Қазақстан • 21 Наурыз, 2018

Астанада «Еліміздің жаңа есімдері» атты фотокөрме ашылды

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарына арналған «Еліміздің жаңа есімдері» атты фотокөрме ашылды. Аталмыш іс-шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде ұйымдастырылды. 

Астанада «Еліміздің жаңа есімдері» атты фотокөрме ашылды

Наурыз айының 17-сі мен 21-і аралығында «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында жұмыс істейтін көрме одан әрі ар­найы бағыт бойынша еліміз­дің өзге облыстарына көш түзей­ді. Республиканың басты қа­ла­ларындағы таныстырылу жұмысы аяқталған соң фотосуреттер Ас­тана күні қарсаңында бастапқы орнына қайта жайғастырылады деп жоспарлануда.

«Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін шешендер емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанасына айналуға тиіс» деп Елбасы атап өткендей, көрмеде негізінен «100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының фотосуреттері, олардың атқарған жұмысы мен жетістіктері жайында қысқаша мағлұмат беріледі. Осы арқылы жоба ұйымдастырушылары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан, бірақ халыққа танылмаған жаңа есімдер мен олардың жемісті өмірбаянын көпшілікке таныстыруды мақсат етіп отыр. Оның арасында еліміздің туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер, сондай-ақ ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар бар. Яғни «Еліміздің жаңа есімдері» атты фотокөрменің мазмұнын негізінен осы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары құрайды.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша халыққа кеңінен танылмаған, бірақ белгілі бір салада елеулі жетістіктерге жетіп, мемлекетіміздің дамуы­на ауқымды үлес қосқан азаматтарды тауып, олардың үлгі боларлық жұмысын дәріптеу мақсатында жүзеге асырылған болатын. Бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі мамандық иелері қатысып, ең мықты деген 100 адам ашық онлайн дауыс беру арқылы іріктеліп алынды. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар