Әлем • 26 Наурыз, 2018

Кемерово қасіреті

588 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ресейдің Кемерово қаласындағы қайғылы оқиға туралы әлемдік БАҚ кешеден бері дүркін-дүркін хабар таратып жатыр. Соңғы тараған ресми ақпарат бойынша, «Зимняя вишня» сауда, ойын-сауық орталығындағы өрттен қаза тапқандардың саны 64 адамға жетті. Тағы 12 адам ауруханаға жеткізілсе, 10 адам із-түссіз жоғалып кеткендердің санатында.

Кемерово қасіреті

rg.ru

Кемерово облысының әкімшілік орталығы Кемерово қаласының қақ ортасында қоныс тепкен, ат шаптырым аумақты алып жатқан орталықта өрт 25 наурыз күні күндіз басталған болатын. «Зимняя вишня» – 14 дүкен, дәмхана, банктердің бөлімшелері, балалар орталығы, фитнес-орталық, кинотеатр, бассейн, ойын алаңы сынды ойын-сауық орталығында болатын нысандар орналасқан төрт қабатты ғимарат. Тергеу комитетінің хабарлауынша, өрт шыққан кезде орталықтың төтенше жағдайларға арналған қосалқы есіктері тарс жабық болғанға ұқсайды. Басқа да қауіпсіздік ережелері сақталмаған.  Орталық қызметкерлері тілсіз жаудың қоршауында қалған жандарды құтқаруға қауқары жетпей, өздері бас сауғалауға мәжбүр болған. Жалын шарпып, улы түтінге тұншығып беймезгіл өлім құшқан жандардың арасында балалардың көп екендігі туралы айтылады.  Қара жамылған Кемерово халқы жоғалып кеткен жандардың, ауруханаға жеткізілгендердің тілеуін тілеуде. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Н.Назарбаев та Ресей Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Жалпы, Кемерово қасіреті басқаларды да ойландыруға тиіс. Біздің еліміздегі сауда орталықтары, халық көп баратын басқа да нысандар төтенше жағдайларға қаншалықты дайын? Өрт қауіпсіздігі қаншалықты сақталған? Ресейдегі оқиғадан кейін осы тектес сауалдар еріксіз көкейге тіреледі.

Еліміздің ірі қалаларының барлығында жыл сайын сауда, ойын-сауық орталықтары бірінен кейін бірі ашылып жатады. Әсіресе, Алматы мен Астанада осындай нысандар көп шоғырланған. Ғаламтордағы тиісті тізімдемесін шолып көргенімізде, осы екі қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарының саны қырықтан асып түсетінін байқадық. Күн сайын, әсіресе демалыс күндері мұндай жерлерде адам аяғы басылмайды. Бейқам қыдырып жүрген мыңдаған адамның қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған? Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, еліміздегі сауда ойын-сауық орталықтарында қайғы оқиғаларды болдырмас үшін алдын-ала жоспарлы түрде тексеріс жүргізіледі. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин бұл туралы:

– Бізде мораторий халық көп баратын нысандарға қатысты емес. Сол себепті жоспарлы тексерістер тұрақты түрде жүргізіледі. Ереже бұзғандар анықталған жағдайда оларды жауапкершілікке тарту үшін сот органдарына береміз. Бұл жерде бизнестің жауапкершілігінің маңызы зор. Біз бизнесті тексеріс болатыны туралы алдын ала құлақтандыруға міндеттіміз.Олар болса тексерушілер келгенге дейін кейбір кемшіліктерді жоюға тырысады. Тексеруші кеткеннен кейін күзет фирмаларының қызметкерлерін азайту арқылы қаржы үнемдеу үшін эвакуациялық есіктерді жауып қоятындар бар,– дейді.

Парламенттегі Үкіметтіңсағатынан кейін журналистердің сауалына жауап берген Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко да осы туралы айтты.

– Халық көп баратын барлық нысандар өртке қарсы қауіпсіздік қадағаланатын нысандардың бірінші категориясына жатады. Ондай нысандар жыл сайын тексеріледі, біз ол тәртіпті жеті жыл бұрын енгізгенбіз. Менің ойымша, ІІМ Кемероводағы сияқты апатты жол бермеуге тырысады,– деді бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі.

В.Божконың сөзі ауқымы дәл Ресейдегідей болмағанымен, осыған ұқсас қайғылы оқиғалар Қазақстанда да болғанын есімізге түсірді.  Алысқа бармай-ақ, екі жыл бұрын Алматыдағы Almaty Towers бизнес орталығында болған өрт 6 адамның өмірін жалмағанын қалай ұмытарсың?! Онда да өрттен бас сауғалағандар жабық тұрған есіктен шыға алмай, тірідей өртеніп кеткен болатын. Демек, В.Божконың Төтенше жағдайлар министрі болып тұрған кезде 7 жыл бұрын енгізген тәртібі Almaty Towers-те сақталмағаны ғой. Басқа нысандарда ше?! Осыған ұқсас басқа да мысалдарды келтіруге болар еді. Бірақ мәселе бұрын болған трагедияларды тізбелеу емес, соның қайталанбауын қадағалауда болып тұр.

Кемерово қасіретінде қаза болғандар туралы алғашқы деректер жарияланып жатыр. Қаралы тізімге көз салсақ, опат болғандардың жартысына жуығы кішкентай балалар екен. Бейкүнә періштелер – қаржы үнемдеу үшін қосалқы есікті бекітіп тастау, басқа да қауіпсіздік ережелерін сақтамау сынды ашкөздіктің, салдыр-салақтықтың құрбаны. «Апат айтып келмейді» деген әлмисақтан белгілі аксиоманы алға тартқаннан гөрі, болашақта оның алдын алудың, адамдардың қауіпсіздігін сақтаудың қамы жасалғаны жөн.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар