Қазақстан • 27 Наурыз, 2018

Ақтөбеде 43 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында арнайы бағдарлама аясында 43 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Осы арада айта кетерлік мәселе өзін-өзі жұмыспен қамтыған өңір тұрғындары да Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарламадан тыс қалмайды. 

Ақтөбеде 43 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады

Облыста аталған бағ­дар­ламаны жүзеге асыру үшін биылға 6,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 миллиард теңгеге артық. Әрине мұның өзі қанағат тұтуға тұратындай әрі қолға алынған істі аяғына дейін жеткізуге болатындай сома. Сондықтан да қазіргі кезде ілкімді істің басы-қасындағылар бөлінген қаражатты уақытында игеруді әрі оны тиімді түрде жұмсауды басты мақсат еткен. Осы орайда өңірде жұмыссыздықты 4,8 пайыздық көрсеткіштен жоғарылатпау керектігі басты назарға алынған.

Бүгінгі күні бағдарламаның жүзеге асу барысы жөнінде не деуге болады? Бұған дейінгі тал­дау­лар дәл қазіргі кезде бұл мәсе­леде айта қаларлықтай қызу қарқын туғызыла қоймағанын көрсетеді. Бірінші наурыздағы дерекке қарағанда, жылдық іс-жоспардың 10,3 пайы­зы ғана орындалған. Әрине тапсырманы орындап үлгеруге уақыт бар. Егер алдағы уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтуды белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алмай жүрген азаматтарға көрсетілетін қолдау деңгейі одан әрі көтерілсе, бұл жағдай негізгі көрсеткіштің өсуіне де септігін тигізе алатыны айқын. Дәл осындай түйінді мүлдем жұмыссыз жүргендер мен тұрмысы төмен тұрғындарға қатысты да айтуға әбден болады.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­мет­тік бағдарламалар басқармасының бас­шысы Қайрат Отаровтың айтуын­ша, аталған бағдарлама шеңберінде биыл 1000-нан астам адам тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамтылмақ. Бұл бағытта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқытуға басымдық берілуде. Оны реттеу үшін аймақта дуалды оқы­ту­дың қысқа мерзімді курстары ұйым­дастырылған. Бұған 2300-ге жуық адам тартылмақ. Әрине бұл арада басты мақсат тек сертификат табыс­тау емес, аталған курстарды аяқтаған соң азаматтардың тұрақты қыз­метке орналасуы болмақ. Өт­кен жылы мұндай курстардан өткен тұрғындардың 93 пайызы жұ­мыс­қа кіргенін ескерсек, мұны төмен көрсеткіш дей алмаймыз.

Тұрғындарды жұмыспен қамту жөніндегі іс-қимыл жоспарының биылғы тағы бір ерекшелігі об­лыстағы барлық ауданның тұр­ғын­дарын кәсіпкерлік бастау­лары мен негіздеріне баулу мен дағ­ды­ландыру болып отыр. Осы­ған орай «Бастау Бизнес» деп аталған арнайы курстар ашыл­ған. Өткен жылы оның қамту деңгейі 6 ауданнан аспаса, биыл бұл көрсеткіш аудандар бойын­ша жүз пайызға жеткізілуі тиіс. Осы арқылы облыстың шал­ғай өңірлерінде орналасқан тұрғын­дар кәсіпкерліктің қыр-сыры­на қанығып, қаржылық сауат­ты­лықтың алғашқы әліппесін бойларына сіңірмек. Олардың басым бөлігі шағын несиелермен қамтуға арналған курстарда оқиды деп күтілуде. Бұл бағдарламаның тұр­ғындарға тигізетін тағы бір ша­пағаты ретінде шағын бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту үшін арнайы гранттар бөлінетіндігін айтуға болады. Мұның өзі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын несие беруді көбейту жөніндегі төртінші бастамасымен үндесе алатын игі қадам.

Әрине бұл мысалға қарап өңір­де шағын несие беруді көбейту ісі түбегейлі шешімін тауып үлгерген екен деп түйін жасауға болмайды. Бұл бағыттағы жұмыстарды ал­дағы уақытта бұған дейінгі кез­дегіден де белсендірек жүргізуі ке­рек­тігі ешқандай талас туғыз­бай­­ды. Соның бір тармағы шағын биз­­несті дамытуға гранттар бө­ле­тін даму институттарымен әріп­тес­тік бай­ланыстарды одан әрі терең­детуде жатыр.

Тағы бір айта кетерлік мәселе өткен жылы облыста шағын несие­лер үшін 2,5 миллиард теңге жұм­салған болса, биыл Мемлекет бас­шысының бастамасына байланысты оның мөлшерін өсіру көз­делген. Сондай-ақ қазіргі уақытта облыста экономикалық белсенді халықтың 31 пайызы шағын және орта бизнеспен айналысып жүр. Бү­гінгі күні облыста жұмыспен қам­туға ықпал ету жөніндегі іс-ша­ра­лар кешені етек-жеңін жина­қ­тап келеді. Сөз жоқ, бұл игі қадам, ілкімді іс.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы