Қазақстан • 21 Наурыз, 2018

Бастама мен басымдық

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың көктемнің алғаш­­қы айының басында халыққа бес әлеуметтік бастамасын жариялауы аса мәнді болды. Наурыз – қа­зақ халқы мен басқа да ұлыстардың ертеден келе жат­қан қасиетті және заманауи дәс­түрлері жаңғыратын ерек­­­ше ай. 

Бастама мен басымдық

Президент ха­лыққа Үндеуінде: «Мен өр­кен­деген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қол­дайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өз­деріне сенімді адамдар деп са­наймын», деді. Шындығында, елін жан жүрегімен сүю – ха­лық­тың мемлекет ісімен үндес­тігінің көрінісі. Нұрсұлтан Назарбаев­тың бұл сөздерін жүрегімізге жақын қабылдадық. Әсіресе, ұлттық-мәдени бірлестіктерге на­зар аударғаны қуантты. Осы орайда Қазақстан халқының бір­лігіне ҚХА-ның қосқан үлесін мақтанышпен айта аламыз. Енді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың нау­рыз­дағы Үндеуіне байланыс­ты «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясы жаңа мағынамен толыға түсуі тиіс. 

Үндеудің мазмұны тұтастай ұлт­тың әл-ауқатын көтеруге ар­налған. Ұлттық банк кемінде 1 трил­лион теңге қаржы тартатын­ арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша­ бе­ретін жаңа ипотекалық несие­лерін сатып алуға жұмсап, несие өсімінің мөлшерлемесін қа­зір­гідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтындай ету тура­лы бастама көтерілді. Сондай-ақ орталық және солтүстік өңір­­лерге газ жеткізуге байла­ныс­ты ұтымды шаралар бекі­тіл­ді. Демек, бұл бастамалар Президенттің бұрынғы ұсы­ныстары тәрізді әлеуметтік мем­­лекеттің шынайы әрі сындарлы қазақстандық моделін қалыптастыруға бағытталған. 

Енді шағын несие алатын­дардың саны 2017 жылмен са­лыс­тырғанда 2 есеге артып,­ 14 мың адамға жететін бола­ды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қол­дау үшін олардың салық жүк­те­месін 10 есеге азайтып, 1 па­­йыз ғана салық салынады. Бұл шараның нәтижесі бойынша жалақының өсімі жұмыс бе­ру­шілердің жүктемесіне әсер ет­пей­тіндігі маңызды. Әрі қа­рай Үкімет табыс салығының про­грессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделейтін болды.­ Бұл жүйе жалақысы төмен адам­дар­дың табысын артты­рып, халық­тың өмір сүру дең­гейін ыңғайымен теңестіруге мүм­кіндік тудырады. Үндеудің Президент ерекше басымдық берген тағы бір ма­ңызды бағыты ретінде қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грант­қа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлі­нетіндігін айтуға болады.

Сонымен бірге техникалық жә­не ауыл шаруашылығы ма­мандықтары бойынша бар­лық жоғары оқу орындары грант­тарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары­ деңгейіне дейін көтеру қарас­тырылған.  Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың қоғамның әлеу­мет­тік бірлігін нығайтуға ба­ғыт­талған бастамалары елдің мұқ­­таждығына сай келді деп есеп­теймін.

Гүлнар АННАКУЛИЕВА,
Алматы қалалық және Алматы облысының «Түркімен қоғамдық-мәдени орталығы» ҚБ төрайымы