Президент • 21 Наурыз, 2018

Елбасы Қазақ елін Наурыз мерекесімен құттықтады

1070 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының Конгресс Орталығында ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлауға арналған мерекелік концерт өтті. Салтанатты іс-шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, барша қазақ елін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

Елбасы Қазақ елін Наурыз мерекесімен құттықтады

Photo: Erlan OMAR

Концерт бағдарламасына сәйкес, ең алдымен «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көпжанрлы жобаға Астана қаласының барлық мәдени өнер ошақтарынан жасақталған шығармашылық труппа белсене атсалысып, жиылған жұртшылыққа Наурыз мейрамының өмірге келу тарихынан сыр қозғайтын қызықты қойылымын тарту етті. Дәстүрлі әншілер әннен шашу шашты. Театрландырылған концерттік бағдарлама соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа өзінің жүрекжарды құттықтауын жеткізді.

– Құрметті отандастар! Көктем, жылу, жаңару, жақсылық күні– Әз-Наурыз мейрамы барша қазақстандықтарға құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні – бағзыдан келе жатқан ұлық мерекеміз. Кезінде біршама уақыт жоғалтып алып едік. Енді, міне, Тәуелсіздігімізбен бірге қайтадан ортамызға оралып отыр. Күнтізбе бойынша 1 қаңтарда есіктен кіретін Жаңа жылды өз заманында І Петр Батыс Еуропадан әкелген екен. Оның да өз орны бар. Әйтсе де, Наурыз – қазақ үшін ерекше мейрам. Күн мен түннің теңеліп, барша тірішілік атаулының оянып, айналаны шуаққа, жылылыққа, мейірімге бөлейтін кезі ғой – бұл мезгіл. Наурызды қазақ ежелден-ақ асыға күткен. Туған-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне қонаққа барып, арқа-жарқа араласқан. Келіспей қалған адамдар кешірім сұрасып, табысқан. Демек, Наурыз – татулық пен бірліктің, жаңарудың мерекесі. Түбінде бұл мейрам біздің негізгі Жаңа жылымыз болады.

Тәуелсіздігіміздің осынау 26 жылдық тарихында біз көп шаруа бітірдік. Аз ғана уақыт ішінде Қазақстанымыз әлемдік аренадағы өз орнын белгілеп, дүниежүзіне белгілі мемлекет болды. Қолымыздағы осы барымызды көзіміздің қарашығандай сақтап, бағалауымыз керек. Себебі елдің бірлігі, ортақ мақсат жолында бір жұдырық болып жұмылуы – болашақ табыстарымыздың көзі болып саналады. Қазақта: «Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын» деген жақсы сөз бар. Ендеше, ұлыс оң болсын! Барлығыңызды Әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, бақыт, береке мен бірлік тілеймін!» – деп Елбасы өз құттықтауын жеткізді.

Концерт соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО көрме кешенін аралап, мерекелік іс-шаралармен танысты.

Биыл Наурызға орайластырылған бағдарламалардың басым бөлігі осы – ЭКСПО көрме кешенінің аумағындағы алаңда өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін этнокөрме ашылып, келушілерді Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша бала сынды ертегі кейіпкерлері қарсы алып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Елордалық театрлардың артистері көрермендерді ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптармен таныстырды, Қышшылар, зергерлер, киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қолдан жасалған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Киіз үй қалашығының аумағындағы сыйымдылығы 1000 литрлік тайқазан орнатылып, наурыз көже таратылды. Сонымен қатар ұлттық ойындар ойнатылып, жиналған қауымның назарына отандық жетекші артистердің қатысуымен мерекелік концерт ұсынылды. Халықтың көңілі көтеріліп, санаулы саған ішінде ЭКСПО алаңын шат-шадыман күйге бөледі. Мерекелік іс-шара 22 наурыз күні өз жалғасын табады.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»