Қазақстан • 27 Наурыз, 2018

Біржан Қанешев: Қазақстан инвестиция тартуда Орталық Азияның лидері ретінде мойындалған

504 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан инвестиция тарту ісінде Орталық Азияның лидері ретінде мойындалған мемлекет. Аймаққа салынған инвестицияның 70 пайызға жуығы біздің елдің үлесінде екендігі осының айқын дәлелі деуге болады. 

Біржан Қанешев: Қазақстан инвестиция тартуда Орталық Азияның лидері ретінде мойындалған

Өткен жылы елімізде инвестициялық климатты жақсарту мақсатында 2018-2022 жылдарға арналған ұлттық ин­вес­тициялық стратегия қабылданған болатын. «Kazakh Invest» ұлттық компания­сы басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешевтің айтуынша, аталған стра­тегияның аясында елімізге 118 млрд АҚШ доллары шамасында тікелей шетелдік инвестиция тарту, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 26 млрд-тан астам инвестиция құю көзделген.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы Қазақстан Үкіметі атынан шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізетін жалғыз компания болып белгіленген. Дамыған шетелдік және өңірлік өкілдіктер желісінің көмегімен компания инвесторларға құжаттарды ресімдеуге, жергілікті және орталық атқарушы органдармен «бір терезе» прин­ципі бойынша жұмыс істеуге, бюро­кратияға жол бермеуге өңірлік, респуб­ликалық және халықаралық деңгейде қолдау көрсетеді, – деді Біржан Қанешев «Еге­мен Қазақстан» газетіне берген сұх­батында.

Биылғы жылдың маусым айында Invest.gov.kz сайтында инвесторлармен жұмыс істейтін CRM ақпараттық-мони­торингілеу жүйесін іске қосу жоспарла­нып отыр. Аталған жүйе процестерді барынша оңтайландыруға және инвесторлармен өзара жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сол арқылы жергілікті кәсіп­кер­лерге де, мемлекеттік органдарға да, шетелдік инвесторларға да қажетті ақпа­ратты алуға және жұмысты жеделдетуге жол ашатын болады.

Биыл әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп 5 млрд АҚШ дол­ларға жуық 52 жобаның құрылысын бас­тау жос­парлануда.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақ­стан инвестиция тартуға әлеуеті жоға­ры ел болып саналады. Елімізде жұмыс істейтін инвесторлар бірінші кезек­те біздегі экономикалық, саяси және әлеу­меттік тұрақтылықты жоғары бағалайды. Бұл жерде халықтың білім деңгейі, мем­лекеттік биліктің инвесторлармен және бизнесмендермен жұмыс істеуге әзірлігі де өте маңызды.

– Бүгінгі таңда инвестор тарту үшін Deloitte компаниясымен бірлесіп 50 ірі жоба дайындалды. Инвестициялық ұсы­ныстар халықаралық стандарттарға сай келеді. Ағымдағы жылы «Үлкен төрт­тік­тен» халықаралық деңгейдегі консультанттарды қатыстыра отырып, басқа да жаңа жобаларды әзірлейміз, – деді Біржан Қанешев.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанның географиялық жағынан орналасуы да шетелден тікелей инвестиция тартуға өте ыңғайлы. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында қоныс тепкен, Азия-Тынық мұхиты портын Таяу Шығыспен және Орта Шығыспен, Еуропамен жал­ғас­тыратын негізгі трансұлттық маршруттар Қазақстан территориясы арқылы өтеді. Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасында да маңызды рөліміз бар. Қы­таймен шекарадағы Қор­ғас құрлық порты, Каспий жағалау­ындағы Ақтау теңіз порты, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жол дәлізі сынды ірі инфра­құ­рылымдық жобалар да еліміздің инвес­тициялық тартымдылығын арттыра түскені сөзсіз.

Басым бағыттар белгіленген

Бүгінгі таңда экономиканың инвес­торларды тартуға басымдық берілген секторлары мен салалары айқындалған. Азық-түлік өнеркәсібі, мұнай-газ жә­не басқа да қазба байлықтарды терең­де­­­тіп өңдеу, машина жасау сынды сала­­­ларға басымдық беріліп отыр. Ақ­­-
па­­­рат­тық-коммуникациялық тех­но­ло­­гиялар, туризм және қаржы сек­тор­­лары да болашақта осы қатарды то­лық­тыруға тиіс.

– Әрине, егер ертең инвесторлар фар­ма­цевтикалық зауыт немесе тігін фаб­рикасын салуға ниет білдірсе, оған біз қар­сы болмаймыз. Керісінше, басымдық берілген секторларға көр­сетілетін қолдау оған да көрсетіледі. Дегенмен инвес­тор­ларды іздеу мен жо­ба­ларды әзірлеу кезін­де басым бағыт­тарға көбірек көңіл бөлі­неді, – дейді Б.Қанешев.

«Kazakh Invest» компаниясының жо­балар портфелінде қазіргі таңда жалпы көлемі 20 млрд АҚШ долларын құ­рай­тын, басым салаларды қамтитын 50 дайын жо­ба бар. Бұл тізімді компанияның рес­ми сайтынан көруге болады. 2018 жы­лы оны тағы 100 жобамен толықтыру жос­пар­ланған.

Біздің компания шетелдік белсенді инвесторлардың жұмысын саралай келе, дүние жүзіндегі барлық инвестицияның жартысынан астамын салатын 11 мем­ле­кетті анықтаған.

Шетелдік инвесторлар жергілікті бизнеске кері әсер етеді деген пікірлер айтылатыны жасырын емес. Алайда «Kazakh Invest» компаниясы бірінші кезекте жер­гілікті бизнес үшін жұмыс істейді. Кез келген шетелдік инвестор ешқандай әріп­тессіз, «тап-таза алаңда» жұмыс істеуге мүдделі болмайды. Керісінше жергілікті бизнеспен ынтымақтастық орнатудың маңызы зор. Сол себепті «Kazakh Invest» еліміздің әр өңіріндегі кәсіпорындардың тізімін жасап, оларды қаржыландыру, жаңа технологиялармен қамту үшін инвесторларды бірлесіп іздейді.

Мысалы, Еуропаның аса ірі ком­па­нияларының бірі – «Polpharmа» «Хим­фарм» АҚ-ның үлесін сатып алып, акцио­нерлік қоғамға 100 млн АҚШ дол­лары көлемінде инвестиция құйды. Нәти­же­сінде 3 бірдей зауыт іске қосылды. Қазір зауыттың өнімдері шет мемлекеттерге экспортталады. Осы жобаның арқасында жер­гілікті бизнеске жоғары білікті маман­дар, озық технологиялар тартылды, қара­жат салынды.

– Біз үшін инвестор – өзінің бизнес идеясы бар, оны өз қаржысын бөлу ар­қылы жүзеге асыратын болашақ бизнес әріптесіміз. Бұл екі тарап үшін де тиім­ді, инвестор – межеленген табы­сына қол жеткізеді, біз – инвести­ция көле­мін ұлғайтамыз, халықты жұмыс­пен қам­тимыз, мамандарымыздың білік­тілігін арт­тырамыз. Оған қоса, экспорт және қыз­мет көрсету салаларының көле­мін кеңейтеміз, елімізге шетелдік әріп­тестер­дің сенімі нығая түседі, яғни басқа да ин­весторларды тарту мүмкіндігі артады. Экономикамызға салынған инвестиция еліміздің даму деңгейіне ықпал етеді десем артық емес, – дейді Б.Қанешев.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы шетелдік инвесторларды еліміздің инвестициялық әлеуетіне сендіру жолында барынша күш-жігерін жұмсап, жоғары кәсіби біліктіліктерін көрсететін болады.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше