Аймақтар • 26 Наурыз, 2018

Әз мереке Қазығұртта тойланды

443 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр аңыздың түбінде ақиқат бар. Әр аңыздың астарында ұлт пен ұлыстың рухани құндылығы мен тарихи танымы жатыр. Тари­хи аңыздарға қарағанда Нұқ пайғамбардың кемесі қа­сиет­ті Қазығұрт тауының басына қа­йырылған кез наурыз айы екен.

Әз мереке Қазығұртта тойланды

Кемеден шығып, алғаш рет көкке ұшқан құс нәурізек деседі. Жерге табан тіреген адамзаттың алғаш көрген өсімдігі қылтиып шыққан бәйшешек екен. Ұзақ жолдан арып-аршып, шаршап-шалдығып жеткен кемедегі бар азық-түліктен дайындалған тағам наурызкөже болыпты. Адамзаттың жаңа өмірінің бастауы Қазығұрт пен Табиғат ананың оянып, жаңарған кезі Наурыз мере­кесі бір-бірімен осылайша ұшта­сады. Бір аңыздарда бұл мекен­де Қорқыт пен Қыдыр ата­ның жүргені баяндалады. Қазы­ғұрт түркі халқының ат байла­ған Қазықжұрты болғаны, яғни кіндік мекені екендігі айтылады.

Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі Жансейіт Түймебаев Қазығұрт тауының баурайында ұйымдастырған «Наурыз Қа­зы­ғұрттан басталады» атты шара­сының түпкі идеясын жұртшы­лыққа осылай түсіндіріп берді. Әкімнің өзі тілге тиек еткендей, шараның басты мақсаты – той тойлау, көңіл көтеру емес, елді ынтымаққа ұйыстыру, Елба­сымыздың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасы аясында салт-дәстүрімізді жаңғырту, Оңтүс­тіктің киелі мекендерін таныту, туризмнің ордасына айналдыру.

Өңірдегі тарихи орындарды туристердің орталығына айнал­дыруды Жансейіт Түйме­баев қызметіне келе салысымен қолға алғаны белгілі. Қазы­ғұрт пен Ордабасыда үлкен туристік жобалардың қолға алынып жатқанын облыс басшы­сы бұған дейін де айтқан. «Нау­рыз Қазығұрттан басталады» шарасында жиылған қонақтар мен зиялы қауым өкілдері осы жобалардың нақты жүзеге асып жатқанына куә болды. Облыс әкімі Қазығұрттың баурайындағы Ақбура әулие кесенесінің қасында «Кемеқалған» туристік кешенінің іргетасын қалады. Көпшілікті осы жобамен таныс­тырды.

Жоба бойынша теңіз дең­гейі­­нен 1670 метр биікте жатқан, аңыз бойынша Нұқ пай­ғам­бар­дың кемесі қайырылған Кеме­қалғанға 3,1 шақырымдық қанат жолы мен 4 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы салын­бақ. Осы жерде ұзындығы 120 метрлік, ені 30 метрлік, биік­тігі 24 метрлік кеме тәрізді мону­мент-ғимарат бой кө­те­реді. Үш қабаттан тұратын ғима­рат­тың бірінші қабатында жан-жануарлар дүниесінің му­зейі, екінші қабатында қонақ үй бөл­­мелері, үшінші қабатында биік­­тен айналаның ғажап көрі­ні­сін тамашалайтын көру алаңы, тамақтану орны орналаса­ды. Кешеннің айналасында турис­тер­дің жағдайын жасайтын мейрам­ханалар, балалар ойын алаңшасы, басқа да нысандарды салу көзделуде.

«Наурыз Қазығұрттан бас­талады» іс-шарасы облыстағы 1500-ге жуық өнерпаздың қаты­суымен өтті. 40-тан астам киіз үй тігіліп, этноауыл және оған кіре­беріс жеріне арнайы қақпа орнатылып, алтыбақандар мен ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілетін арнайы шағын сахналар, ұлттық ойындарға арналған алаңшалар және қолөнер шеберлері мен ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шара өтетін үлкен сахна Нұқ пайғамбардың кемесі іспеттес безендіріліпті.

– Наурыз мерекесі – жара­ты­лыстың өз заңымен үйлескен, таби­ғатпен біте қайнасқан мереке. Бұл – Жаңа жылдың бас­тауы. Көктем – бүкіл тіршілік атау­лының жанданатын, жаңарып түлейтін кезең десек, осы бір шуақты мезгілдің бастауында тұрған әз-Наурыз күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулы қайта түлейтін тұс. Сонымен қатар Нау­рыз мерекесі бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгел­дей таң шапағын қарсы алудан – тазаланған арықтарға су жібе­ру­ден, ағаш отырғызып, гүл егу рә­сімін өткізуден баста­ла­тын бол­ған. Бұл мерекені қазақ­тар­дың «Ұлыстың ұлы күні» деп атай­тын­дарының сыры осы­дан болса керек. Міне, осының бәрін есепке ала отырып, Елба­сы­мыз­дың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында «Наурыз Қазығұрт­тан басталады» деген ау­қымды іс-ша­ра өткізіп отыр­мыз. Міне, биыл­ғы Наурыз мере­кесіне еліміз толағай табыстармен жетіп отыр. Алдағы жылы атқарылар жұмыстар да аз емес. Осының барлығы мемлекеттің халықтың әл-ауқатын жақсартуға барынша жағдай жасап жатқанын көрсетеді. Ендігі жерде біз де өз еліміздің өсіп-өркендеуіне үле­сімізді қосуымыз керек, – деді облыс басшысы.

Мерекеде Жансейіт Түйме­баев «Туған жерге тағзым» шара­­сына белсене қатысқан азамат­­тарды алтын, күміс, қола ме­­дальдармен марапаттады. Бұ­­дан кейін шара облыс өнерпаз­­дарының мерекелік бағдарла­­масымен, ұлттық спорт түрлеріне арналған жарыстарға жалғасты.

Айрықша театрландырылған қойылымдармен көмкерілген мерекеде Дихан баба шақырылып, қыс кетіп көктемнің келуіне орай гүлдің ішінен Көктем қыздың шығуы көрсетілді. Сондай-ақ 500-ге жуық көгершін көкке ұшырылды.

Ғалымжан Елшібай,

«Егемен Қазақстан»