Ұлттық спорт • 26 Наурыз, 2018

«Бүркітші» емес «құсбегі» дейтін болды...

1478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық спорттың биылғы дүрмекті жарыстарын тағы да бүркітшілеріміз бастап кетті. Жуырда Оралда өткен бәсеке бүркітшілеріміздің ақпан айында ұйымдастырылған үшінші жарысы. Шығыс өңірде басталған бүркітшілер сайысы Жетісуда жалғасып, іле-шала құсбегілер Батыс Қазақстан облысына жол тартты. Нақтырақ айтқанда, ақпан айының алғашқы күндері Семей өңіріндегі Үржар ауданының Бестерек ауылында Астана қаласының 20 жылдығына орай ересектер арасындағы бүркітшілердің ХІІ республикалық чемпионаты өтті.

«Бүркітші» емес «құсбегі» дейтін болды...

Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығының ұйымдастыруымен, Үржар ауданы әкімдігінің қол­дауымен өткен биылғы жылдың елшілік бас жарысында 39 бүркітші бақ сынады.

Арада апта өткенде құс­бе­гі­леріміз Жетісуда бас қосты. Ал­маты қаласының ип­по­дро­мында «Руxани жаң­ғы­ру» бағ­дарламасы аясын­да «Қы­ран-2018» атты құсбе­гі­лердің рес­­публикалық тур­нир­інде Қазақ­­станның 10 аймағынан келген 60-қа жуық бүркітші үш күн бойы өзара «кім мықтыны» анықтады.

«Қансонар-2018» турнирі Батыс Қазақстан облысында тұң­ғыш рет ұйымдастырылды. Бұл өңірде алғаш өткізілген жа­рысқа Қазақстанның әр өңірі­нен – Атырау, Маңғыстау, Ақмо­ла, Алматы, Жамбыл, Көкше­тау, Қарағанды облыстары­нан, Астана мен Алматы қала­сы­­нан отыздан астам құсбегі қа­тыс­ты. Бір қызығы, іргеде өтіп жат­қан думаннан қалғысы келмей, Ресейдің көршілес Са­мара, Тольятти, Ульянов қала­ла­ры­нан қаршыға мен ителгі бап­тап жүрген құсбегілер де жолға шыққан екен. Қызыл кітапқа енген құстарын шекарадан өткізбей, тек өздері келуге мәжбүр болған. Шетелдік қо­нақтар Оралдағы құсбегілер сайы­сының ұйымдастырылуына, ел-жұрттың ықыласына ерекше қызығушылық танытты.

Еліміздің батыс өңір­ін­де бүркітшілеріміздің респуб­ли­калық сайыстарын ұйымдастыру өт­кен жылы бастау алған-ды. Дәл осындай жарыстар былтыр Маңғыстау мен Атырау об­лысында өтті. Биылғы шара Ба­тыс Қазақстан облысы басшы­лы­ғының қолдауымен өтті. Мұ­ны құсбегілік дәстүрдің еліміз­дің батыс өңірінде қайта жанда­нуы деп айтуға болады. Қазір­гі кез­де республикамызда жет­піс­тен астам құсбегі бар. Ата-ба­ба­­мыз­дан мұра болған дәстүрлі өнер жыл өткен сайын жандана түсуде.

Қатарынан үш ірі бәсекені өткізген құсбегілеріміз өткен сен­біде Бурабай кентінде респуб­ли­калық семинар-кеңес ұйым­дастырды. Еліміздегі бүркітшілік өнерді дамытуға күш салып жүр­ген бірнеше облыстағы ма­ман­дар мен халықаралық құсбе­гілер өкілдері қатысқан бұл семинар-кеңесте бүркітшілер жарысының бұрынғы бекітілген ере­жесіне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі Спорт және дене­шы­нық­­тыру істері комитеті мен Ұлт­тық спорт түрлері қауым­дас­тығының ұйымдастыруымен өткен аталмыш жиынның өзе­гі бүркітшілер жарысын өткі­зу ережесіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу болған. Негі­зінде, бүркітшілер жарысын өткі­зу ережесіне толықтырулар енгі­зу көптен көтеріліп келеді. Осы мәселе туралы өткен жылы Алматы қаласында да үл­кен жиын өткен. Биыл Бурабай­да ұйым­дастырылған аталмыш семи­нар-кеңесте сол бұрын айты­лып келген көп мәселенің шешімі талқыға түсіп, түйіні қо­йылғандай болды. Жиынға әлем­дік құсбегілер қауым­дас­тығының Азия елдері бойынша жетекшісі Бақыт Қарнақ­баев, Венгрия құсбегілер феде­ра­­циясының өкілі Шандор Дороги, Алматы қаласындағы «Қы­ран» федерациясының атқа­рушы директоры Бағдат Мүп­текеқызы, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Шынарбек Батырханов және оннан астам облыстан келген осы сала жаттықтырушылары қатысты. Көптеген жыл осы құсбегілік саласында тер төгіп келе жат­қан ардагер бүркітшілердің, тәжі­ри­белі мамандардың тарапынан ұсынылған ой-пікірлер еске­ріле келе, Бүркітшілер ереже­сіне мынадай өзгерістер енгізу ұйғарылды.

Жарыс үстінде құсбегілер бұрын бүркітті қолға шақыруды тек жаяу орындап келген. Бұдан былай бүркітті қолға шақыру тек ат үстінде атқарылады.

Бүркітті қолға шақыру бұ­ған дейін 200 метр болса, бұл қа­шық­тық енді 500 метрге ұзартылды.

Бүркітті тірі аңға салу бо­йынша да өзгеріс бар. Бұдан бы­лай­ғы жарыста бүркітті тек қоян мен түлкіге салады. Бүркіт­ті қас­қырға салу туралы бөлім алы­нып тасталды.

Дүниежүзілік құсбегілер өкіл­дері ұсынысымен бұдан бы­лайғы уақытта жарыс «Бүр­кіт­шілер жарысы» емес «Құсбегілер жарысы» болып аталатын болды.

Төлеген ЖӘКІТАЙ,

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметкері