Өнер • 21 Наурыз, 2018

Балби Кәкейұлы, атбегі: Жүйріктің бабы келмесе, бағы да жанбайды

2019 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақта атбегілік дейтін өнер бар. Ол – жүйрік жылқыны таңдап-танып, баптап бәйгеге қосып, бабын табатын адам. Өте ертеректе оңтүстік өңірде ғұмыр кешкен атақты атбегі Мақұлбек, керекулік Бежу,  жетісулық Бақай, сондай-ақ сіргелі Меңдекелер жайлы ел аузында сақталған дерек көп. Осы бір құнды мұрамызды ұрпақтан ұрпаққа  жалғастырып, бүгінге жеткізген ат бапкерлері – созақтық Файзолла Ормызов, тараздық  Нұрдәулет Әлібекұлы, «Дегерес» жылқы зауытының аттарын баптаған Нәркен Қалибек ақсақал, ағадырлық Жолдыбай Кенжеғұлов, алтайлық Еркін Темірбайұлы сынды тұлғалар бар. Соңғы екі-үш жылда ескінің көзі, өнердің өзі болып келген жоғарыдағы қариялардың үшеуі дүниеден өтіп кетті. Қалғаны сексеннің сеңгірінде. Дәл бүгін текті өнерді үзбей өрге сүйреп келе жатқан Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Жаңаталап ауылында  Балби Кәкейұлы дейтін атбегі бар. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қарағандылық ақсақалды іздеп барып жолығып, ат баптау өнері жайлы әңгіме өрбіткен едік. 

Балби Кәкейұлы, атбегі: Жүйріктің бабы келмесе, бағы да жанбайды

– Қазақтың жүйрік жыл­қы­ға қатысты «бақ шаба ма,­ бап шаба ма» деген сөзін бі­л­е­сіз, яғни жүйріктің бабы бол­­маса да,­ бағы шабатын жағ­дай расында болуы мүм­кін бе?

 – Бұл жай айта салған сөз, қайдағы бақ шапқан, бап шабады. Түйе бойына сеніп жылдан құр қалды демекші, жүйріктің бабы қанбаса, бағы да жанбайды. Жылқы баптау деген әуелі өнер, одан кейін еңбек. 

 – Түсінікті. Ақсақал, олай болса өзіңіздің ат баптау тә­жіри­беңізбен бөлісе отыр­са­ңыз?

– Егер жүйрік біткенді тек бір­ әдіспен баптаймын десе, ол қате. Қазақтың «алуан-алуан­ жүйрік бар әліне қарай шабатын» дегені орынды сөз. Ат баптау деген телегей теңіз ілім. Оны бір ауыз сөзбен айтып бере алмаймын. 

Бір ғана мысал: жүйріктің бабын тері арқылы білуге болады. Сондықтан көп жағдайда атбегілер жүйріктің терін жасырып, түнде алады. Мен де сол әдісті көп қолдандым. Тер қырудың да мәні бар. Шауып келген жылқыны ықтасын жерге тұрғызып терін қырған соң, екінші бір атпен жарты сағат тоқтатпай жетелеу керек. Өйтпесе аяғына қан түсіп қалуы мүмкін. 

Баптаған жылқымды бәйге таяғанда жетектеп жүріп, мол қияқты, таза жерге жайыл­ды­рамын. Әсіресе қара жарысқа шауып келген жүйріктің ентігін аңдаған дұрыс. Яғни ентігі басылып, табиғи қалпына қанша уақытта келді, осыған байланысты баптау жұмысын реттеп отырамын. 
Жалпы, көп жыл байланған жүйрік өз бабын өзі табады. Жас кезімде аламан бәйгелерде үздік бестіктің ішінде келіп жүрген сұр ат сатып алдым. Осы жылқы бәйге таяғанда үйірде жүріп  өзінен өзі жарай­ды. Үйірден ұс­тап кермеге әке­ліп байлағанда жер тарпып, шыр айналып, саң­лақ­танады, шір­кін. Қарап тұрып көңілің тоя­ды. 

– Бабы келген, яки байлауы қанған жүйрікті қалай та­ни­сыз?

– Бабы қанған, байлауы ­­келген жүйрікті білу тәсілі де әр қилы. Мысалы, өз басым бап­­таған жүйріктің бабы қанған-қан­бағанын білу үшін түн ортасында тас қараңғыда бұлақ басына алып барып, бос қоямын. Егер жүйрік бұлақтан өзі барып су ішсе, онда бабында мін жоқ, қанғаны деп білемін. Егер айналсоқтап, оқыранса онда болмағаны. 

– Сізді білетіндер ат сыншысы дейді,  жүйрікті қалай сы­­най­сыз?

– Бала кезімде «Күдір» жүй­рік жайлы көп естідім. Бұл бап таңдамайды. «Мұзбүйрек» деген жүйрік болады. «Қызбел» деген жүйрік бар, ол өте ұшқыр шабады. «Созақ» деген жүйрік болады. Бұл бірқалыпты шабады. Бұны ұзақ жортуылға мінеді. 

Мен білетін жүйріктің 20-дай сыны бар. Осының 10-ы бір жылқының бойынан дәл табылса, баптау болады. Кейбірін айтайын: жүйрік жылқының иегінің асты алқымы кең болуы керек, шынтағы қабырғадан алыс тұрады, бұл қалбағайлы дейді және мықыны тар болғаны жақсы. Содан кейін жүйріктің алдыңғы екі аяғын біріктіріп тұсағанда, екі шашаның ортасына жұдырық сыйса, ол шын жүйрік. 

Нағыз жүйріктің белі бү­кір, жел­кесі ой, қабырғалы келе­ді.­­ Аяқ­ тастасы нық, шашасы жа­та­ған емес, тік әрі қысқа бол­ға­ны аб­зал. Шашасы ұзын жыл­қының ішкі қуат-қарымы нашар болады. 

Одан кейін жүйрік жыл­қы­ның танауына қарау керек. Танауы балықтың желбезе­гіндей жел­біріп көрінсе, бұл жүйрік. Өрен шабысты аттың танауында тесік­тері болады. Тесік көп болған са­йын жыл­қы­ның тынысы ашылады да, ұзаққа сілтейді. Бұндай жүй­ріктің алды мен арты бірдей келеді. 
Қазақ сыншылары бірауыз­дан бота тірсек жылқыны жүй­рік деп таныған.  Сондай-ақ бауыры жазық, кеудесі кең, арт­қы екі аяғы талтақ, екі көзі отты, құлағы жұқа және тақыр, құйрығы сұйық әрі жіңішке, бақайы тік және қысқа болса, ондай жылқыны да жүйріктер қатарына жатқызады. 

– Түсінікті. Сіз айтқан сын-­­сипаттар жүйріктің мүше бі­­тіміне қатысты екен. Ал қи­мыл-қозғалысына қатысты жүй­­рікті қалай тануға болады? 

– Жүйрік болады-ау деген жылқыны бесті шыққан соң тік өрге немесе тік еңіске салып байқайды. Егер тік өр мен тік еңіске бұлғақтамай түсіп-шықса, бұл жақсылықтың нышаны. Ал құнанды елпек атпен жетелеп жүріп сынайды. Ол аттың алды-артын орап, қатарласа жүр­се жақсы. Сол сияқты жүйрік болар деген жылқыны жас күнінде белдеуге байлап қойып, жақын маңда қиқулап ат жарыстырса, анау елеңдеп, тыпыршып бел­гі береді. Ал үйір­дегі құ­лын жылқы жусап тұрғанда құй­рығын шаншып алып, үйірді айнала шауып ойнаса, бұл жақ­сылықтың нышаны.

Одан соң жүйрік болар құлынды желіден тануға болады. Ондай құлын  желіде аяқ астын қазып, 3-4 күн жатпай тұрып алады. Бұндай құлынның желкесін қидырмай, зорықтырмай және сүттен тарықтырмай өсірген дұрыс.

– Сөзіңізге қарағанда, жыл­қы баласын танитыныңыз­ға күмәніміз жоқ, бірақ қазіргі таңда өзіңіз көріп жүрген ат бап­­керлері білмей, ескермей жүргенді аңдай алдыңыз ба?

– Бір аңдағаным, мұндағы ат бапкерлері қарта түйілгенді білмейді екен. Жылқыда бұл жағдай үнемі болып тұрады. Яғни, қыстай жеген шөп-жемнің ішіндегі тас-топырақ жылқының қартасына кеп­теліп, түйіліп қалады. Бұн­дай күйге түскен жылқы дөң­­бекшиді, жатып-тұ­рып жер­ тарпып күшенеді, бірақ дұрыстап тезек тастай алмай қиналады. 

Одан кейін тағы бір байқа­ғаным: жүйрік ішін тарт­қан кезде жиырылған қарын жындағы азғантай дымқылдықты сіңіріп алады да, құрғаған жын қарта­ға кебірленген күйде жетеді. Сөйтіп сыртқа шықпай құма­лақ­­танып, қартаға жабысып қатып қалады. Осы екеуі көп кездесіп жүр. Бұны білмей жыл­қы баптау қиын. 

– Бұл кеселді қалай емдеу­ге болады?

– Қазіргі ғылым дамыған, дәрі-дәрмек қолданатын шы­ғар. Өзім қазақтың қара жолымен емдеймін. Яғни байла­ған қартаны түсіру үшін кеш­ке жақын таудың аршасын қайнатып, суыған соң жылқы­ның басын көтеріп, биік кермеге мықтап байлап, танауынан құяды. Арша құйған соң жыл­қының ыстығы көтеріліп, ентігеді. Сол күйінде таң асырып байлап тастайды. Таң­ертең ерте елең-алаңда қаң­таруын шешіп, отқа қоя беріп байқау керек, қартасы босаған жылқы таңғы дымқыл шөпті апырып, қомағайлана қарпиды. Тура жарты сағат жайылтқан соң, жылқының денесін тер сіңірмейтін затпен орап, оның сыртынан киізбен қымтап, жабаттап алып, соқа жүріспен аяңдатып терлетеді. 

Әбден терлегенде үстіндегі жабындыны сыпырып тас­тап, желге ықтай жүргізіп, қыр­ғышпен терін қырасыз. Денесі кепкен соң жылқы тұратын жердің тезегін түгін қалдырмай тазалап, кермеге әкеліп байлап қояды. Аздан кейін жылқы тыпыршып, тоқтай алмай дүркін-дүркін тезек тастайды. Осы тезектермен бірге қартада түйілген зат та түседі. 

– Сөз соңында бүгінгі ат­бегілік өнермен айналысуға ниет білдіріп жүрген жастарға арнап не айтар едіңіз?

 – Жылқымен екінің бірі айналыспайды. Бойында қазақы қаны бар, көшпенді мәдениетке жақын жастар айналысуы мүмкін. Жастар жылқы түлігіне пайда көзі, тіршілік өзегі, соғым деп қарамай, ата-бабамыздың мұрасы деп қараса, оны баптауды, бағуды, үйренер еді. Жүйрік баптау бұл ілім. Халқымыздың жадында сақталған өте құнды мұра деп қараған дұрыс.

Әңгімелескен 
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»