Қазақстан • 26 Наурыз, 2018

«Қызылорда-Жезқазған» пойызының тауқыметі көп

789 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газе­тінің халық көңілінен шыға­тын елдік мәселелерді үнемі көте­ріп, құзырлы органдар тарапынан оңтайлы шешім шы­ғарылуына ықпал етіп жүр­ге­ніне ризашылық білдіре оты­рып, ес білгелі осы басылымды оқып келе жатқан көне оқыр­ман­дардың бірі екенімді айтқым келеді. 

«Қызылорда-Жезқазған» пойызының тауқыметі көп

Газеттің үстіміздегі жылдың 16 ақпан күнгі нөмірінде жария­ланған «Темір жол тауқыметін тартып отыр» атты мақаласына байланысты қолыма қалам алуға тура келді. Өйткені мен де Арал қа­ласында тұрамын. Соңғы кездері өзімнің және кішкентай немеремнің науқастануына байланыс­ты Астана қаласына үш рет әрі-бері қатынауыма тура кел­ді. Әлі де болса күрделі ота жасатып жатқан немереме бірнеше рет барып-қайтуға тура келетін жайы бар. Сол сапар­ларда екі арадағы темір жол қатынасына байланыс­ты шешімін таппай отырған күр­меулі мәселелерді бастан ке­шіріп біраз қиыншылық көр­дім. Сондықтан темір жол қаты­насына айтылған сын-ес­кертпелер дұрыс. Ал менің айтарым, Қызылорда (бүкіл батыс беткейдегі деуге болады) жағынан төте әрі қысқа жол болып табылатын «Қызылорда – Жезқазған» пойызына байла­нысты жүру кестесі дұрыс шешілуге тиіс. Нақтыласам, Сек­сеуіл стансасынан шыққан пойыз Жезқазған стансасына барған соң 4 сағат аялдайды. Сосын әрі қарай «Жезқазған – Астана» пойызына отыруға тура келеді. Кері қайтар жолда да осыған ұқ­сас тауқымет. Астанадан келе­тін пойыз Жез­­­қазғанда енді 14 сағатқа жуық аялдайды, сосын барып Қы­зыл­ор­да пойызына оты­руға тура келеді. Пойыз күн­ара жү­­реді. Жезқазған вокзалын­да­ жолаушыларға жасалған жағ­дай сын көтермейді. Вок­­зал суық, қонақүй жоқ, кіш­кентай балалары бар аналар, мүгедектер үшін арнаулы бөлме қарастырылмаған. Сондай-ақ Арал теңізі, Абай сияқты халық көп мінетін стансаларда пойыз 5 минут қана тұрады. Сол себепті жұрт түсіп-мінуге де үлгермей жатады. Әсіресе, автожол қатынасы жарамсыз болғандықтан халқы көп Абай елді мекенінің адамдары қалаға баруы үшін пойызға көп мінеді, әр рейсте 50-70 адамға дейін отырып жатады. Абай вокзалында перрон салынбаған, адамдар биіктігі 1,5-2 метр вагон тамбурларынан әрең түсіп-мініп жатады.

Екі пойыз да «Марал Нұр» фир­­­масының жеке меншігінде. Осы мәселені қайта қарап, жо­лау­шылардың жағдайы үшін екі пойызды біріктіруге, немесе аял­дайтын уақытын қысқартып үш-төрт вагонды келесі пойызға тіркеп жіберіп отыруға болмас па? Бұл – қалың көпшіліктің тілегі.

Мақаладағы «Бұл пробле­маның нақты қашан шешілетіні белгісіз» деуі көпшілікті алаңда­тады. Сөз жоқ, Елбасымыздың қолдауымен Сексеуілден Жез­қазғанға дейінгі аралықта темір жол салынуы ел экономикасы үшін де, республиканың екі қиырындағы халық тасымалы үшін де маңызы зор. Десе де барды базарлап, қолдағы мүм­кіндікті халықтың көңілінен шығатындай етіп ұйымдастыра білген дұрыс шығар.

 

Үргенішбай ҚУАТОВ,

зейнеткер

Қызылорда облысы,

Арал ауданы,

Тоқабай ауылы