Аймақтар • 26 Наурыз, 2018

Қостанайда мерекеге орай ат спорты ойындары өтті

1096 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл қостанайлықтар үшін Наурыз қызығының бірі ұлттық ат спорты ойындары болды. Бәйге де, қыз қуу да, көкпар да Қостанайдың іргесіндегі Заречное селосында осыдан бірер жыл бұрын салынған жаңа типті «Арғымақ» ипподромында өтті. Делебені қоздырған бәйгеге сәйгүлігін Қостанай өңірінен басқа, Ақмола облысы мен Ресейдің іргедегі аудандарынан, Башқұртстаннан әкеліп қосқандар болды. Құнан бәйге 3 шақырымға, аламан бәйге 7 шақырымға айдалды. 

Қостанайда мерекеге орай ат спорты ойындары өтті

– Құнан бәйгеге 11, аламан бәйгеге 26 ат қосылды. Көктемнің белгісі білініп қалғанымен, көбесі енді бұзылып жатқан аппақ қардың үстінде бәйге қосу, көкпар шабу атқа да, шабандозға да оңай емес. Бірақ көпшіліктің қызығы осы, жиналған жұртта есеп жоқ, – дейді ат спорты ойындарының төрешісі Надежда Вельман.

 Жасындай жарқылдап, тұяғы мұз ойып, қарды шаша боратқан тұлпарлар айналымды көзді ашып-жұмғанша шауып өтті. Жітіқара ауданының сәйгүліктері мәреге құйрық тістесе бірінен кейін бірі жетті. 3 шақырымды 3 минут 26 секундта шауып өткен Авинар атты сәйгүліктің шабандозы Ернұр Құтегенге 150 мың теңге сыйлық тапсырылды. Екінші, үшінші болып жеткен тұлпарлар шабандоздары да 100 мың және 50 мың теңге сыйлықтарын алды.

Жеті шақырымдық аламан бәйгеде Башқұртстаннан келген Юмор деген тұлпардың бағы жанды. Ол жеті шақырымды 8 минут 39 секундта шауып өтті. Оның шабандозы Рамиль Салаховқа 300 мың теңге тапсырылды. Жітіқара ауданының Торын деген сәйгүлігі башқұртстандық тұлпардан бір секунд қана кешікті. Таран ауданынан қатысқан Зирбина мәрені үшінші болып кесті.

Облыстық ішкі істер департаментінің «Динамо» және Қостанай ауданы коман­даларының арасында өткен көкпар тартысы мереке қызығына айналды. Ат спорты ойындарынан КСРО-ның 9 мәрте чемпионы атанған марқұм Ораз Сейдахметов Қостанайда іргесін қалаған көкпар ойыны оншақты жылдан бері даму үстінде. Соңғы жылдары облыстық ішкі істер департаментінің командасы жарыстарға үзбей қатысып жүр. Бұл жолы да серкешті салған динамошылардың күші де, ептілігі де басым болды. Қыз қуу қашанда ұлттық ат спортының сәні секілді. Көктемнің алтынкүрек самалы беттен өбіп, аппақ қардың үстінде құйындай шапқан үкілі қыз бен бөрікті жігіттің озғаны емес, жарасымы-ақ жұртты сүйсінтті. Аударыспақ жігіттің білек қаруы мен ептілігін бірдей сынады.

Қостанай облысында спорттың негізгі түрлерінен арнайы спорт мектептері бар. Бірақ ұлттық спорт түрлерін дамытуға осы уақытқа дейін аса көңіл бөлінбей келгені шындық еді. Биылғы Наурыз жанкүйерге де, спортшыға да сүйінші хабар ала келді. Облыста ұлттық спорт түрлерінің спорт мектебі ашылатын болды. Бюджеттен осы игі іске арнап 43 миллион теңге қаржы бөлу де қарастырылып қойды. Ұрпақ тәрбиесіне үлес қосатын ұлттық спорт түрлері Қостанайда да өркен жаятын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ