Аймақтар • 26 Наурыз, 2018

Көкшетау сән-салтанатқа бөленді

423 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ырымшыл халықпыз ғой ақты молшылық пен тазалыққа теңейтін. Наурыз мейрамын тойлау қарсаңында Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында қар молынан жауды. Наурыз мейрамын тойлауға дайындық таң атпастан басталып кетуі де сондықтан. Қала көшелерін түні бойы жауған қардан аршу үшін барлық тазалау мекемелері жұмылдырылып, дер кезінде негізгі көшелер тазартылды. 

Көкшетау сән-салтанатқа бөленді

Осылайша басталған Наурызды тойлау өзінің сән-салтанатымен және әдемі безендірілуімен көпшіліктің көңілінен шықты десек артық айтқандық емес. Мерекелік шараны атап өту үшін Абылайхан алаңына 1500 адам келгендігін айта кету керек. Өйткені осы алаңға Ақмола облысының ірі кәсіпорындары мен ұйымдары киіз үйлерін тіккен болатын. Соның ішінде «Көкшетау минералды сулары» АҚ, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ, «AltуntauKokshetau» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Ақмола бөлімшесі және өзгелері де бар. Әрбір ақшаңқан киіз үйде мол дастарқан жайылып, келген қонақтарға дәм таттырып жатты. Ал шараның өзі «Тарих керуен» театрланған көрінісінен басталды. Бағдарламаның өзі тоғыз айшықты көріністен: «Рухани жаңғыру», «Тұмар», «Алтын адам» «Қыдыр ата», «Наурызкөже», «Көкше ақындары», «Қазақстан халқы Ассамблеясы», «Қазақстан жастары» және «Менің жүрегім – Астана». Қала тұрғындары мен қонақтары жиналған қауымның алдына шыққан Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин құттықтау сөз сөйледі.

 – Көне заманнан бері айшықты Наурыз мерекесі бейбітшілік пен өркендеудің, гүлдену мен молшылықтың мерекесі саналса, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жаңа тынысын алды. Біздің өңіріміз Наурызды үлкен жетістіктермен қарсы алып отыр, сондықтан да барлық ақмолалықтарға тынымсыз да жемісті жұмыстарыңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді, – деді өңір басшысы ағынан жарылып.

Артынан облыс басшысы тұсаукесер рәсіміне қатысып, Хайдар Шабановтың тұсауын кесті. Табиғаттың түлеп, жаңа жылдың басталуымен аяғын енді тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесу арқылы осылайша жаңа өмірдің басталғандығын білдірген рәсім мерекеге өзіндік мағынасын кіргізді. Киіз үйлер тігілген қалашықты аралап көрген Мәлік Мырзалин осында құрметті азаматтармен, еңбек ардагерлерімен «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы мен Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру, сондай-ақ төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында өңірімізді дамыту мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Ал «Наурыз – мереке!» концерттік бағдарламасы қазақстандық жұлдыз Әлішер Кәрімовтің, «Дежавю» тобының, «Қара гауһар» және Көкшетау қаласының өзге де шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өтті. Бұдан басқа, Тәуелсіздік алаңында ұлттық және спорттық іс-шаралар өткізілді. Осылайша Наурыз мейрамы өзінің сән-салтанатымен және ерекше тартымдылығымен қала тұрғындары мен қонақтарын тәнті етті.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы