Бағдарламалар • 26 Наурыз, 2018

Берекелі бес бастама

745 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздігін алып, азаттыққа қол жеткізгелі Елбасы­ның тарихи бастамаларының нәтижесінде дамыған елдердің көшіне ілесіп, ілгері басып келеді. Осынау жылдар ішінде Қазақстанның жеткен жетістігі, бағындырған биіктері дос сүйініп, дұшпан күйінердей. Мұның барлығы жүйелі саясат пен байыпты басқарудың арқасы екені анық.

Берекелі бес бастама

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Мемлекет басшысы «Қазақстан-2030» бағдарла­ма­сын ұсынды. Экономика дағ­дарысқа ұшырап, жоспарлы жүйе күйреп, нарықтық экономика әлі орныға алмай жатқан кезінде мұншалықты оптимистік бағдарламаға халықты сендіре білудің өзі қиынның қиыны еді.

Атақты Тәтіқара жыраудың Жәнібек Шақшақұлына майдан даласында дем беріп, «Алдың­нан су, артыңнан жау қысқанда, жігіт­тің жігіттігі осындайда» деп ке­летін толғауы бар-ды. Азуын айға біле­ген алып империяның күл-тал­қаны шығып, жарты құр­лық дағ­дарысқа ұшырап тұрған тұс­­та Елбасының да қалың елді сөзі­не сендіріп, ісімен дәлел кел­тіріп, тығырықтан алып шығуы «қай­рат­кердің қайраткері ғана» жүрегі дауалап, жігері жете­тін бастама еді.

Дәл сол кезеңде ТМД айма­ғын­да мұндай кешенді стратегия­лық құжат қабылдап, оны іске асыруға бел шешіп кірісіп кеткен елдер некен-саяқ еді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ескі кеңес кеңістігінде алғашқылардың бірі болып көрегендік танытып, өз елін ортақ идеяның төңірегінде жұдырықтай жұмылдыра білді. Сол кездегі скептиктердің сенім­с­іздігіне қарамастан бүгінде «Қазақстан-2030» бағдарламасы толығымен жүзеге асты. Бағдар­ламаның әр бабын парақтап қайта қарап шықсаңыз, ондағы мақсат, міндеттердің шынымен-ақ мер­зімінен бұрын орындалғанын көресіз.

Бүгінгі таңда еліміз аяққа нық тұрып, Елбасының сөзімен айтқанда «брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық». Ел болып, ес жиып, етек-жеңі­мізді жинаған кезеңде жаһандық сын-қатерлерге төтеп берер бір­неше маңызды стратегиялық бағ­дар­ламалар қабылданды. Шын­­дығын айту керек, Прези­денті­міздің жасаған әрбір қада­мын, көтерген бастамасын, қабыл­даған бағдарламасын, халыққа ар­наған Жолдауын үлкен, жүйе­лі шешімд­ерді талап ететін, маңыз­ды іс-әрекеттер деп есептеуге болады.

Осы тарихи құжаттардың бар­лығында да, халыққа жол­дан­ған жолдаулардың бәрінде де Елбасы әлеуметтік мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Бүгінгі күні Қазақстан – халық алдындағы өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап отырған бірегей мемлекет.

 Ал Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың наурыз айының басын­да жария етілген «Бес әлеу­мет­тік бастамасы» үлкен тарихи оқи­ға болды деп айтуға болады. Үн­деу жарияланғалы бері қо­ғамда жаңғырық тудырып, әртүр­лі деңгейде талқылаулар мен тал­дау, сараптамаларға арқау болуда.

Елбасының саяси-әлеуметтік саладағы шешімдеріне қашанда сеніммен қарайтын Қазақстан халқы бұл жолғы Үндеуді ерекше ықыласпен қабыл алды. Алпауыт елдер бірінен бірінің мықты екендігін дәлелдеумен әлек болып, соғыс қаруының қуаты мен көлемін арттырып жатқан за­ман­да халқының әлеуетін арт­­тыруға батыл қадам жасау ын­ты­мағы жарасқан біздің елдің ғана қолынан келіп отыр. Бұл мақ­танатын нәрсе ғой деп есептеймін.

Нарықтың заңдылығы үстем­дік құрған қазіргі заманда бұл мәселенің жүйесін қалыптастыру да біршама уақытты қажет етті. Осы уақытқа дейін Қазақстан нарығы бір ғана ипотекалық несиелендірудің неше алуан түрін сынап көрді. Бұлардың бірі несие берушіні қанағаттандыра алмаса, енді бірі несие алушы азаматтардың көңілінен шықпай жатты. Мемлекет тарапынан жекелеген әлеуметтік топтар үшін жеңіл­детілген несие түрлері мен бюджеттік баспана тұрғызу шара­лары да іске асырылып келді. Ал енді жаппай еліміздің тұр­ғындары үшін төмен пайызды ұзақмерзімді ипотека беру тұ­ң­ғ­ыш рет қолға алынғалы отыр. Елбасының бұл бастамасы, басқасын айтпағанда ТМД елдерінің аймағында теңдесі жоқ әлеуметтік қадам болмақ. Көршілес Ресейдің өзінде әле­у­меттік ипотекалардың ең төмен пайыздық мөлшерлемесі 11,5-13 пайызды, алғашқы жарна 30 пайызды құрайды екен. Ал Елбасының Үндеуінде ұсынылып отырған ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 7 пайызды құрайды. «7-20-25» үлгісіндегі бағдарламада бастапқы жарна мен несие мерзімі де қарапайым азаматтар үшін біршама қолайлы деңгейде белгіленді. Аталмыш бас­тама кейінгі жылдары дағ­дарыс­тың әсерімен біршама бә­сең­­деп қалған құрылыс са­ла­сы­на да серпін бермек. Ел­басы­ның сөзімен айтқанда «эко­­но­миканың, шағын және орта биз­нестің өрістеуіне жұмыс іс­тейді, жаңа жұмыс орындарын аша­ды». Ендігі мәселе жұрт болып жұмылып, Елбасының бастамаларын іске асыруға атсалысу.

Еліміздің азаматтары үшін аса өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – еңбекақы мәселесі. Елбасы өз Үндеуінде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салуды ұсынды. Нақтырақ айтқанда, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселен­ген көлемінен аз жалақы ала­тын­­д­арға салынатын жеке табыс салығын азайту арқы­лы олар­дың жүктемесін жеңіл­д­ету керек екені айтылды. Жасыра­тыны жоқ, төменгі жалақымен күн көріп жүрген азаматтардың басым бөлігі ауылда тұрады. Жыл бойы 3-4 ай ғана жұмыс істеп, қалған уақытта тапқанына тәубе деп жүргендер де ауыл тұр­ғындары. Олай болса, Мем­лекет басшысының бұл бастамасы тікелей ауыл азаматтарын қолдауға, олардың тұрмыс-тірші­лігін көтеруге бағытталған деп толық сеніммен айтуға болады.

Мұның несие алуға да қатысы бар, себебі шынайы табысын көрсете алған жұмыскердің ипо­текалық жүйеге енуге мүм­кін­шілігі бар. Яғни салық дең­гейінің төмендеуі табыстың артуына, тұрғындардың баспана мәселесін шешуіне оң мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ Елбасы әрі қарай Үкіметке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуді тапсырды. Бұл да әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған дамыған елдердің тәжірибесі.

Елдің ертеңіне салынатын ең маңызды инвестиция – білім және ғылым. Елбасының әрбір бастамасында білім беру саласына ерекше көңіл бөлінеді. Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі. Цифрлы технологиялар мен интернет жүйесі үстемдік құрған дәуірде озық біліммен қаруланған ел ғана бәсекеге қабілетті бола алары хақ.

«Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бо­йынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады» деп атап көрсетті Елбасы. Бұл – нақты сандармен негізделген жүйелі жоспар. Білім жолына қадам басқан мыңдаған жас түлектің кеудесіне үміт ұялатып, келешекке деген сенімін нығайтатын ұлттық масштабтағы бастама. Аталмыш бастаманың негізгі мақсаты – төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлау.

Үндеуде қосымша грант­тар­дың басым бөлігі инженерлер, ақпараттық технология, роботты техника, нанотехнология саласы мамандықтарына бөлінетіні баса айтылды. Өз кезегінде жоғары оқу орындары да аталмыш бағыттағы мамандықтар бойынша сапалы маман әзірлеп шығаруға тас-түйін дайын болу­ға міндетті. Индустрия 4.0 үде­рісінің көшіне ілесеміз десек, еліміздің оқу орындарындағы білім беру жүйесін үнемі дамытып, ғылым мен технологияның жетістіктерін игеруге икемді сапа деңгейіне жеткізуге тиіспіз.

Ең алдымен жоғары оқу орын­дарының оқу бағдарламасын мамандығына сай өндіріспен тығыз байланыста түзген дұрыс. Мәселен ауыл шаруашылығы мамандықтарының оқу бағдар­ламасын тиісті кафедралар мен факультеттер өз аймақтарын­дағы агроөнеркәсіп кешенінің ең­бек және техникалық шарттарына, талап-тілектеріне орай әзірлесе, бұл саладағы маман са­пасы мен еңбек өнімділігі ар­тар еді. Жоғары оқу орындарында мұндай мүмкіндік бар. Бұрынғыдай емес, олар оқу бағ­дарламасын әзірлеуде мей­лінше дербес. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарының дербестігін арттыру мәселесі бойынша заң жобасын Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы да талқылауда.

Бес әлеуметтік бастамада тех­никалық және ауыл шаруа­шы­лығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру қажеттігі айтылды. Қосымша бөлінетін 20 мың оқу грантының санына ғана емес, сол гранттар бойынша білім алып шығатын мамандардың сапасына да жіті көңіл бөлуге міндеттіміз. Сондай-ақ қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екенін ерекше атап өткен Елбасы Үкіметке 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салуды тапсырды. Бұл, әсіресе, білім қуып, ауылдан қалаға келген жастар үшін жақсы жаңалық. Бизнес пен мемлекеттің серіктестігі арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып, қазіргі таңда біздің елде де қанат жайып келе жатқан оңтайлы амал болып тұр. Осы арқылы студенттер қауымының жатаққана мәселесі шешімін тауып қана қоймайды, сонымен қатар бизнестің белгілі бір салалары да өркендеп, дамуға мүмкіндік алады.

Елбасы ұсынған төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Өзін өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін ең тиімді тетік бұл. Үкімет бұған дейін де кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тұрғындарға шағын несие берудің түрлі үлгілерін сәтті іске асырып келді. Ал енді бұл жолғы шағын несиенің көлемі 20 миллиардқа артпақшы. Игерілу деңгейіне қарай көлемі жыл са­йын өсіп, екі еселенбек. Шағын бизнеске құйылған мұншама қаржының макроэкономикалық әсері болары да хақ.

Елбасы бұл бастаманың негізінен ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.

Ауылдықтарды қуантып отырған үлкен жаңалықтардың бірі – «елді газбен қамтамасыз ету» мәселесі. Елбасы Үндеуді жариялағаннан кейін іле-шала Ресей телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның мұнай мен газдың ірі өндірушісі бола тұра, аймақтардың түгелдей газбен қамтамасыз етілмегенін айтып, бұл мәселенің Кеңестік кезеңде де жеткілікті деңгейде қолға алынбағанын атап өтті.

Енді міне елдің еркіндігі нығайып, экономикасы қуаттан­ған кезеңде осы олқылықтың орны толмақ. Бұл бастаманың игі­лігін ең алдымен газбен мүл­дем қамтылмаған орталық облыс­тардың тұрғындары көрмек. Қараөзек – Жезқазған – Қараған­ды – Теміртау – Астана бағытын­да тартылатын ма­гистралді газ құбыры аймақтардағы 2,5 млн халықты газбен қамтамасыз етіп, елдің тірлігін оңалтып, эколо­гия­ны жақсартады, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Газ құбыры Қарағанды облысының тер­ри­т­ориясының өзінде бірне­ше қалалар мен 120 елді мекенді газбен қамтамасыз етеді. Ал енді елордамыз Астанада әсіресе жылу беру мерзіміндегі ауаның ластану мәселесі газ құбыры тар­тылған соң түбегейлі шешімін табатыны айтпаса да түсінікті. Бір қуанарлығы газ магистралі Астанамен шектеліп қалмақ емес. Елбасы бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қорыта айтқанда, «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бастамасында» айтылған мәселелер – анық, алға қойылған міндеттер – айқын. Үндеуде қамтылған әр бастаманы ой елегінен өткізіп, көкірек көзімен көріп, түсіне білу үшін әлеуметтік немесе экономика саласының білгір маманы болу да қажет емес. Нақты сандармен негізделіп, керек десеңіз жүзеге асыру мерзімдері де көрсетілген іс-шаралардың жүйелі жоспары іспетті. Ендігі кезекте ел болып осы бастамалардың мәні мен маңызын қалың бұқараға түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндеттіміз.

Әли Бектаев,

Парламент Сенатының депутаты, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы