгі шаттық сезімді бейнелеген.

Көрмеге Ерлан Айтуаров, Мәжит Байтенов, Тілеужан Батанов, Бақытнұр Бурдесбеков, Ерлан Назаркұл сынды танымал суретшілермен бірге Анар Әубәкір, Гүлмарал Тәтібаева, Әсем Абдуллаева сынды жастардың да жұмыстары қойылған.

«Бұл көрменің бір ерекшелігі аға буын мен жастардың сабақтастығын көрсетумен қатар, барлық жанрды қамтуында. Наурыздың келуіне орай ұйымдастырылуының маңызы зор. Соған орай мерекелік көңіл-күйді бей­нелейтін суреттер көбірек қой­ылыпты. Бұл суретшілерді шабыттандырады», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері суретші Тілеужан Батанов.

Шынында мұнда тек көркем табиғат, ауыл тірлігін ғана бейнелеп қоймай, қала көктемінің де ерекше әсерін мың бояумен жеткізген туын­дылар жетерлік екен. Мысалы, Сей­сенхан Маханбетовтің «Ару қала – Астана», «Натюрморт» және өзге де кар­тиналары соған дәлел. Көр­ме­дегі май­талман суретші Ерлан Ай­ту­аро­в­тың «Күй» картинасы жеті нотаны же­ті бояумен бейнелеген ерекше туын­ды десек болатындай.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар